Мұз құрсанған Қарағанды
Қарағанды қаңтарды мұз құрсанып өткізді. Жаяудың қарға адым жер жүруі мұңға айналған күндер еді бұл. Ақпан келе сала жайбарақат күйге ендік деп тағы айтпаймыз. Қалалық әкімдік «мұз аршудан мұрын сіңбіруге уақыт таппай жүрміз» деп есеп берсе де, әлеуметтің сенгісі жоқ. Әлеуметтік желіні гулетіп тұр. Ғаламтор тетігін түртіп қалсаңыз, көше-көшедегі тайғақты тайға таңба басқандай көрсеткен сурет тасқынының. тиегі ағытылып береді…
Қала әкімі қызметіне таяуда кіріскен Мейрам Кожухов әлеуметтік желіде белсенді. Базбір шенеуніктер сияқты бұқпалап, сай-саланы сағалап қашып-пыспайды. Жиі-жиі жазбалар жариялап, қайда жүргенін жасырмайды. Жұртпен жақын сөйлесуге тырысып жүреді. Қар тасу, мұз оюға қатысты жұмыстары жайлы да ара-тұра айтып қояды.
Мәселен, жақында Мейрам Мұратұлы өзінің «Instagram-дағы» парақшасында саябақтар басқармасы арқылы ірі техника кіре алмайтын жерлерді тазалауға арналған кішігірім тракторларды сатып алуға кіріскенін айтты. Әзірге, төртеуі келіп үлгерген. Олардың қар күрейтін щеткасы да бар. Құм да себеді. Сондай-ақ, әкім көп ұзамай осы типті 16 шағын және 20 орташа габаритті тракторлар келетінін мәлімдеді.
Әрине, аталған техника қоғамдық орындарды тазалауға жұмылдырылатыны анық. Ал, қарағандылықтардың күнделікті әңгімесінің тақырыбына айналған аулалардағы жал-жал мұз бен тау-тау қарды қайтпекпіз?!
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға сүйенген қалалық әкімдіктің мәліметінше, бұл шаруа – толығымен тұрғындардың өз жауапкершілігінде. Ол үшін тұрғындар өзара жиын өткізіп, үйді басқару, күту формасын таңдауы тиіс. Мәселен, мүлік иелері бірлестігі немесе қарапайым серіктестік құруы қажет. Сол хаттамада мұздан аршу, құм себу міндеттемелері туралы пунктер көрсетілгені шарт. Егер, бұл пункттер көрсетілмесе, хаттаманы қайта жасақтауға болады. Әйтпесе, сіздің үйдің ауласына ешкім күрегін көтеріп келмейтін болып тұр.
Қазір қала көшелерінде қызу жұмыс жүріп жатыр.
– Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда күндізгі ауысымда 85 жұмысшы және 74 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Соңғы он күн ішінде аудан аумағынан 31 мың текше метрден артық қар шығарылды. Сонымен қатар, 175 тонна құм-тұз қоспасы себілді, – дейді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсел Сәдуақасова.
Қазыбек би атындағы аудан жұмысы да қарқынды. Әкімдік өкілінің айтуынша, соңғы он күнде 548 тонна құм-тұз қоспасы себіліп, 80 541 мың текше метр қар шығарылған. Күн сайын қала көшелеріне 145 техника мен 139 жұмыс күші жұмылдырып отыр.
Дегенмен, қала әкімдігінің ақпаратына кейбір жандардың сенгісі жоқ. Мәселен, Сатыбалдин көшесінің тұрғыны Ернар Ш. аталған көшедегі тротуармен жүру мүмкін емесін айтады.
– Тротуар үсті – айнадай көк мұз. Құм сеуіп, сүймен ұстап жүрген бір жұмысшыны көрген жоқпын. Көшеде бірнеше мектеп қатар-қатар орын тепкен. Балалар көп жүреді. Оларды алып кетуге қариялар барады көбінесе. Айдың күні аманда біреу майып бола ма деп қорқамыз, – дейді ол.
Әрине, Конституцияда айтылғандай, басты байлығымыз – адам. Сондықтан, адамның амандығы әркімді де ойландыруы тиіс. Әкімдікті де. Облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ұсынған дерекке сенсек, қаңтарда 4574 адам көшеде құлағандағы жарақатымен дәрігер көмегіне жүгініпті…
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.