Жаңалықтар

Мәңгілік Елдің белгісі

Ежелден еліміз азаттықтың ақ жолында қаншама есеңгіреді, бірақ есінен танған жоқ, сүрінді, бірақ құлаған жоқ. Себебі, біз ықылым заманнан Тәуелсіздікті аңсаған елміз. Жат елдің құшағында, бодандықтың бұғауында жүріп, азаттықтың даяр күйінде әлдеқайдан өз аяғымен келе қалмайтындығын жақсы түсініп, жүрегіне сіңіре білген елміз. Тарих санасына бедерлі табанын нық тіреген елімізге биылғы барыс жылы үлкен жауапкершілік жүгін артып отыр. Өйткені, биыл Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толады.

Халқымызға патриотизмді насихаттау, жас ұрпақты Тәуелсіздік нышандарына құрметпен қарауға тәрбиелеу – басты мақсатымыз, асыл парызымыз. Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз – тарих, мәдениет, сонымен қатар ұлттың ерекше менталитетімен нығайтылған мәліметтер жиынтығы. Қатпарлы тарихымызды парақтасақ, бізге дейін мұра ретінде тарихи дәуірден қалған ерекше белгілер барлығымызға мәлім. Жалпы Мемлекеттік рәміздер арқылы мемлекетті, оның ұстанған құндылықтарын, тәуелсіздікке қалай қол жеткізгендігі туралы тарихын білуге болады. Қазақ халқының ерте заманнан өз жазулары, белгілері, нышандары болды. Түркі халықтарына ортақ болған руна жазуы тас тарихқа қашалды. Осы жазу үлгісінде Күлтегін, Білге Қаған ескерткіштері сияқты көне түркі мұралары біздің заманымызға жетіп отыр. Сол сияқты, біздің Мемлекеттік рәміздер кейінгі жұртқа мұра болып жетері сөзсіз. Атап айтқанда, рәміздер – еліміздің дербестігі мен тәуелсіздігін күллі әлемге жария етуші әрі мемлекетіміздің өткені, бүгіні мен болашағы арасындағы сабақтастықтың алтын көпірі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Яғни, мемлекеттік рәміздер ұлттық бірегейліктің қалыптасу тірегі және алтын қазығы.

Әрбір тәуелсіз мемлекеттің тұңғыш қадамы өзінің Туын, Елтаңбасы мен Әнұранын иелік етуден басталады. 1991 жылы Тәуелсіздігімізді жарияладық. Сол бір тарихи кезеңде Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандарын әзірлеу жұмыстары қолға алынып, батыл қадамдар жасалды. Бізге жеткен мәліметтерге сүйенсек, 1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік нышандарын дайындау жөніндегі жұмыс тобын құру туралы Жоғарғы Кеңес Президиумының Қаулысы шыққан екен. Соған сәйкес, арнайы комиссия құрылып, оның құрамында С.Әбділдин, С.Зиманов, С.Әбдірахманов, Е.Шәймерденов және басқа лауазым иелері болды. Сондай-ақ, Елтаңба, Ту, Әнұран жобаларына конкурс жарияланды. Оған көптеген шығармашылық өкілдері, талантты қылқалам шеберлері, сазгерлер мен ақындар қатысқан. Мысалы, Мемлекеттік Тудың конкурсына 600 адам қатысып, 1200 жоба ұсынылса, Мемлекеттік Елтаңба бойынша 245 жоба жасалған, ал Мемлекеттік Әнұранның іріктеу конкурсына 750 жоба жіберілген. Сонымен, 1992 жылы 4 маусымда маңызды оқиға болды: Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері қабылданды. Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңба құқығы Дүниежүзілік интеллектуалды қорғау ұйымына тіркелген.

Қабылданған халықаралық ережеге сәйкес, бұл құқық Париж конвенциясына қосылған 130 мемлекетте заңмен сақталады. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздері күні ретінде мерекеленеді. Тәуелсіз Қазақстанның Туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков. Сонымен қатар, Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Төл тарихымызда Әнұран екі рет қабылданды (1992; 2006). Алғашқы әнұранның сөзін Т.Молдағалиев, М.Әлімбаев, Қ.Мырзалиев, Ж.Дәрібаева жазғаны белгілі. Ал, оның әуені бұрынғыша қалған болатын. Араға біраз уақыт салып, бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Тозаң тұтпас тарихымыздың тұрқына көз жіберсек, рухани бірізді жіптің ұшын көреміз. Тарихты таразылағанда оның жасампаз сәттерін жарқырата түсетін мемлекетіміздің рәміздерін кеудемізді мақтаныш кернеп айта аламыз.

Тәубе!

Егемен ел атандық. Еңсеміз көтерілгендей. Азаттықтың ақ таңында Туымыз желбіреп, Әнұранымыз шырқалып, Елтаңбамыз елдігімізді танытып тұр.

Нұрдос КӘРІМ.

Басқа материалдар

Back to top button