Мұз айдынындағы салтанат
Қарағандылық «Сарыарқа» хоккей клубы Қазақстан чемпионаты аясында павлодарлық «Ертіспен» екі рет кездесті. Біріншісі 19 қарашада өтті. Бұл ойында жерлестеріміз жанкүйерлеріне «шайбадан жаңбыр жаудырды». Қарсылас қақпасына 11 шайба тоғытты. Есеп 11:0 болды. Ал, екінші ойын 6:3 есебімен аяқталды. Сөйтіп, қарағандылық ұжым қарсыластарға өздерінің бабын көрсетті.
Бірінші ойында «Сарыарқа» қақпасын жаттықтырушылар штабы Дмитрий Пахоленкоға сеніп тапсырды. Қонақтар бірден кірісті. Алғашқы минуттарда «Сарыарқа» қорғаушысы Дмитрий Стулов «Ертіс» қақпасына шайба тоғытып, есепті ашты. Қарағандылықтар, сөйтіп, бірінші кезеңде басымдық танытты. Павлодарлықтар қорғаныста ойнады. Үзіліске 5 минут қалғанда Руслан Демин есепті еселеді. Александр Пелевиннің ауысуынан кейін қарағандылық ұжымның үздік мергендерінің бірі Глеб Зайцев есепті 3:0-ге жеткізді.
Барлық статистикалық көрсеткіштер бойынша қарағандылықтар өз қарсыластарынан асып түсті. Евгений Королинский де гол авторы атанды. Алаң қожайындарды өткір шабуыл жасай алмады. Қонақтардың қорғанысы мен қысымын бұзып шығудың амалын таба алмады. Қарағандылықтар ойын барысында түрлі тактика қолданып, қарсыласты әбден тығырыққа тіреді. Осындай сәттердің бірінде Глеб Зайцев тағы да шайба соғып, үздік ойынымен ерекшеленді. Алтыншы голды Тимур Шингареев соқты. «Шайба жаңбырын» тоқтату үшін «Ертіс» бапкері қақпашыны ауыстырды. Бірақ, жерлестеріміз қарқынды бәсеңдеткен жоқ.
Қорытынды кезең де қызыққа толы болды. Қарағандылық қырандар «Ертіс» қақпасына 5 шайба салды. Глеб Зайцев – покер авторы. Ал, Артем Валеев пен Тимур Шингареев бір-бір дубльден жасады. Ойын қорытындысы бойынша таблодағы есеп 11:0 болды. «Сарыарқа» қақпашысы Дмитрий Пахоленко Қазақстан чемпионатының дебютанды екенін атап өткен жөн. Дебютант үшін жақсы көрсеткіш секілді.
Екінші матчта да «Ертістің» еңсесі көтерілмеді. Жеңістің иісін алған Қарағандының қырандары бірден қарсылас қақпасына лап берді. Бірінші матчта жеңіліс тапқаннан кейін қарсылас қорғаныста сауатты ойнай бастады. Шабуылдарын да көбейтті. Бірақ, Дмитрий Пахоленко сенімді ойнады. Қорғана жүріп, қарымта шабуылға көшкен «Сарыарқа» сапындағы Александр Коннов екінші ойынның есебін ашты.
Екінші кезеңде «Сарыарқа» шабуылшылары Тимур Шингареев, Артем Валеев, Глеб Зайцев шын шеберлер ғана соғатын ерекше голдарымен көзге түсті.
Үшінші кезеңде де қарағандылықтар мұз үстінде салтанат құрды. Бейне бір жаттығу жасап жүргендей әсер қалдырды. Қорытынды есеп 6:3.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz