Басты тақырып

Мәңгілік ел

«Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық».

Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Күні бойы қабағы бір ашылмай түнерген аспан астында серігінен айырылған қаншық қасқыр ерекше ұлыған еді… Көк бөрісінен, бөлтіріктерінен айырылып, көкірегін қарс айырған қайғысын, ащы запыранын ол осылай шығарды.

Ұлы дала төсінде еркін жүріп ұрпағын өрбіткен тұз тағысы, «тұз тағысы» болғанымен де «көк бөріні» пір тұтқан қазақ еліне «Көк тәңірінің» өзіндей көрінетін қасқырдың қан жылауы елге ерсі көрінді, жамандыққа жорып, шошына жағаларын ұстады…

Көкте көк тәңірінің қабағын қарс жауып түнеруі де, жерде көк бөрінің де жанының аспанға ұшуы тегін емес екен. Сол түні жаугершілік кезде Жыланды тауының етегін уақытша мекен етіп отырған Жәнібек ханның тоғызыншы ұлы Жәдік сұлтанның сүйікті жұбайы, Моғолстан ханы Жүністің қызы Нигар ханымның алтын құрсағына тағы бір асыл ұрық біткен еді!

… Нигар ханым таң аппақ болып атқанша көзін бір ілген жоқ. Бойын қалтыратқан ерекше бір алапат күш жерден көтеріп әкететіндей үрей биледі де тұрды. Бұрын басынан өткермеген сезім бе екен, әлде? Бір мезет қасқырдың зарлы үніне қосылып, ыңылдап әндеткісі келгені ме, қалай? Әлде, бұл қаншық қасқырдың өзіне арнап айтқысы келгені бар ма?.. Ол жағы беймәлім! Бірақ, бір қуаныш, бір қорқыныш билеген әйел жаны дәл осы күні өзінің ана атанатынын білмеген еді!

…Құрсаққа түскен бір тамшы қан күн өткен сайын жетіліп, періште сәби бейнесіне келе бастады. Кей кездерде күлімсірейтіні де бар, бірақ онысы өзіне ғана мәлім! Тіршілік иесі ғой, анасымен бірге қуанып, ренжісе қозғалысын қоя қойып, тың тыңдайтын. Жарық дүниеге асықты. Алдында не күтіп тұр, тағдыры қандай болмақ? Жо-жоқ, ондай ойлар оның ойына мүлдем келген емес. Тек анасының неге үнемі қобалжулы жүретіні ойландыратын. Кейде ана құрсағында жатып әкесінің қатқыл дауысын да еститін. Кім екенін әлі білмесе де осы адамның дауысы жанына жақын естілді. Көп сөзге ерік бермейтін қатал әкесінің қатаң дауысы оған жан тыныштығын сыйлайтын!

Өзінің бар қайғысын бір түнде сарқыған, жүрегі қара тасқа айналған қаншық қасқыр осыдан кейін ұрпақ өрбіткен жоқ, жалғыз жүріп күнін көре берді. Есесіне – оның айналдыратыны Жәдік сұлтанның ауылы болатын. Мал-жанға тиіспей, ауылды құр айналшықтап жүретін, зарлы үні жоқтаудай естілетін шуланға олар өздері де соқтықпады. Біреуі екі аяқты, біреуі төрт аяқты демесең, бір Тәңірімен жаратылған адам қайғысы мен аң қайғысының айырмасы жоқ. Ұзақ уақыт ауыр шайқасты бастарынан өткеріп, талай боздағынан айырылған Қазақ елі мен қасқырдың қайғысы ортақ болды.

Бір қызығы шулан көбінесе Нигар ханым жүрген жерден жылт етіп көрінетін. Құдды бір аруақ іспетті көзді ашып-жұмғанша көз алдыңда жылт ете қалатын, оны басқалары байқап та үлгермей қалатын. Аяғы ауыр жұбайының өмірі үшін алаңдауышылық танытқан Жәдік сұлтанды Нигар ханымның өзі тоқтатты. Көзге көрінбейтін бір алапат күш өзін шуланмен байланыстырып тұрғандай. Бір-бірін тілсіз түсінген олар ойша тіл қатысатын да…

