Жезқазған

Мұраты: Ана мен бала

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ана мен баланы қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғаны жөнінде Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратты жұртшылық жағымды жаңалық ретінде қабылдап, әлеуметтік желіде әжептәуір толқыныс тудырды. Ал, оған негіз болған «Талбесік» көпбалалы аналар қозғалысының Жезқазған-Ұлытау аймағындағы өкілі, «Дидар» телеарнасының бас продюсері Мақпал ОРЫНБЕТОВА былтыр ҚР Парламентіне ұсынған «Ана мен әке және бала құқығын қорғау туралы» Заң жобасының «жезқазғандық» нұсқасы екенін екінің бірі біле бермес. Мен күні кеше ғана Мақпал ханыммен хабарласып, бірнеше сауалды алға тартқан едім…

«Бұл заң жобасын дайындауға түрткі болған – былтыр ақпанда өрттен қаза тапқан 5 баланың өлімі. Біздің елде «Отбасы туралы Кодекс» бар, ал ана мен баланы және отбасын қорғау туралы заң жоқ екен. Сондықтан, анаға, оның денсаулығына, баланың құқын қорғауға байланысты барлық дүниежүзілік Конвенцияларды, ҚР балалар мен отбасыларына, аналарға қатысты заңдар мен өзге де құжаттарды зерделей келе, осы заң жобасын дайындауға кірістім.

Заң жобасын орыс тілінде дайындауға тура келді. Өйткені, депутаттар арасында орыс тілділер басым екенін білеміз. Сосын қазақ тілінен орыс тіліне аудару кезінде кейбір ойым қате беріліп кетер деп те қауіптендім. Ақыры Астана қаласындағы көпбалалы аналар қозғалысының сол кездегі жетекшісі Мейрамхан Жәпекпен, Қарағанды облысындағы көпбалалы аналар қозғалысының жетекшісі Ләззәт Қожахметпен ақылдаса келе, заң жобасы орыс тілінде жазылу керек деген ұйғарымға келдік.

Сонымен, заң жобасы жазылып біткен соң, Мейрамхан Жәпек Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінде сол кезде көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдауға байланысты өтіп жататын көп жиналыстың бірінде осы заң жобасы туралы біздің ойымызды ортаға салып, министрлікте талқылауға ұсынды. Мейрамхан министрліктегі жиналыстан үйіне келген соң, осы заңға қатысты күнделікті өзара пікір алмасу телефон арқылы түн ортасы ауғанша созылатын. Ол кезде емізулі баласы барына қарамай, облыстық «Талбесік» қозғалысының жетекшісі Ләззат Қожахметке де ұйқы бермейтінбіз…

Сөйтіп, заңның бұл жобасы талқылаудан өтіп, хаттамаға енді. Тиісті ведомство өкілдері қатысты. Ендігі мәселе 6 тарау, 37 баптан тұратын Заң жобасын қаржыландыруға келіп тірелді, оның бюджеті де өте қомақты екен. Оған қаржы көзін іздестіруге қатысты біраз ойым мен ұсынысымды енгіздім. Бұл мәселені пысықтау барысында сол кездегі Еңбек және әлеуметтік қорғау  вице-министрі Светлана Қабыкенқызы Жақыпова көп қолдау көрсетті. Заң жобасымен танысып шыққан соң сол кездегі сала министрі Б.Сапарбаев министрліктегі заң департаментіне тиісті тапсырма берді

Осындай ортақ тірлік жасап жатқанда, «шабан үйрек бұрын ұшадының» кебін келтіріп, мен өз тарапымнан сол кездегі ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты, әлеуметтік даму комитетінің төрағасы Г.Иксановаға және Мәжіліс депутаты Дәния Еспановаға да жобаны жіберіп қойдым. Кейін олардан Алғыс хат алдым. Бұл заң жобасы қаралатынын естіп, қуанып қалдым. Ақорда баспасөз қызметінің мына хабары сол қуанышты еселеп отыр.

 Заң баспасөз бетінде жарияланған соң, әрине, өзім жазған жобаның мәтінімен салыстырып, қандай өзгеріске ұшырағанын қарап шығамын. Бастысы – Заң қабылданды. Елдің әлеуетіне қарай алдағы уақытта өзгеріс пен толықтыру бола жатар. Қазақ: «Көш жүре түзеледі» деген емес пе?!» – деді ағынан жарылып.

Біз де өз кезегімізде ұлттық мүдде жолында қашан да қайсарлық танытып жүрген қазақтың қайраткер қызына толайым табыстар тіледік.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button