Руханият

Мәдидің мәңгі мұрасы

Қарағандыдағы «Сары­жайлау» кинотеатрында «Ел еркесі – ер Мәди» деген ат­пен халық композиторы, ән­ші, күрескер ақын Мәди Бәпиұлының туғанына 145 жыл толуына орай әдеби-танымдық іс-шара өтті.

СУРЕТТЕ: «Ел еркесі – ер Мәди» ат­ты әдеби-танымдық іс-шарадан көрініс, ұйымдастырушылардан

Оны ұйымдастырған Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың өнертану бөлімі жиналған қауымға мереке кейіпкерінің өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат беруді мақсат етіпті. Өйткені, мұнда келгендердің көпшілігі болашақ кенші студенттер екен.

Мәдени іс-шара белгілі әнші, өнертанушы һәм киногер Ерлан Төлеутай түсірген «Мәди» деректі телефильмімен басталды.

Әнші-композитордың төл шығармаларымен әдіптелген кинокартина көрер­мендерге оңды әсер етті. Одан кейін соңғы ширек ғасырдың көлемінде Мәди Бәпиұлының өмірі мен шығармашылдығы туралы бірнеше еңбек жазған қаламгер, Қазақстанның Құрметті журналисі, Мәдениет қайраткері Ермек Балташұлы композитордың туып-өскен ортасына, талайлы тағдырына қатысты деректермен бөлісті.

Жиынға қатысқан еңбек ардагерлері, Қарқаралы ауданына қарасты Едірей ауылының тумалары Мақсұт Жұмашұлы мен Құсайын Өсенұлы Мәди жайлы қариялардан естіген естеліктерін айтты.

Шараның соңында кітапхана қызметкерлері «Жарқын бейне» деген атаумен Мәдидің әндері және ол туралы жарық көрген шығармаларды арқау еткен әдеби-танымдық викторина өткізді. Сұрақтарға жауап бергендер тиісті тарту-таралғыларға ие болды.

Жиналған үлкен-кіші мазмұнды іс-шара өткізген кітапхана қызметкерлері Балжан Оспанқұлова, Мақпал Түсіпбаева және Нәзия Төребековаға алғыс айтып тарасты.

P.S. Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының өнертану бөлімі осының алдында әнші-композитордың туғанына 145 жыл толуына байланысты «Ел еркесі – ер Мәди» атауымен подкаст түсірген еді. Ол бір аптаға толмайтын уақыт ішінде мың қаралым жинапты. Халықтың Мәдиге деген ықыласы осындай.

Өз тілшімізден

Басқа материалдар

Back to top button