Басты тақырыпҚарағанды

«Мұндай мектеп Астанада жоқ»

   Аймақтағы айтулы білім ошағы – облыстық мамандандырылған музыка мектеп-интернатына мерейтойы қарсаңында арнайы бас сұққанбыз. Мектеп-интернатты аралап, оқу орнының бүгінгі хал-ахуалымен таныса жүріп, директоры Бектөре БӨКЕНОВТЕН сыр тартудың сәті түсті. Сондағы табан астында алынған сұхбатты назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Бектөре БӨКЕНОВ,

Қарағанды облысының мамандандырылған музыка

мектеп-интернатының директоры

Бектөре Қисықұлы, білім оша­ғы үшін 50 жыл аз уақыт емес. Бұй­ырт­са, қалай атап өтпексіздер?

Мектеп-интернаттың мерей­тойын атап өтуді біз 50 жылдық қарсаңында қолға алғанбыз. Үлкен дайындықпен бастап жібердік десе де болады. Былтырдан бері мұндағы мұғалімдер мен оқушылар осы Қарағандының кейбір мекемелеріне, маңайындағы қалалар мен елді мекендердегі музыкалық, өнер мектептеріне концерттер қойып шықты. Ол баста «50 жылдыққа – 50 іс-шара» жоспарын құрғанбыз. Соның аясында тәжірибелі оқытушылар мен шәкірттері қалаға таяу Абай, Бұқар жырау аудандарында, Шахан қаласында, Топарда, Үштөбе сияқты тағы басқа ауылдардың музыка мектептерінде концерттер қойып, арнайы шеберлік сыныптарын ұйымдастырды. Бұл шаралар тізбегі биылға дейін жалғасын тапты. Оның сыртында былтыр қала ішінде оқушылар мен ұстаздары Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясында әр түрлі орындарда 25 концерт берді. Енді, мектеп-интернаттың 50 жылдық мерейтойының қорытынды кешін кең көлемде 22 сәуір күні (сағат 14.00-де) «Шалқыма» концерт залында салтанатты түрде атап өткелі отырмыз. Онда мектеп-интернатта оқитын өнерпаздар ғана емес, осы оқу орнын бітіріп кеткен түлектер де өнер көрсетеді.

Жөн екен, жарты ғасыр шегінде іргелі білім ошағына айналып үлгерген мектеп-интернат бүгінде басқа оқу орындарынан несімен ерекше?

Әуел баста мектеп ауыл балаларын өнерге кәсіби деңгейде баулу мақсатында ашылған. Мектеп-интернат аталу себебі де – сонда. Мұнда оқығандарға музыкалық аспаптың 26 түрі үйретіледі. 1 сыныптан 12 сыныпқа дейін қазақ, орыс сыныптары бар. Жалпы біліммен қоса алғанда, бағытымыз – музыкалық бағыт. Басқа облыстардағы музыка мектептер 5-7 сыныптан қабылдаса, біз 1 сыныптан бастап қабылдаймыз. Саусақтары, дауыстары осы салаға бейімделе бастайды деген сөз. Мектеп-интернатта қазір барлығы 370 бала оқиды, 180-і – интернатта жатып оқитын ауыл балалары. Күллі жағдай жасалған. Жатын орны тегін, төрт мезгіл тамақтанады. Тамақтардың дәрумендері, құнары – бәрі қарастырылған. Тамақтың 20 пайызын ғана төлейді (айына 5000 теңге).

1 сыныпқа 20-25 бала қабылданса, 12 сыныпты соның 10-11-і ғана бітіріп шығады. Себебі, балалардың бәрі талантты бола бермейді ғой. Жыл сайын республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларға қатысып, жоғары көрсеткішке жеткендері іріктеліп тұрады. Қазір 12 сынып оқып жүргендердің көбі – республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Біразы байқаулар барысында консерватория, өнер университетінің гранттарын жеңіп алып, оқуын сонда жалғастырады. 9 сыныптан кейін кетіп жататындар да бар. Ал, 12 жыл оқып бітірген түлекке қосымша куәлік беріледі. Яғни, ол кәсіби маман ретінде мектептерде музыка пәнінен сабақ береді, тағысын тағы. Әйтеуір, далада қалмайды. Бұдан бөлек, түлектеріміз шетелде көп оқып жатыр. Мәселен, Елазат Әжмағанбетов деген түлегіміз қазір Америкада білім алып жүр. Таяуда ғана Қарағандыға келіп, «Шалқымада» концерт беріп кетті. Жалғыз АҚШ-та емес, Ұлыбритания­да, бас­қа да мемлекеттерде оқып жатқандар бар.

