Мүмкіндігі шектеулі жандар шынайы қамқорлықты сезінуде

Қарағанды облысында төтенше жағдай кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ  Zoom платформасы арқылы өткізген жиында осы мәселе жан-жақты талқыланды. Оған облыстық басқармалар басшылары, қалалар мен аудандар әкімдерінің орынбасарлары, мүгедек жандардың құқығын қорғаумен айналысатын ҮЕҰ өкілдері, сондай-ақ, қоғам белсенділері қатысты.

Онлайн-жиындағы кіріспе сөзінде Абзал Нүкенұлы облыс аумағындағы көңілі жарым жандарға көрсетіліп жатқан көмек түрлері мен олардың тиімділігіне жалпылама шолу жасады. Аталып өтілгендей,  2020 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша аймақта 67 835 мүгедек азамат тұрады, оның 5 339-ы – бір жастан сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар. Бұл – халықтың жалпы санының (1 378 863 адам) – 4,9%-ы

– Биыл мүгедектерді әлеуметтік қолдауға облыс бюджетінен 1,1 млрд. теңге бөлінді, яғни, өткен жылмен салыстырғанда 204,7 млн. теңгеге артық.  Сондай-ақ, соңғы 5 жылда осы мақсатқа алғаш рет республикалық бюджеттен 437,1 млн. теңге бөлініп отыр.

Қазіргі уақытта халықты жұмыспен қамту жөніндегі уәкілетті орган тарапынан қызметтерді және оңалту құралдарын мемлекеттік сатып алу жұмыстарының  80%-ы  атқарылды.

«Инватакси» қызметі жергілікті бюджет қаражаты есебінен облыстың 7 өңірінде (Қарағанды, Сәтбаев, Саран, Балқаш, Жезқазған, Теміртауқалалары мен Абай ауданында) – қолданыста. Оның базасында 33 көлік бар, 18-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова мен облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбеков өз салалары бойынша атқарылған істер мен көрсетілген көмек туралы хабарлама жасап, жоспарлы шаралар туралы да мәліметтер ұсынды. 

 – Өткен наурыз айында қаржылай төлем түріндегі азық-түлік-тұрмыстық жиынтығы аймақ бойынша 6316 балаға 35,1 млн. теңге көлемінде көрсетілді. Бұл көмекті  облыс бойынша  жалпы 76 000 адам алатын болады,  – деді Әсем Айтжанқызы.

Келесі көмек түрі – төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызметтердың шығындарын өтеуге берілетін – 15 мың теңге. Ол 7 санат бойынша (I, II, III топтағы мүгедектер, ҰОС мүгедектері мен қатысушылары мен оларға теңестірілгендер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар) көрсетіледі. Көмек алушының абоненттік жеке шоты және шарты болуы керек. Карантин енгізілген елді мекендерде (төлем төлеу кезеңінің тұтастығын бұзбай, яғни, тиісті айдың бірінші күнінен соңғы күніне дейін жүргізіледі) 2 ай ішінде (сәуір, мамыр) бір тұтынушыға (үйге/пәтер) 15 000 теңге есебінен өтініш негізінде жүргізіледі. Тұтынушылар ақпараттық жүйелер арқылы, ал, олар болмаса, call-орталық арқылы жергілікті атқарушы органға жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін және жеке шотының деректерін ұсына отырып, өтініш береді, — деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нақыпбеков.

Жиынға қатысушылар мүмкіндігі шектеулі жандарды толғандыратын мәселелерге қатысты сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды, ұсыныс-пікірлерін де білдірді.

Қойылған сауалдардың басым дені 42 500 және 50 мың теңгені құрайтын жәрдемақылар төңірегінде өрбіді. Сонымен қатар, коммуналдық төлем, жеке кәсіппен шұғылдану мәселесі және басқа сипаттағы сұрақтар да болды. Сондай-ақ facebook, Instagram әлеуметтік желілерінен тікелей эфир арқылы 100-ден  астам тұрғындар сауал қойды.

Онлайн-жиын түйінінде Абзал Нүкенұлы басқармалар басшыларындарын, қалалар мен аудан әкімдерінің орынбасарларына әлеуметтік желі арқылы түскен және алдағы уақытта түсіп жататын сауалдарды жіті назарда ұстап, соған орай атқарылуы тиіс жұмыстарды ширатуды тапсырды.

Жәлел ШАЛҚАР.