Бас тақырыпОблыс әкімі

Мүмкіндік сараланып, меже нақтыланды

Сейсенбіде аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру бойынша облыс активінің жиыны өтті.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Серік Өтешов, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Ерқара Аймағамбетов қатысқан жиында ардагерлер, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес өкілдері, мемлекеттік орган басшылары, қала және аудан әкімдері, шығармашылық және ғылым зиялы қауым өкілдері, өндірістік кәсіпорын басшылары, кәсіподақ және үкіметтік емес ұйымдар, саяси партия төрағалары, шағын және орта бизнес өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет салаларының қызметкерлері, БАҚ өкілдері болды.

Сөйтіп, Жолдаудың басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша алдымен аймақ басшысы баяндама жасады.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, әр мемлекеттің қалыптасқан өз дәстүрі болады. Біздің еліміз үшін ең маңыздысы, ең елеулісі – Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауы. Биылғы Жолдау – әрбір қазақстандықты қамтыған, бұрын-соңды болмаған әлеуметтік құжат деп атауға болады. Мемлекет басшысы Жолдауда атап айтқандай, «біздің мемлекеттің басты байлығы – адам және оның өмірі». Ал адамның өмірі – абстрактілі дүниелерге емес, ең алдымен, оның табысы мен тұрмыс сапасына байланысты. Қатардағы қарапайым қазақстандықтың ойарманы не? Тұрмысым жақсарып, тапқан табысым арта берсе деп ойлайды. Үйім болса, бала-шағамды асырасам, білімді, дені сау, әл-қуаты күшті болса деп армандайды. Міне, осының барлығы Жолдауда айқын көрініс тауып отыр, – деді Ерлан Қошанов. Облыс әкімінің айтуынша, биылғы Жолдаудың басты ерекшелегі – барша қазақстандықтармен қатар, облыстың миллион төрт жүз мың тұрғыны – Жолдаудың әр жолынан өзін көре алады, өзін таба алады. Ал, Жолдаудың қарағандылықтарға қандай мүмкіндік беретіні мен оны қалай жүзеге асыратынымыз туралы аймақ басшысы айқын мақсаттарды алға тартты. Яғни, алдағы жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы көрсеткіші 1,5 есе артады. Бұл облысымыздың 32 мың тұрғыны мен 25 мың бюджет қызметкерін қымтиды. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 2 млрд. теңге бөлінбек. Өз кезегінде, Ерлан Жақанұлы ірі компания басшылары да Президенттің Жолдаудағы бұл бастамасына қолдау білдіретініне сенім артты.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасының жемісті жүзеге асуы нәтижесінде облыс экономикасы айтарлықтай алға басқанын айта кету керек. Мәселен, өткен 8 жылда аталған бағдарламаны қаржыландыруға 17 млрд. теңге бағытталды. 1,5 мың кәсіпкерге қолдау көрсетіліп, бюджетке кіріс ретінде 24 млрд. теңге салық төленді. Жаңадан 20 мың жұмыс орны құрылып, 168 млрд. теңге инвестиция тартылды. Яғни, субсидияның әр теңгесіне 20 теңге инвестиция тартылды деген сөз. Президент тапсырмасына орай, бұл бағдарламаның қызметі 2025 жылға дейін жалғаспақ. Қаржыландыру 30 млрд. теңгеге өседі. Бұл ретте, аймақ басшысы ең басты мәселе ретінде мемлекет бөлген осы ресурстарды кәсіпкерлерге уақытылы жеткізіп отыру екенін айрықша атап өтті.

Қаржылық тұрғыдан қолдау көрсету құралынан бөлек, Елбасы бизнес ашықтығын ынталандырудың өзге де шараларын қарастыруды ұсынды. Бүгінгі таңда облыс кәсіпкерлерінің салық төлеуге қатысты айыппұлының жалпы сомасы 3 млрд. теңгеден асып отыр. Бұл ретте, Президент тапсырмасы бойынша салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда бизнеске салық кешірімі жүргізілетін болады. Мүлікті жария ету бойынша жүргізілген өткен екі науқан тәжірибесі тұрғындардың реформаға деген сенімін арттыра түсті. Өз кезегінде, жарияланған салық кешірімі бизнес жұмысын жаңғыртуға мүмкіндік бермек. Мұның барлығы көлеңкелі экономика деңгейін төмендетуге бағытталуда. Тіпті, 3 жыл ішінде көлеңкелі айналымды кем дегенде 40%-ға қысқарту да мақсат етілуде. Бұл ретте, облыс әкімі салық төлемеген кәсіпкерлермен салық кешірімі тұрғысында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу, борышкерлер тізімін әзірлеп, әр қарыздар тұлғамен жеке-дара жұмыс жасау қажеттілігін айтты.