Ал құрсақтағы сәби күн санап жетіле берді. Кейінгі кезде анасының мазасын алып, жиі қозғалатын болды. Қандай жағдайда жүрсе де Нигар ханым жыламауды үйренді. Нәрестесі ер жүрек болып тууы үшін. Өйткені дүниеге Әз-Жәнібектің немересін әкеледі ғой. Болашақ ел бастар батырдың мінез-құлқына өзі жауапты! Анасы көп жыласа баласы жасық болып туады деген ырымды естігені бар…

Ыстығы шекеден өтетін шілденің ыстығында біраздан бері көрінбей кеткен ақ шулан пайда болды. Әдеттегі қалпынан жаңылып, бір мазасыз кейіпке түскенін барлығы байқады. Түз тағысының бұл әрекетіне хайуан ғой деп мән бермеген ауыл адамдары өздерінің күнделікті тірліктерін жалғастыра берді. Бірақ, дәл осы күні айы, күні жеткен Нигар ханымның да толғағы басталған еді. Таң алагеуімінен ішін бүріп бастаған толғақ түс ауа тіпті үдей түсті. Сай-сүйегін сырқыратып, жанын қоярға жер таба алар емес. Қасында айналшықтап жүрген аққол әйелдерге жалынышты көзімен қарап, аласұрып жатыр. Аяқ астындағы жер қаққа айырылып, ыстық отқа тастап жібергендей болған денесі қорғасындай еріп, құйылып жатқандай. Жаны құрғыр да шырқырап барады. Тоғыз ай бойы өзін қайсарлықпен ұстаған Нигар ханым көзінен аққан жасын тоқтата алар емес. Қашан? Қашан? Шет-шегі бар ма бұл тозақтың?

Өзін өмірге әкелген анасы келді көз алдына. Қалай, қалай ғана қинауға болады адамды, о Тәңірім? Ана болу бақыт болса, осынша қинаудың қажеті қанша?

Түн жарымында толғағы бір сәтке басылған уақытта құлағына өзіне таныс үн келді. Ия, бұл көптен көрінбей кеткен шуланның үні ғой, неліктен пайда болды ол тағы. Әйелдің ауырсына ыңырсыған үніне қасқырдың ұлығаны қосылып, қалжыраған денеге дем бергендей болды.

Шыда, шыда, – дегендей еді ол.

Сен де бір кезде ана болдың ғой, ақ шулан. Неге сонша қиналамын, нәрестемнің жағдайы қалай болмақ? – деп, тағы үнсіз тіл қатысты екеуі.

Оңайлықпен не келген, күресе жүріп шыңдаламыз. Сен ұлы халықтың ұлы мұратын жалғайтын ұрпақ әкелесің өмірге! Шыда, шыдай түс!

Таң бозында бір сәтке қалғып кеткен ауылды шар етіп жылаған сәби үні оятты. Осы бір сәтті күтіп тұрғандай болған ақ шулан да ғайып болды. Көкке ұшты ма, жерге түсті ма, түсініп болмайтын құбылыс көптің көңілінде жұмбақ болып қалды… Ал көк бөрінің аруағы қонған ұлын Жәдік сұлтан Тоғым деп атады.

♦ ♦ ♦

…Бала көңіл дүниенің бар­лығын танып болмайынша тоқтар емес. Бұлт торлаған аспан артынан күлімдеген күннің шығуы, ызғарлы қыстан кейін жадыраған көктемнің келуі… Қызыл қанға боялған ұрыс даласы… Қырға қаптай шыққан алқызыл гүлдер… Алмасқан дүние! Ал сонда – адамның өмірге келудегі мақсаты не? Бүгін әкесінің жерге шаншыған найзасының ұшына келіп қонған нәзік көбелекті көргені бар! Ұлпа қанаттарын еріне қағып, бір сәтке тына қалған үнсіз сұлулыққа таңдана қарады. Табиғаттың бар бояуын бойына жиғандай болған кербез көбелектің мұраты сұлулық сыйлау болса, өзінің өмірлік мұраты қандай болмақ?