ТМД елдерінің өнер ордаларынан біздің мектепке сұраныс көп түседі. Атап айтсақ, Ресей, Қырғызстанның жоғары оқу орындарынан.

Мұғалімдердің шеберлігі һақында мынаны айтуға болады. Осыдан 2 жыл бұрын Қазан қаласында ТМД елдері арасында өткен халықаралық байқауда, баян аспабы бойынша Бейбіт Қисатов деген оқушымыз бас жүлдені жеңіп әкелді. Бұл дегеніңіз, Қазақстанға Ресейден келіп, домбырадан бас жүлдені қанжығалап кеткенмен бірдей жағдай ғой. Мәселен, Баян аспабын үйретуші Валерий Брусенцов деген ұстазды ТМД елдеріндегі өнер қайраткерлері жоғары бағалайды. Осындай ұстаздарға Оралдан, Павлодардан, тіпті, Астана, тағы басқа қалалардан келіп, оқып жатқандар өте көп.

Астанада мұндай мектеп жоқ па сонда?

Жекелеген өнер мектептері болғанымен, дәл мұндай мектеп жоқ әлі. Алматыда Күләш Байсейі­това және Ахмет Жұбанов атындағы екі мектептен кейін Қарағандыдағы осы мектеп-интернат қана. Қазақстан бойынша. Біздің оқу бағдарламамыз жоғарыда аталған екі мектептікімен бірдей – 12 жылдық. 11 жыл жалпы білім мен музыканы қатар ұстасақ, 12 сыныпта таза кәсіби музыкалық білім алады. Сондықтан, ауылдарды былай қойғанда, басқа облыстардағы қалалардан ағылып келушілер жетерлік.

Сондай-ақ, 9 сынып пен жоғары сынып оқушылары Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестікте, Тәттімбет атындағы оркестрде, облыстық симфониялық оркестрде, «Арқа сазы» ансамблінде тәжірибеден өтіп, тіпті, сонда домбыра, қобыз, примада ойнап, жұмыс істейді.

Мана сөз арасында балалар республикалық, халықаралық байқауларға жиі қатысып тұрады дедіңіз. Олардың жолақысы, басқа да шығындарына қаражат көзі қарастырылған ба?

Мектеп-интернат облыстық білім басқармасына қарағандықтан, біздің негізгі тірегіміз – осы мекеме. Мәселен, былтыр білім басқармасы 4 млн. теңге бөліп, мектептің қас-беті, шарбақтары ретке келтірілді. Биыл тағы тура осы сомада қаражат бөліп, музыкалық аспаптар алып, материалдық базамызды жаңарттық. Қосымша қайыра ақша бөліп, 15 жаңа компьютер алдық. Арнайы кабинеттер, акт залы жаңартылды. Сонымен қатар, республикалық байқауларға оқушылар тегін барып-келеді. Ол да осы білім басқармасы есебінен. Тек халықаралық байқауларға қатысушыларға қарастырылмаған қаражат. Оқушылар ондай байқауларға қатысқанда, бірінші демеуші – ата-анасы. Болмаса, еріксіз демеушілер іздей бастаймыз. Негізі, мұның да жолын табуға болады. Ол үшін мектеп-интернат Қазақстандық ұлттық «ЮНЕСКА» клубтарының федерациясы қоғамдық бірлестігіне ену керек. Сонда халықаралық байқауларға оқушылар апаруда жеңілдіктер туады. Мен қазір соның қам-қарекетімен жолға шыққалы отырмын. Біздегі тағы бір әттеген-ай – интернатта бар болғаны 180-ақ орын бар. Ауыл балаларынан өтініштер түсіп бағады. Бірақ, орын жетпей қалады. Осы екі мәселе болмаса, мектеп-интернаттың көрсеткіші көңіл қуантарлық.

Уақытыңызды қиып, сұхбаттасқаныңызға рахмет! Істеріңізге береке берсін!

Әңгімелескен

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button