Руханият

Мәңгілік жырдың мерейі

«AMANAT» партиясының облыстық филиалы ғимаратындағы «Кітап – AMANAT» орталығында ақын, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы филиал активімен, жастармен, оқырмандармен кездесті. Рухани және танымдық-ағартушылық бағытындағы кеш айтулы ақынның 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.

Кешке жиналғандар дөңгелене тік тұрып, азаматын ардақтап күтіп алып, құрмет көрсетті. Төрдегі алып экранға орналастырылған адуынды ақынның сұсты бейнесі оның алапасын асырып тұрғандай.
Кездесу кешінің модераторы Гүлсім Қожахметова шараны құттықтау сөзімен ашты. «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбековтің құттықтау хатын партиялық бақылау инспекторы Олжас Адилов оқып, табыстады.
Әнші, Халықаралық конкурс­тардың лауреаты Дулат Аханов мерейтой иесінің құрметіне халық әні «Алқоңырды» және Үкілі Ыбырайдың «Гәкку» әнін әуелетті.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Кенжебалақызы мерейтой иесін құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. Ақынды жастық шағынан бері білетінін айтып, оның ақындық сертке адалдығын, азаматтық болмысын айрықша атап айтты.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналис­тика бөлімінің IV курс студенті Алданыш Олжабаева ақынның «Қара өлең һақында» өлеңін тебірене оқыды.

– Серік Ақсұңқарұлы 1980 жылдардың соңында Қарағандыдан табан аудармай кеншілер өлкесін қазақыландыруға, рухын көтеруге сүбелі үлес қосты. Өйткені, ол – Қасымнан кейін қасиетті Арқа топырағынан түлеп ұшып, қазақ өлеңіне олжа салған біртуар ақын. Ел аузында «Ақсұңқарұлының абадандары» деген аңыз тарап, шекпенінен буын-буын ақындар шықты. Әлі де бергенінен берері мол айтулы қалам иесі, – деп атап өтті ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асанов.

Ақын Эльмира Сайлауқызы, мерейтой иесінің «Кардиограмма» өлеңін шабыттана оқып берді.
Ал, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Ерсін Кәрібайұлы кеш иесінің көрегендігі мен ақындық қуаты жөнінде ой толғады.
«Шабыт» өнер академиясының түлегі Ералы Айтбай «Күй-шашу» күйін тарту етсе, Қарағанды жоғары политехникалық колледжінің II курс студенті Сержан Қадырхан ақынның «Рухтың көшуі» өлеңін оқыды.
Кеш соңында Гүлсім Шабдан­қызы ұйымдастырушылар атынан сыйлық табыстап, кеш иесіне қорытынды сөз ұсынды.

– Менің өлеңдерімді жастар сүйіп оқиды екен. Қуанып, толқып отырмын. Біздің буын пір тұтқан Қасымдар мұндай құрметтің біреуін де көре алмай кетті. Мен сол арманда өткен Қасым сынды тағдырлы ақындардың есесін мына қоғамнан қайтардым деп ойлаймын. Кездесуге шақырып, жырларымның мерейін тасытқандарыңызға алғысым шексіз. Қазақ поэзиясы жасасын! – деді Серік Ақсұңқарұлы.

Өзі «Дала философиясы», «Қасқырдың монологы» сынды өміршең өлеңдерін күркірей оқығанда зал сілтідей тына қалды. Бұл Арқа аспанында мәңгілік мандатын алған текті жырдың мерейі тасыған күн еді.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттер ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button