Мұндай ынталандыру жұмыстары қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды енгізген бизнесті көтермелеу кезінде де көрініс табуы тиіс. Облыста электронды сауданы дамыту бойынша Жол картасы да жүзеге асуда. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері облыс бизнесіндегі қолма-қол ақшасыз есеп айырысу көлемі 3 есеге артып, 20 млрд. теңгені құрады. Сондықтан, бұл тұрғыда аймағымызда айтарлықтар басымдық бар деген сөз.

Мемлекет басшысы экспортқа бағдарланған индустриаландыру елдің экономикалық саясатының өзегіне айналуы тиіс екенін де атап өткен болатын. Бұл ең алдымен, өңдеуші өнеркәсібі тауар экспорттау бойынша ел көлемінде алдыңғы орында тұрған осы облысқа тікелей қатысты болмақ. Бұл ретте, экспорт өнімінің 88%-ы «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» сынды ірі жүйеқұраушы кәсіпорындарға тиесілі. Яғни, өңірімізде бәсекеге қабілетті өңдеуші кәсіпорындарды құру бойынша қарқынды жұмыс жүргізілмей келеді деген сөз. Дегенмен, облысымызда экспорт әлеуетін арттыратын қор жеткілікті. Ендігі мақсат – соны жүйелі қолға алу болмақ.

Бұл ретте, аймағымызда экспортқа бағдарланған 6 ірі жоба қолға алынғанын айта кету керек. Биылғы экспорт көлемі 4,4 млрд. АҚШ долларына жоспарлануда. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға жоғары. Сонымен бірге, Елбасы тапсырмасы негізінде көрсетілетін қолдауды да тиімді пайдалану бойынша жұмыстар жүргізілмек. Бұл – өңдеуші өнеркәсібі экспортқа бағдарланған кәсіпорындарға 3 жыл көлемінде бөлінетін қосымша 500 млрд. теңге. Өз кезегінде, Ерлан Жақанұлы осы тектес кәсіпорындардың құрылуы мен олардың өнім өткізе алатын нарығын іздестіруге барынша қолдау көрсетуді ерекше атап өтті

Бұдан бөлек, аймақ басшысы Жолдауда қойылған мақсаттарға сәйкес, өңірде көлік-логистика секторын дамыту бойынша ауқымды жұмыс атқарылуы қажеттігін алға тартты. Облыс басшысы Қарағандыда іргесі қаланып жатқан көтерме-тарату логистикалық орталығын мысал ретінде айтып, алдағы күндері іске қосылатынын жеткізді.

Аталған орталық негізінде «Онлайн-ОРЦ» атты электронды алаң құрылып, тұрғындар мен бизнеске арналған алғашқы сауда платформасына айналады. Сөйтіп, көтерметарату логистикалық орталығы бой көтеруімен өндірушілер және сатушылар арасында делдал болмауы нәтижесінде баға белгіленуіне қатысты анағұрлым әсері сезілетін болады. Аймақ басшысы мұндай жобалар әлі де көп болуы керектігін тілге тиек етіп, осы бағыттағы жүйелі жұмысты жалғастыру маңыздылығын айтып өтті.

Жолдауда айтылған ендігі маңызды мәселе – туризм саласын дамыту. Бұл – экономиканың ең жылдам жетілетін секторларының бірі. Президент туризм саласын дамыту бойынша тапсырма беріп, еліміздің 10 үздік туристік орындары қатарына енген Балқаш маңы аумағын дамытуды міндеттеген еді. Бұл ретте, облыс әкімдігі «Маккензи» атты халықаралық кеңес беруші компанияны тартқан екен. Жуырда аталған компания Балқашқа қатысты шеберлік жоспарының әзірлік жұмыстарын аяқтайды.

Мұндағы басты мақсат – 2023 жылға дейін туристер санын 2 есе арттыру (160 мың туристке дейін). Ал, республика 2023 жылға дейін жалпы ішкі өнімдегі туризм үлесін 8%-ға дейін арттыру мақсатын қойып отыр. Бұл дегеніміз, облыс үшін аталған сала кем дегенде 3 есе өседі деген сөз. Осы ретте, аймақ басшысы өз орынбасары Алмас Айдаров пен Қарқаралы және Ұлытау әкімдеріне шеберлік жоспарын әзірлеп, аталған көрсеткішке жету мақсатында жүйелі жұмыс ұйымдастыруды тапсырды.

