Мәдениет мәйегі – жазу
Пришахтинскідегі «Молодежный» Мәдениет үйінде «Латын әліпбиіне көшу – ұлттық сананы жаңғырту» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Латын әліпбиіне көшу мәселесі – еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері көтеріліп келеді. Жазу – барлық халыққа ортақ, мәдениеттерді жалғастырушы, байланыстырушы құндылықтардың бірі. Халықтың ғасырлар бойы игерген барлық жетістіктері жазу мұрасы арқылы танылады. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында бұл мәселеге ерекше зер салынып, толымды ойлар айтылды. Аталған мақалада Президент «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деп атап өткен еді.
Міне, «Молодежный» Мәдениет үйінде өткен келелі шара да осы мәселені тілге тиек еткен еді. Тақырыпқа сәйкес, №2 қалалық жасөспірімдерге қызмет көрсететін кітапхана филиалының қызметкерлері «Латын әліпбиі – болашаққа нық қадам» атты кітап көрмесін қатысушылар назарына ұсынып, шолу жасады.
Шараға Октябрь ауданы «Нұр Отан» партиясы басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Аманжолова, №2 қалалық жасөспірімдерге қызмет көрсететін кітапхана филиалының меңгерушісі Айжан Исина, сонымен бірге, баяндамашы ретінде «Молодежный» Мәдениет үйінің халық шығармашылығы жөніндегі әдіскері Болат Төлеубаев қатысты. Жиналған көпшілік баяндамашыларға өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, көңілге қонымды жауап ала алды.
Р.АҒАЙДАРОВА,
«Молодежный» мәдениет үйі әдіскері.