Руханият

Мәрт еді ғой Мартбек

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика кафедрасының қабырғасында қаламгер, журналист, сатирик Мартбек Тоқмырзаны еске алуға арналған кеш өтті. Кешке қысқа ғұмырында тұлғаға айналып үлгерген марқұмның туыстары, шә­кірттері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Кешке қатысушылар ұстаздығымен де есте қалған Мартбек Тоқмырзаның қазақ руханияты үшін атқарған еңбегі мен адамгершілік қасиеттерін еске алды. Мұрағатта сақталған кадрлардан дайындалған қысқаша ғұмырбаяндық фильм көрсетілді.

Туған інісі Асылан Тоқмырза ағасына деген сағынышын жеткізді.

– Жүрегі «Әр қазағым – жалғызым» деп соққан азамат еді. Ақылын, өсиетін астарлы қалжыңмен айтып отыратын. Қашан барсаң да, үйінде студенттер жүретін. «Бізге қарағанда студенттеріңді жақсы көресің» деп қағытатынбыз. Расында, ол шәкірттерін жан дүниесімен жақсы көрді. Әр шәкіртке келешекте ұлт мүддесі жолында қызмет етер тұлға ретінде қарады. Олардың дүниетанымын кеңейтіп, білімдерін арттыру үшін бар ынтасын салды, – деді Асылан Тоқмырза.

Әріптестері Мартбек Мекентайұлының жұмысы мен мақсат-арманына адал болғанын атап өтті.

– Кафедра барда, оның шәкірттері, әріптестері барда, бірге қызмет істеген жора-жолдастары барда Мартбек ешқашан ұмытылмайды. Өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Мағыналы, ғибратты ғұмырында Мартбек Тоқмырза соңынан із қалдырды. Қазақта Мартбектей азамат көп болса, келешегіміз жарқын екені сөзсіз, – деді ақын, филология ғылымдарының докторы Қойлыбай Асанов.

Қойлыбай Асанов Мартбек марқұмға арнаған «Шыдамдылық» атты өлеңін оқып берді.

Шәкірттерінің бірі де бірегейі, «Хабар» агенттігінің облыстағы тілшілер қосынының жетекшісі Руслан Тұрсынғалиев те ұстазы туралы ой толғады.

– 4 жыл бойы кураторымыз болды. Ұстазымыз Арқа журналистикасында ойып тұрып орын алатын, елдің мүддесі үшін өмірінің соңына дейін күрескен күрескер тұлға. Ағамызды еске алып, жақсы-жайсаңның басын қосқан ұйымдастырушыларға зор алғыс! – деді Руслан Тұрсынғалиев.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button