Мөңке би – Мұғалжарда
Ала шұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Әйелі базаршы болады,
Еркегі қазаншы болады,– деп туған халқының келешегінің қамын жеп, қауіп ойлаған Мөңке бидің айтып кеткеніне даукес біреу болмаса ешкім дау айта алмас. Тілдің шұбарлығы шырқау шегіне жетіп, енді соны түзеудің қамындамыз. Есік-терезені ашып тастап, қаптаған секталар көш түйенің бұйдасына жармасып, солармен арпалысып жүрміз. Еркек нәсіпті сырттан табушы еді, қатын соны қазан басында ұқсатушы еді, кері кетті. Базаршы қатын – бас, үйкүшік иттей табалдырықты торыған еркек кәкпір ұстап жүр.
Осыны айтқан Мөңке би Алтын орда заманының батыры, Ұлы би Едігенің ұрпағы. Едігеден Нұриддин, онан Уақас, онан Мұсахан, онан Сирақ, онан Қалу, онан Бөлек, онан Айт, онан Тілеу, Тілеуден Мөңке би.
Ұлы тұлғаға әркімнің-ақ бар таласы. Әркім-ақ осындай тұлға өз елінен, өзінің топырағынан болса екен дейді. (Қаламы жеткенше қаралап келген орыстар енді Шыңғыс ханды «Чингиз хан славянского происхождение» деп жазғанын оқыдым). Даулы тұлғаның бірі Едіге батыр. Ақтөбе облысының жерінде Едіге салдырған үйдің орны бар дегенді оқып та, естіп те қалып жүрдік. Сөйтіп жүргенде Едігенің мәңгілік мекені Ақтөбе жақта екен деген де сөз шықты. Сөйтіп жүргенде «жоқ, Едігенің сүйегі Маңғыстау жақта екен. Моласы, қабірі табылды» деп жазды өткен жолы газеттер. «Жә» дедік. Едігенің бір баласының сол Маңғыстауда, не Ақтөбе жақта жерленуі әбден мүмкін ғой. «Едігенің пәлен баласының бейіті» деген сөз уақыт өте баласының есімі ұмыт болып «Едігенің бейіті» болып шыға келуін ескермейміз де. Патшаның озбыр отарлық саясаты, қызыл империяның есті тандырған, жадыны әбден сөндірген амалдарынан кейін енді ғана Тәуелсіздікке қол жетіп, енді ғана өз тарихын, ата-бабасын іздей бастаған жұрт өткенді соқыр сипалап, болжамға да әбден беріліп, талай қателікке барып жатыр. Бүгінгінің көбі дәлелсіз болжам.
Дұрысын Шоқан Уәлиханов жазып кеткен де еді. Академик А.И.Шренкпен бірге болған сапарында Шоқан Уәлиханов «Ұлытау шыңдарының бірінен маңғыт ордасының негізін салушы Едігенің моласын таптық. Оның моласы – тас үйіндісі. Оның құзыры өзі орналасқан тау қиясының биіктігімен сәтті ұштасып тұр» деп жазған.
Қазақтың түгел сөзін түп-төркініне жеткізе зерттеген Мәшһүр Жүсіп те Едіге батырдың мүрдесі Ұлытаудың шыңына қойылғанын жазған.
Жақсының атағы кетіп,
азабы қалар
Әулиенің әруағы кетіп,
мазары қалар,
– деген екен Мөңке би «Азарсың, жұртым азарсың» деген сөзінде. Жақсының атын ұмыттырып әруақты қуған заман болды ғой. Мөңке бидің мәңгілік орнын дәл таппағанымыз да сол сұрқия заман амалының зардабы болар. Дегенмен де… Осы жазғытұрым ақтөбелік Ермек Қартжанов деген азамат маған телефон соғып, Мөңке бидің Ақтөбе өңірінің топырағында жатқанын жеткізген еді. Жалаң сөз болмасын деп өзім де басқа жұрттан сұрастырып көрдім. Тағы да телефон шалған Ермек Қанат Айтанов деген азаматта нақтырақ дерек барына тоқталды. Қанат:
– Иә, Мөңке бидің көктасы болған, – дегенді кесіп айтты да, бұл туралы кәзір жетпіске жақындап қалған Қоспанова Ырысты деген кісімен тілдесуімді ұсынды. Менімен тілдескен Ырыстының сөзі де ширақ, ойы да анық екені көрініп тұр. Ырысты осы шаңыраққа 1977 жылы келін болып түсіпті. Атасы Байділла өмір бойы қой баққан адам екен. «Тың» дедік, басқа дедік, қазақ даласының құйқасын быт-шыт жыртқан заман болған. Соқаның түреніне кедергі болса қазақтың моласын да айғыздап кете берген тұс. Байділла бірде жыртылған жерден үшке бөлініп жатқан тасты тауып, біріне-бірін қиыстырып қараса молаға қойған көктас болып шықты. Бетінде «Мөңке би» деген жазу анық оқылған. Есуас «тың» игерушінің соқасы тиіп қираған Мөңке бидің көктасының тарихы мұнымен бітпеген. Гранит тастан істелген көктасқа біреулердің көзі түскен. Көрші Көкпектіде тұратын біреулер келіп, қол диірмен жасаймыз деп көктасты алып кетіпті. Сөйтіп Мұғалжар ауданының Қожасай деген жерінде үш ғасыр тұрған көктас әлдебіреудің қолында кетіпті. (Патша заманында Ш.Уәлихановтың басына қойылған көктасты да біреу диірмен жасауға алған ғой.)
Байділла ақсақал осы әңгімені үйіне келгендерге үнемі айтып отырады екен. Әсіресе, осы жағдайды ауылдасы Бәдел деген кісі қайта-қайта сұрастырып отырушы еді, – дейді Ырысты Қоспанова. Атасы Байділла 88 жасқа келіп, 1997 жылы дүниеден озыпты. Бұл туралы кезінде аудандық газет жазған еді дейді Ырысты.
Заманның долысы қанша қатты болса да әулие Мөңке бидің жатқан жерін ел жадынан өшіре алмапты. Сонау Шалқар жағынан келген Күләй есімді кісі Мөңке бидің басына көктас қойып кетіпті. Көңілді бәрібір бір сұрақ мазалайды: Көктасты Көкпектіден іздер ме еді? Біреудің шарбағының ішінде не диірмен болып, не бөлек-бөлек жатпасына кім кепіл.
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалары жетім болар,
Әйелдері жесір болар,– деп кеткен екен әулие Мөңке би.
Мөңке би көрген жетімі мен жесірі жоқ сол заман біз үшін аңыздай. Есімі де аңыз боп жатқан Мөңке бидің мәңгілік орны да Мұғалжар ауданының Қожасай деген жері екен.
Кәмел Жүністегі,
жазушы.