Жылжып жылдар өтіп жатты. Көк бөрінің жаны аспанға ұшқан күні Көк тәңірінің өзі қолдап, анасының жатырында пайда болған күннен бері тоғыз ай бойы қасіретін өзі көзімен көрмесе де жанымен сезініп жетілген, дүниеге келгеннен бері өзі куә болып өскен елінің тағдыры жиі алаңдататын. Төрт құбыласы түгел, аяғында нық тұрған, төрткүл дүниенің төрт бұрышын өзіне қаратқан, қарсы келген жауы бет қарауға шыдамайтын мықты, мәңгі ел жасауы керек емес пе еді? Ия, кейінгі кезде мазалап жүргені де осы ойлар… Ұлы даладағы ұлы күрестің де шет-шегі көрінер емес. Ішіндегі көк бөрінің рухы да маза таптырмай, кейінгі кезде тіпті жан жарасын ауырта тырнап жатыр. Ұлы мұратың, мәңгілік ұлы мұратың осы сенің дегендей тіл қатады ішінен.

Отты да өткір көздерімен жан-жағына көз тастады. Қаһарлы әкенің ойға батқан сәтіне бөгет болмайық дегендей елінің тоғыз қабат қорғанындай көрінетін, тоғыз сары атанған тоғыз ұлы да бастарын төмен салып ойланып қалыпты.

Ойына бала күнгі найза ұшына қонған көбелек оралды. Бір сәттік тыныштық, бір сәттік қана құбылыспен бала жанында мәңгілікке жатталып қалған көбелек құрлы қауқарым болмады ма? Сонда… сонда көбелек ғұмырымда көбелек құрлы естелік қалдырмасам Жәнібектің немересі, Жәдіктің ұлы Тоғым хан атанып жүргенімнің құны көк тиындық емес пе? Ортада отырған хан терең күрсінді…

Жоқ, мүмкін емес, қазақ жер бетінде мәңгі жасайтын ел болады! Міне, біздің басты мұратымыз!

♦ ♦ ♦

Тоғым хан өзбек ханы Ұбайдолла мен моғол ханы Әбдірашитпен  Ыстықкөлдің шығыс жақ бетіндегі Санташ деген жерде қиян-кескі ұрыс жасады. Әттеген-ай, жау жақтың әскерінің саны өзінен әлдеқайда көп болмағанда айласын асырса да бірдеме қылар еді-ау… Жоқ, болар емес, өзінің ойсыра жеңіліп бара жатқан әскеріне қарап жүрегі қан жылады. Тоғыз ұлы да, қасындағы сұлтандары да жанталасып-ақ жатыр.

Артына қарайлай берген Тоғым ханның иығына жау жебесінің қадалғаны… Ат үстінен сырғып түсе берген әкесін демемекке ұмтылған ұлына қарсы шапқан жау жағының бір шерігінің қылышы жалт етті де, ұлының мойынын қыршып өтті…

Жо-жоқ, бұл қалай болғаны? Тоғыз ұлым елімнің тоғыз қабат қорғаны еді ғой… көз алдымда жан тапсырғаны ма? Тоғым ханның тайсалмай қарайтын отты көздеріне мөлдіреп жас келді. Жылауды да ұмытқалы қашан. Дүние астаң-кестең… ешкімді танып болмайды. Адамзаттың қолымен жасалған мына қатыгездікті көрмейін дегендей күн де түйіле келген қап-қара бұлт арасына жүзін жасырды.

Ат үстінен құлаған Тоғым ханның жарасынан аққан қанымен бірге көз жасы да көл болып ақты. Жігерсіздігі емес, ұлы халқын ұлы мұратына жеткізе алмаған күйініші көзінен жас болып шықты! Жерін қорғаған батырларын ақтық сапарға арулап шығарып салғысы келгендей нөсерлетіп жаңбыр да денелерін шайып жатыр. Жаны шығар сәтте Тәңірінен соңғы тілегі «Мәңгілік ел!» болған Тоғым ханның қанымен араласқан жаңбыр суы жерге сіңіп жатты…

♦ ♦ ♦

…Ауыл сыртында қара таяқты ат қып мініп жүрген қара бала нөсер астында қалды.

♦ ♦ ♦

Қазақ елі бұл күні төрткүл дүние мойындаған мемлекеттердің бірі! Ұлы халықтың бір ұрпағы Ұлттың ұлы мұраты – Мәңгілік елді орнатты!

♦ ♦ ♦

Бірнеше ғасырлар өткен соң Тоғым ханның арман-тілегімен бірге жерге сіңген жаңбыр суы аспанға бұлт болып көтеріліп, жерге қайта жаңбыр болып жауғанда нөсер астында қалып, көк бөрінің рухын бойына сіңірген ұлдың есімі Нұрсұлтан болатын…

Салтанат Ильяшова

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button