Руханият

Мәншүк – ерліктің мәңгі музасы

Қарағанды қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Өлкетану» бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімі және Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі қолдауымен тағылымы терең, мазмұны бай әдеби-көркем кеш өтті. Шара Қазақстан Республикасы Халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасын талқылауға арналды. Поэмада Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметованың өмір жолы мен ерлікке толы ғұмыры көркем тілмен бейнеленген.

Сурет ұйымдастырушылардан

Шараны жүргізген модератор – Ғазиза Смағұлова қатысушыларға кештің маңызын түсіндіре келе, бұл кездесу жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, поэзия арқылы тарихи тұлғаны тануға мүмкіндік беру мақсатында ұйымдастырылып отыр­ғанын атап өтті.

Әдеби кешке Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназияның оқушылары мен ұстаздары, кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты. Олардың ішінде, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұстазы Сәбира Күлпейісова және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айнұр Ақаева поэманың мазмұны мен Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы мазмұнды пікірлерін ортаға салды.

9-сынып оқушысы Айана Ахынбек пен 8-сынып оқушысы Арыстан Смайлов Мәриям Хакімжанованың өмір жолы мен шығармашылық ізденістері жайлы әсерлі баяндамалар жасап, жас ұрпақтың әдебиетке, тарихқа деген қызығушылығын танытты. Олар ақынның өмірінің қиын кезеңдерін, әдебиетке келу жолын және Отан туралы жазған жырларын шабытпен жеткізді.

Мағжан Болатбеков пен Айқын Жаңбырбай өз сөздерінде Мәншүк Мәметованың ерлігі мен өмірінен сыр шертіп, оның мектептегі балалық шағынан бастап, майдан даласына аттанған кезге дейінгі оқиғаларды кеңінен сипаттады. Мәриям Хакімжанованың Мәншүкпен бала күнінен таныс болғаны, тіпті, ертегілер айтып, тәрбиесіне араласқаны туралы тың деректер әдеби кешке ерекше сипат берді.

Кештің жарқын тұстарының бірі – оқушылардың шығарманы кластер әдісімен талдауы болды. Бұл тәсіл арқылы олар поэмада сомдалған Мәншүк бейнесінің ішкі болмысын аша отырып, туындының көркемдік және тәрбиелік құндылығын нақты дәлелдермен түсіндірді. Осы сәтте Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі атынан ұстаздар Сәбира Ізбасарқызы мен Айнұр Қайыржанқызына Алғыс хат табысталып, олардың жас ұрпақ тәрбиесіндегі елеулі еңбегі лайықты құрметке ие болды.

Мәриям Хакімжанованың «Мәншүк» поэмасы – әдебиетіміздің алтын қорындағы ерекше туынды. Бұл шығарма арқылы өскелең ұрпақ тек поэзиямен ғана емес, рухани биіктікпен, елін сүйген ержүрек қазақ қызымен танысады. Мұндай іс-шаралар – кітапханалардың тек ақпарат орталығы ғана емес, ұлттық сана мен тәрбиенің тірек алаңына айналып отырғанының айғағы.

Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі алдағы уақытта да осындай тарихи-танымдық бағыттағы әдеби кездесулерді жалғастыра отырып, жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуге, кітап оқуға баулуға, көркем сөздің құдіретін танытуға өз үлесін қоса бермек.

Айдана ҚАБДЫРАШЕВА,
Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесінің
баспасөз хатшысы
ҚАРАҒАНДЫ

Басқа материалдар

Back to top button