 Елбасы агроөнеркәсіп кешеніне қатысты еңбек өнімділігі мен өңделген өнім экспортын 2022 жылға дейін 2,5 есе арттыруды мақсат етті. Ал, еңбек өнімділігін замануи технологиялар мен техниканы қолданбай арттыру мүмкін емес. Бұл ретте, аймақ басшысы облысымызда осыған қатысты жұмыстар басталып кеткенін айтты. Биыл жекелеген шаруа қожалықтары сынамалы негізде «нақты егіншіліктің» барлық элементтерін енгізіпті. Нәтижесінде, сынамалы алқаптардағы астық түсімі өзге шаруа қожалықтарына қарағанды екі есе көп болды.

Жолдауда ауыл кәсіпкерлерін жаппай оқыту жүйесін құру мәселесі де айтылған болатын. Бұл ретте, «озат технологияларды енгізген шаруа қожалықтары да оқыту алаңына айналуы тиіс» деді Ерлан Жақанұлы.

Мұндай даму әлеуеті өзге де шаруа қожалықтарында бар. Тек, ғылыми кеңесшілерді шақырып, жұмысты жүйелеу қажет. Тіпті, шетел кеңесшілерін тартқан артық болмас. Өз кезегінде, мемлекет жаңа технологияларға көшуді инвестициялық субсидиялау арқылы ынталандырады. Соның нәтижесінде, шаруа қожалықтары биылдың өзінде 5,1 млрд. теңге сомасына 482 бірлік түрлі техника сатып алыпты. Бірақ, мұның жеткіліксіз екенін аймақ басшысы да алға тартты. Облыс бойынша қолданыстағы техниканың 70%-ы ескіргенін ескерсек, жаңалау жұмыстарының екпінін кем дегенде екі еселеу міндеті тұр деген сөз. Бұған қажет мемлекеттік қолдау да, субсидияландырудың жаңа ережелері де бар.

Аймақ басшысы бұдан бөлек, білім, денсаулық сақтау, бұқаралық спорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғындардың қолайлы өмір сүру жағдайын жасау, жол жөндеу, ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз ету, аймақтарды дамыту, жемқорлықпен күрес, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру сынды Елбасы Жолдауында көрсетілген маңызды мәселелерге қатысты өңірді дамытудың бірқатар бағытын айқындады. Сондай-ақ, жиын барысында бірнеше азамат Елбасы Жолдауына қатысты өз ой пікірлерін білдіріп, өңір дамуына қатысты өз ойларымен бөлісті.

– Алдағы басым мақсаттардың бірі – 2050 жылға дейін дамыған 30 елдің қатарына кіру екені белгілі. Бұл межеге жету оңай емес. Осы тұрғыдан жаңа Жолдау Қазақстанның әлемдік экономикалық және әлеуметтік, мәдени салалардағы түбірлі өзгерістерге бейімделуіне жол көрсетті. Жолдауда белгіленіп берілген маңызды тапсырмаларды жүзеге асыру – Қазақстанның әлемдік аренадағы орнын биіктетіп, жолын айқындап берері сөзсіз. Тек сонда ғана біз өркениетті елдер қатарында ілгерілеп дамуға мүмкіндік аламыз, – деді облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Осы тектес баяндаманы облыстық мәслихаттың депутаты, «Шахтерское» ЖШС директоры Георгий Прокоп, №1 «Білім инновация» лицей-интернатының химия пәні мұғалімі Абылай Саматов, «Казметиз» ЖШС директоры Дмитрий Малахов, Қарағанды қаласындағы №3 емхана директорының орынбасары Виктор Музафаров, облыстың жастар ресурстық орталығының директоры Ақжол Құрмансейітов те жасады.

 – Облысымыздың әрбір тұрғынына Президент Жолдауының мән-мағынасы мен мақсатын жеткізу керек. Себебі, бұл құжат – еліміздің таяу арадағы дамуының басты бағдарламасы. Ең бастысы, Елбасымыз баса айтқандай, оны жүзеге асыруда «халық пен биліктің арасында ешқандай арақашықтық болмауы тиіс». Біз бірлесіп қана барлық мақсаттарға жете аламыз, – деді сөз соңында Ерлан Қошанов.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button