Рухани жаңғыру

«Мәңгілік Ел» мирасы

    «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қарағанды политехникалық колледжінің кітапханасы облысымызға арналған «Туған жерім – Сарыарқа» атты тарихи өлкетану кешін өткізді.  Аталмыш шараның мақсаты – жас ұрпақтың бойында  Отанына, жеріне деген патриоттық сезім қалыптастыру, ұлттық салт-дәстүрді, еліміздің мақтаныштарының үлгі-өнегелерін құрметтей білуге тәрбиелеу.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақстандықтардың қоғамдық сана-сезімін жаңғыртудың бірнеше бағыттары белгіленген. Соның ішінде «Туған жер» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Бұл жоба өңірлік мәдениетке қызығушылықты арттыруға бағытталған және сол арқылы патриотизмді дамытып, туған өлкені білуге, рухани-мәдени өмірді жаңғыртуға және ата-баба дәстүрлерінің сабақтастығына жол ашады. Елбасымыз Н.Назарбаев атап өткендей,  «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады».

Осы орайда, «Туған жер» бағдарламасы аясында Қарағанды политехникалық  колледжінің кітапханасымен ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына арналған бірқатар іс-шаралар өткізілді. «Мәңгілік Ел – ұрпақтың мәңгілік болашағы», «Латын әліпбиі – заман талабы», «Қазыбек би мұрасы – мәңгілік ел мирасы» тақырыптық кітап көрмелерін ұйымдастырды. Сонымен қатар, колледж студенттерімен бірге  облыс тарихына, өнеріне, атақты ақын-жазушылары мен батырларына, қоғам қайраткерлері мен құрметті азаматтарына арналған «Туған жерім – Сарыарқа» атты тарихи өлкетану кешін өткізді.

Жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеу, өз елін мақтан етуге, өткенді құрметтеуге баулу көзделді. Кіші Отан туралы білімнің кең ауқымын пайдалана отырып, оның ұлылығын, терең тарихи тамырларын көрсету, тарихи және мәдени мұраны құрметтеу мақсаты жоспарланды.

Колледж студенттерінің алғырлығы  мен жауаптылығының арқасында аталмыш шара жиналған қауымның көңілдерінен шығып, өте қызықты әрі тартымды өткендігі қуантты. Шараға барлық топтар атсалысып, энергетика бөлімінің студенттері барынша белсенділік танытып, конкурстық номинацияларға жауапты болды. Тарихи өлкетану кеші кітапхана меңгерушісінің (осы жолдардың авторы) кітап көрмесіне шолу жасауымен аяқталды. Көрмеде жаңа буынның кітаптары мен энциклопедиялары – «Қарағанды. Қарағанды облысы», «Қазыналы құтты өлке», «Құт қонған Қарағанды», «Город солнечного камня», сондай-ақ, 1949 жылы шыққан «Молодость Караганды» сирек кітабы ұсынылды.

Өткізілген шаралардан кейін оқырмандар кітапхана ұжымына алғыс білдіріп, алған әсерлерімен бөлісті.

Жалпы, кітапхана тарихи жадының жинақтаушысы іспеттес, ұрпақтар арасында ақпараттық таратушы ретінде қызмет етеді және патриоттық дәстүрлердің абыройлы сақтаушысы болып қала береді. Алға қойған міндеті де оңай емес – кітап арқылы өскелең ұрпақтың бойында жоғары әлеуметтік белсенділік дамыту, азаматтық жауапкершілік, руханилық, Отанына деген сүйіспеншілікті арттыру. Сондықтан, патриотизм –  кітапхана жұмысының басым бағыты болып табылады.

С. ШӨМЕНБАЕВА,

Қарағанды

 политехникалық колледжінің кітапхана меңгерушісі.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button