Мұрты шыққан кәсіпорынды сақалы ағарғанша бюджет бақпайды
2014 жылы жекешелендірудің екінші толқыны басталарын естігенде, ел елең еткен. Өйткені, кезінде тоқсаныншы жылдардағы жекешелендіруден жеген таяқ еттен өтіп, сүйекке де жеткентін. Бұқара тоқсанның тұсында тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткен халық шаруашылығының тоқырағанына куә болғандықтан сөйткен. Жасыратын несі бар, жекешелендірудегі екінші толқын жұрттың шекесін шылқыта қоярына күмәнмен қараған. Бірақ, «бұл ән, бұрынғыдан өзгеше» шықты. Дәлірегінде, бұрынғыдай бармақ бастыға жол берілген жоқ секілді. Үкіметтің қаулысымен қатталған құжат солай дейді. Атап айтқанда, Үкіметтің жекешелендіру нысандарын сату қағидасына электронды коммерциялық тендер және конкурс өткізу бөлігіне өзгерістер енгізуге бағытталған қаулысы арқылы жекешелендірудегі мемлекеттік нысандар тек қана электронды сауда-саттық арқылы саудалануда. Бұған қоса, жеке меншікке өткен нысандар 5 жыл мемлекет бақылауында. Яғни, сату-сатып алу келісімшартында инвестициялық бағдарламаны іске асыру, қызмет бейінін, жұмыс орындарын сақтау, өндіріс көлемінің нақты деңгейін, шығарылатын өнім немесе көрсетілетін қызметтің номенклатурасын қамтамасыз ету сынды шарттар қарастырылды. Міндеттемелер орындалмаса, онда шарт жойылып, мүлік бастапқы иесіне кері қайтарылатыны айқындалған. Соған қарағанда, осы жолғы жекешелендіру баяғыдай «жалпақшешейліктен» адалау. Баяғыдай балабақшаны сатып алып, базар жасауға, кәсіпорынды алып, отын қылуға хақы жоқ.
Аукционға шығарылған кәсіпорынның құны тоқсандағыдай – қара бақыр емес. Кез келгеннің уысына түспейтін, әркімнің бағында піспейтін «жеміс». Оған қоса, аукционда жүрген кәсіпорындардың бірқыдыруы бюджетке пайдасынан гөрі шығыны көптеу кәсіпорындар екені және шын. Жалпақ тілмен айтқанда, қайсыбір кәсіпорындар мемлекет пен бюджеттің «туған баласы» емес. Бюджеттің соңынан еріп келген асырандысы іспеттес. Яғни, бюджетті тайыншадай болғанша еміп, бірақ нарық мейір таныта қоймаған кәсіпорындар. Заңды тілмен айтқанда, квазимемлекеттік, КМК, КМҚК дегендер мен дейтіндер. Кейінде ЖШС, АҚ болып өзгерді де. Бұл енді аты өзгергенімен, заты өзгермеген жағдай.
Сонымен, ың-шыңсыз басталған жекешелендіруге үш жыл. Екінші кезеңі аяқталды деп ресми жарияланып та үлгерген былтыр. Десек те, әлі де жеке меншікке сатылатын кәсіпорындар тізімі Мемлекеттік мүлік жекешелендіру комитеті ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік тізілімінде аз емес. Бүгінге дейін аукционда ағылшын балғасы жиі тоқылдайды.
Естеріңізде болса, 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бойынша кешенді жоспар бекітілді. 32 республика меншігіндегі және 191 квазимемлекеттік сектордағы ұйым айқындалды. Сол жылы коммуналдық меншік кәсіпорындарының тізімі қалыптастырылды, олардың саны шамамен – 780. Сол жылы маусымда оларды бәсекелестік ортаға беру басталып, 2016 жылы мәресіне жетіп те қойды. Бірақ, біржола бәрі бірдей мәре сызығын кесіп өткен жоқ. Жекешелендіру әр аймақта әлі жалғасты.
Ал, кеншілер аймағындағы жекешелендірудің жайына келсек, Қарағанды тұмсығынан тізіп, 2014-2020 жылдар аралығына 43-ке жуық кәсіпорынды сатылымға шығарған еді. Бұл Қарағанды облысының мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасының дерегі. Сонымен, Қарағанды облысының құзырлы орны қазіргі ахуал туралы не дейді? Биылғы сатылған ұйымдар қоржынымызды қаншаға қампайтты екен?
Салтанат ҚАЛИҚЫЗЫ, Қарағанды облыстық мемлекеттік активтер және сатып алу басқармасы мемлекеттік активтерді жекешелендіру және пайдалануға беру бөлім басшысы:
– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсанда бекітілген №1141 қаулысына сәйкес, 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспарымен 2016 жылы басталған мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлардың нысандарын жекешелендіру бойынша одан әрі іс-қимыл шеңберінде, мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстың коммуналдық меншіктегі ұйымдарына қайта түгендеу жүргізілді.
Түгендеу барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен қосымша ұсыныстар берілді, соның салдарынан 2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің Кешенді жоспары өзгерістерге ұшырады.
Мәселен, биылғы жылдың сәуір айында Үкімет қаулысымен Қарағанды облысының бәсекелестік ортаға беруге жататын ұйымдарының тізімі тағы 10 ұйымға толықтырылды.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың, Ақпарат және коммуникация министрлігінің көптеген ұсыныстары бойынша, бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) саласындағы ұйымдар, соның ішінде Қарағанды облысының 18 ұйымы алынып тасталды.
Осылайша, 2016 жылы сатылған және алынып тасталған ұйымдарды ескере отырып, 2020 жылға дейін бәсекелестік ортаға берілетін 28 ұйым бар. Олардың қатарын денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, спорт және тағы басқа саладағы ұйымдар құрайды.
2017 жылы жекешелендіруге жататын кәсіпорындар тізімінен 2017 жылғы 28 қарашадағы жағдай бойынша бәсекелестік ортаға 12 ұйым беріліпті. Оның ішінде 8 ұйым сатылса, 4 ұйым кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруда көрінеді.
Бәсекелестік ортаға берілген осы 12 ұйымнан облыс бюджетіне 219,0 млн. теңгеден астам (осы обьектілерді сауда-саттықта өткізгені арқылы) қаржы түссе, бюджеттің жеңілдеуі 2,7 млрд. теңге дейді басқарма мамандары. Жалпы, 2016 жылдан бері облыста www.gosreestr.kz сайтының дерегінше 21 ұйым сатылған.
Алайда, аукционнан тауы шағылып қайтатын ұйымдар баршылық. Ал, олардың тағдыры заң бойынша қыл үстінде тұрады. Базарға босқа барып, саудаға түспей, құр қайтқанын келешек құшақ жая қарсы алмақ емес. Егер өткізілген үш сауда-саттық нәтижесі бойынша мемлекеттік кәсіпорын мүліктік кешен ретінде өтпесе, бұл мемлекеттік кәсіпорын таратылады. Қарапайым айтқанда, бюджет мұрты шыққанша асыраған кәсіпорындарын енді сақалы ағарғанша асырай алмайды. Нарық тілінше, бәсекеге қабілетсіз болса, ол кәсіпорынды қанша әлпештеп, әлдилегенімен, «адам» шықпайтынын уақыт көрсетіп отырса керек. «Жетекпен қосқан тазы түлкі алмайды» дейді қазақ мұндайда. Әзірге жекешелендірудің бізге мәлім сыры осы.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА