Бас тақырып

Мәслихат үшін халық сенімі маңызды

Өткен жылғы конституциялық реформа аясында мәслихатты жасақтау тәртібі өзгеріп, олардың өкілеттігі кеңейгенін білеміз. Бүгінде олар қарастыратын мәселелер ауқымы да кеңейіп, бақылаушы органға айналған. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та мәслихат өкілдеріне жеңіл популизмнің жетегінде кетпей, жергілікті тұрғындардың мүддесін қорғауды, күнделікті қажырлы жұмысқа көшуді, бұл ретте кәсібилік пен жауапкершілік танытуды айтты. Аталған кеңеске облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Қобжанов та қатысып, «Мәслихаттар – жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буыны» тақырыбында баяндама оқыды. Онда аймақтың жай-күйіне жауапты өкілдік органның атқарып отырған жұмысы, облыстағы жергілікті өзін-өзі басқару ахуалынан ақпарат берілді.

Нұркен Сайфиддинұлы алдымен өткен сайлаудың мәніне тоқталды. Себебі, азаматтар атқарушы биліктің кез келген шешіміне қатысып, оған ықпал ету мүмкіндігіне ие болды.

Одан бөлек, саяси жүйедегі оң өзгерістер облыстық мәслихаттарды партиялық тізіммен және бір мандатты округтер бойынша партиялық негізде қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінде облыстық мәслихат құрамында алты саяси партияның өкілдері бар екеніне де тоқталды төраға.

– Мәслихаттардың жаңартылған үлгісі жасалды. Алты саяси партияның, атап айтқанда, AMANAT, «Ауыл» Халықтық демократиялық патриоттық партиясы, «Байтақ» жасылдар партиясы, Қазақстан халық партиясы және Respubliсa партиясының өкілдері бар. Одан бөлек, облыстық мәслихат депутаттарының құрамына өзін-өзі ұсынған он сегіз депутат кіретінін де айту керек, – деді Нұркен Қобжанов.

Төрағаның айтуынша, мәслихат құрамының жартысынан көбі – қалың халықтың мүддесін білдіретін жаңа тұлғалар. Бұл өз кезегінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруда айрықша маңызды болмақ.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та азаматтармен тығыз қарым-қатынас орнатудың маңызды екенін де дәл осы кеңесте қадап айтты. Демек, аталған істе мәслихаттың атқарар ролі маңызды болмақ.

Нұркен Қобжанов көтерген келесі мәселе – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі. Ол мәслихаттар барлық саяси реформалардың тікелей қатысушысы бола отырып, жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналып отырғандығын ерекше атады. Оны дамыту үшін облыста институционалдық және экономикалық негіздерін нығайтуға бағытталған шаралар кешені жүзеге асырылуда. 

– Қазірдің өзінде ауыл әкімдерінің үштен-екісін облыс тұрғындары сайлады. Одан бөлек, жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері құрылып, тоқсан сайын әкімдердің халықпен кездесулері өтеді. Мысалы, биыл жаңа форматта осындай 345 кездесу өтті, – дейді Нұркен Сайфиддинұлы.

Кеңесте оқылған баяндамадан белгілі болғандай, қазір облыстың барлық ауылдық округтерінде жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті енгізіліп, оның салықтық әлеуеті нығайтылған. Сондай-ақ, меншікті қаржылық ресурстарға, мүліктік және басқа да ресурстық мүмкіндіктерге иелік ету және оларға билік ету мәселелері бойынша өкілеттіктері кеңейген.

«Мемлекеттік басқару жүйесін орталықсыздандыру саяси реформаның заңды жалғасы болады» деген төраға дербестікті және жергілікті жерлерде мәселелерді жедел шешу мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құзыреті болуы тиіс деген пікірімен де бөлісті. Оның айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сол аумақта күші бар құқықтық актілерді қабылдау бойынша өкілеттіктер беру мәселесі өзекті болып отыр.

– Мәслихаттар жергілікті өзінөзі басқару органдарының өзара іс-қимылының белсенді алаңына айналады және жергілікті мәселелерді шешуде Сіздің алдымызға қойған стратегиялық міндеттеріңізге қол жеткізуге барынша қолдау көрсетеді, – деп аяқтады
сөзін Нұркен Қобжанов.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button