Мәңгі өмірдің алауы
Алаш астанасы Нұр-Сұлтан қаласына жол Теміртаудан шығады. Тас жол да, темір жол да. Темір жол дәл Теміртаудың үстімен өтпесе де, шалғай емес, қапталындағы Қарағандымен тартады. Теміртау мен Қарағанды туысқан, аспандағы түтіні бір-біріне ұя салған шаһарлар. Арқа жұртшылығы былай тұрсын, сапарға Алматыдан шықсаңыз да, Шамалғанда тусаңыз да солай. Елордасы астанаға жетудің төте жолы тек Теміртау ғана.
Сапар деген жол, жол деген өмір. Тәңірдің мөрі – тағдыр демі өмірдің өзі жол білгенге. «Ер азығы мен бөрі азығы – жолда» деген қазақ. Тұңғыш Президент Теміртауға Днепродзержинскіден (Украина) келіпті. Таңдауды өзі жасағанын айтпай ма бір сөзінде?! Қазақ даласында барам десе, қала құрып қалған жоқ. Оқу бітіре сала дүр сілкінген жас қыранның көзі бірден осы топыраққа түскен. Сонау дәуірлерден бері Қазақтың жады мен жүрегіне сіңіп, ұлтпен бірге жасап келе жатқан «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Жауыртау – бүгінгі Теміртау. Қазақтың ең көне жырларының біріне жататын «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» екі мың жылдық тарихы барын Әлкей Марғұлан айтады. Демек, ұлттың екі мың жылдық сана-сезімі мен ой-өрісінің арқауы осы жырдан қылаң ұрады. Біздің елдің лиро-эпостық жыры, махаббат символы. Тәңірінің қалауымен маңдайы жарқырап туған тұлғалардың тағдыры осылай құрылады. Табаны Теміртаудай екі мың жыл бұрын халық аузына көшкен тарихи мекенге тиеді. Ауыздан-ауызға екі мың жыл көшкен дастан сол халықтың табиғаты мен болмысынан қайнап шыққан жаны десе жарасады. Екі мың жылдық уақыт кернеуі тұла бойын тербеп, қанымен қоса ақпаған адам дүниеге «Мәңгілік Ел» идеясын да жариялай алмас еді. Тағдыр жолы мұны Нұрсұлтан Әбішұлының маңдайына жазыпты. Ғаламатты көрмейсің бе?! Қалам десе, Алматысы, барам десе басқа да қалалар жетер еді. 1945 жылға дейін Самарқанд аталған Теміртау аты соғыс кезінде болат құйып, онысы майданға жөнелтіліп, содан қалғаны бір әңгіме. «Тұңғыштарға тұғыр болған Теміртау» тіркесі тектен текке тумаған, демек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш еңбек жолын бастап, алғаш шойын балқытқан, тұңғыш Қазақстан Магниткасы да осында ашылған. Астана тұрмақ, алғаш Алаш баласының Айға қонбағына да сеп болған Теміртау. Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров те еңбек жолын осында бастағаны белгілі. Бір-бірімен таныс-біліс бола бастағанда қазақ әуелі туған жері мен өскен аймағын сұрайтыны тегін емес екен-ау. Адам – топырақтың перзенті. Сол топырақтан көктеген өсімдік атаулының бәрі Күнге қарап бой түзейді. Маңдайы жарқырап туған адам баласының артықшылығы – пешенесіне Тәңірінің қасиетті жазуында. Елбасы биыл сексеннің сеңгіріне шықса, Теміртау қала мәртебесін алғалы 75 жылдың жүзі болыпты. Қаланың арғы тарихы мен онда еңбек жолын бастаған Елбасының ақылой қуатымен өлшесе, неше мың жылдарға баруға болады?! Адамның есайнасына (жады) көшкен арғы-бергі тарихты былай қойғанда, болашақты бағамдауы және бар ғой. Уақыт пен кеңістіктің шымылдығын түріп, бір мезет әріге көз жібере алатын қасиетті Алла сүйген құлының маңдайына жазады да. Елорданың дәл іргесіндегі Теміртаудың аты бүгін де Елбасының еңбек жолын бастап, түлеуіне негіз болғандығымен әйгілі. Қозы мен Баянның жырында қалған топырақ неше мың жылдық тарихты бүгіп жатыр ішіне? Ұлттың болашағына шамшырақ болған тұлғаның ақыл-ойы мен сол тарихтың қоламтасы қоздағанда, мәңгі өмірдің алауы көрінбей ме? Сол сөнбесін деп тілейік!
Жәнібек ӘЛИМАН.