Жаңалықтар

Мұзбалақ ақынның кеші өтті

9 ақпан – қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Осыған орай Достық үйінің кітапханасында қазақ поэзиясының мұзбалағы атанған ақынның шығармашылығына арналған «Үш бақыт»  атты әдеби-сазды кеш өтті.

Әдеби кеште  қала, аудандардан келген оқушылар, студенттер, этномәдени бірлестіктердің жастары бас қосты. Поэзия кешіне келген қонақтар алдымен Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасы ұйымдастырған кітап көрмесін тамашалап, кейін поэзия әлеміне    бойлап, әсерлі сезімге бөленді. Кешке қатысушылардың қатарында    Қазақстан халқы Ассамблеясының  “Мың бала” республикалық жобасында жеңімпаз атанған Виктор Каверин және Лида Арешина да бар. Өнерлі өрендер ақынның “Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!”, “Үш бақытым” атты  сырлы өлеңдерін  тыңдармандар жүрегіне жеткізе, мәнерлеп оқып берді. Сондай-ақ,  Бұқар жырау ауданы Доскей ауылының  Ахмет Байтұрсынов атындағы мектептен келген ұстаз Толқын Маратқызының шәкірттері – Евич Ксения, Мандрик Данил, Серикбаева Карина, Уали Малика, Дюсембеков Влад және Битанатова Суламита ақын өлеңдерінен үзінді оқып, көпшілікті тәнті қылды.

Ал облыстық Аналар кеңесінің құрметті мүшесі Төлеуханова Күліш, республикалық конкурстардың лауреаты Бимендин Өзібек  ақиық ақынның сөзіне жазылған лирикалық  әндерді  тарту етті. Мұзбалақ ақынның өлеңдері мен әндері арқылы жастарды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелеу, поэзия әлемінің сырын ашу мақсатында ұйымдастырылған шарада басқа да талантты жастар өнерлерін көрсете алды.

Кеш қонақтары  М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылық еңбегімен жете таныса отырып,  сол арқылы рухани танымын кеңейтті. Бұл әдеби кеш –  жас ұрпақтың ақын шығармашылығынан шабыт алып, өміршең өлеңдерімен сусындап өсе беретінінің дәлелі. Ақынның 45 жылдық қысқа ғұмырында артынан қалдырған маржан поэзиясы –  құндылығын жоймайтын рухани мұра екені сөзсіз.

Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button