Мүмкіндігі шектеуліге айрықша назар
Қазақстанның барлық азаматтары үшін бірдей мүмкіндік жасау – мемлекеттің бүгінгі күнгі басты міндеттерінің бірі. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға бірдей қызметтер көрсетілуі мен құқықтарының бір деңгейде қорғалуына жағдай жасау жайы ерекше пысықталуда. Денсаулығы тұрғысынан онсыз да мүмкіндігі шектелген жандардың қоғам өміріне етене араласуына қолайлы жағдай жасау керек. Ең бастысы, қоғам оларды қабылдауға қалыптасуы керек.
Қазігі таңда облыс аумағында 66 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам бар. Өкілетті органдар осы азаматтардың қоғаммен байланысын нығайту үшін әлеуметтік саясатты жақсартуға күш салуда. Дегенмен, шешімін күткен мәселелер тізбегі азаяр емес. Оның негізгілерінің бірі ретінде көптеген әлеуметтік нысандардың, көлік және тұрғын үй инфрақұрылымдарының мүгедек жандар үшін қолжетімсіздігін айтуға болады. Бұл адамдардың қоғамнан шеттетілуінің де бір себебі – осы.
Қазақстанда барлық әлеуметтік маңызы бар деген нысандардың инфрақұрылымына құжаттама жасау жұмыстары жүргізілді. Оның нәтижесіне сүйенсек, көптеген нысандар қайтадан бейімдеуге жатады. Десек те, бұл аталған мәселенің түбегейлі шешімі емес. Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында тірекқозғалыс аппараты бұзылған адамдар да бар. Қоларбаға таңылған мұндай жандардың өз пәтерлерінен шығуға еш мүмкіндіктері жоқ. Төрт қабырғаға телмірумен күн кешеді. Ондай адамды бағып отырған отбасылар бұл мәселені өздері шешуге мәжбүр.
Мүмкіндігі шектеулі адамдардың арасында баспанаға қол жеткізе алмағандары қаншама?! Заңдық тұрғыдан мемлекет мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды жүйелі негізде атқаруда. Мұндай санаттағы жандардың еңбек ету құқығын шектемеу туралы арнайы нормалар да қабылданған. Соның негізінде жұмысқа орналасып жатқандары да баршылық. Алайда, жұмысқа орналасқандардың өзі де жеке тұрғын үйге қол жеткізе алмай келеді. Себебі, бұл санаттағы азаматтар үшін тұрғын үйді несиелеу бағдарламасына қатысу мүмкін емес. Мүмкіндігі шектеулі жандар орналасатын жұмыстар, негізінен, вахтер, лифт қадағалаушысы, диспетчер және басқалары сынды еңбекақысы төмен жұмыс орындары. Төменгі табыс көлемі – баспана алу үшін ипотекалық несие алуға қолбайлау…
Бір-біріне жалғасқан әлеуметтік мәселелер жан-жақты талдауды, жүйелі жұмысты талап етеді. Мемлекет тарапынан қолдау жоқ емес, бар. Десек те, оның шарапаты бәріне бірдей тие қоймайтыны да бұлтартпас шындық.
Мүгедектер мәселелері жыл санап артып келеді. Оларға тиісінше назар аударып, қолдау көрсету қажет. «Нұр Отан» партиясы биылғы жылдан бастап «Кедергісіз келешек» бағдарламасын белсенді түрде қолға алуда. Осы жобаның аясында 6 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адамды жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Жоба орнықты жүзеге асып, мүмкіндігі шектеуді адамдар қоғамнан өз орнын тауып жатса, бұл әлеуметтік зор қолдау болар еді.
Светлана ПОНОМАРЕВА,
«Әлеуметтік қызмет орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы