Жаңалықтар

МӘМС: пилоттық жоба қорытындыланды

Қарағандылықтар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың игілігін көруде. Пилоттық жоба аясында 2 миллионға жуық тұрғынға медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, қымбат диагностикалық сараптамалардың да қолжетімділігі арта түскен. Бұл туралы профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы клиникада өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді.

Фото: ekaraganda.kz
  • МӘМС пилоттық жобасы аясында көптеген азаматтарға көмек көрсетілді. Алты мыңнан астам тұрғынға МРТ жасалып, 570 адамға көмек көрсетілді. Егер, олар дер кезінде тексерілмегенде өмірлеріне қауіп төнетін еді. Сондай-ақ, 137 адамның бойында қатерлі дерттің бары анықталды. Қазір бұл азаматтардың барлығы қажетті тексеруден өтіп, ем қабылдауда. Жобаның тиімділігі – медициналық қызметтің қолжетімді болуында, – дейді басқарма басшысы.

Қазіргі таңда аймақтағы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 390 мың тұрғын МӘМС жобасына қосылса, 35 мың тұрғын (2%) әзірге қалыс қалып отыр. Әйтсе де, бұл олардың медициналық қызметтен құралақан қалатынын білдірмейді. Тұрғындардың барлығы кепілдендірілген тегін медициналық көмекке жүгінуге құқылы. Бірақ, олар қымбат диагностикалық тексерулерден және оңалту шараларынан өте алмайды.

Басқарма басшысының айтуынша, медициналық сақтандырудың тиімділігін түсіндіру бағытында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен жүргізілген сауалнама барысында тұрғындардың басым бөлігі сақтандыру жарнасын төлеуге дайын екендігін мәлімдеген. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» қорына жұмыс берушімен қатар, тұрғындардың өздері де жарна төлей алады. Бұл «Касса 24» аппараттары арқылы қолжетімді болмақ.

  • Егер жұмыс беруші бірнеше ай бойы қорға жарна аудармаса, онда емделуші МӘМС арқылы қызмет ала алмайды. Бірақ, ол уақыт жоғалтпау үшін қарыз соманы өзі төлеуіне болады. Қазір осы бағытта жұмыс істеудеміз. Жұмыс берушілердің жарнаны кешіктірмей төлеуін де қадағалаймыз. Пилоттық жобаны іске қосу кезінде 31 мың заңды тұлғаның жарнаны уақытылы төлемейтінін анықтадық. Түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Осының нәтижесінде қыркүйек және қазан айларында қорға қосымша 110 млн. теңге аударылды, – дейді Ержан Нұрлыбаев.

Пилоттық жобаның тағы бір игілігі – денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың еселеп артуында. Денсаулық сақтау басқармасының бюджеті 8 млрд. теңгеге дейін өспек. Бұл қаражат медициналық мекемелерді заманауи технологиялармен жабдықтауға және кадр тапшылығын шешуге айтарлықтай оң ықпалын тигізеді. Қазірдің өзінде аймақтағы ауруханалар мен емханалардың барлығы интернетке қосылған. Шалғайдағы ауылдарға кең жолақты интернет орнату мүмкін болмағандықтан, спутниктік интернет орнатылыпты. Сондай-ақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында емханалар ашылуда. Бұл ұзын-сонар кезекті азайтуға және бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың пилоттық жобасы өзінің тиімділігін көрсетті. Енді 2020 жылдың қаңтарынан бастап, еліміздің барлық облыстары МӘМС жобасына қосылады.

Басқа материалдар

Back to top button