Жаңалықтар

Мұқат СОЦИАЛОВ: «Апат болған күні қазақтың 300 жігіті барды»

1986 жылдың 25-нен 26-шы сәуіріне қараған түн талайдың өмірінде қаралы күнге айналатынын сол кезде ешкім білген жоқ. «Сотталғандар» деген сұмдық лақап атпен Чернобыль атом электр станциясы жарылған түні қазақтың небары 18-19 жастағы өрімдей жас, тепсе темір үзетін жастарын тірідей өлімге айдаудың сырында не жатыр? Махамбетше айтқанда, онының өзі жер қайысқан қолды құрайтын болса, Қазақстанның 7 облысынан сайдың тасындай іріктелген 300 қазақ жігітінің алапат күшін елестете беріңіз осыдан кейін. Атомның не екенін жете түсінбейтін, қайда, не үшін келгенінен мақұрым, өмірін енді бастаған өрімдей жастарды оттың ортасына тастап кеп жібергенде, талайларына жазылған тағдырлары да тәлкекке ұшырайтынын білген жоқ. Сол 300-дің біреуі – Шет ауданынан 1985 жылдың мамырында 18 жасында әскерге шақырылып, Украинада міндетін өтеп жүрген – Мұқат СОЦИАЛОВ еді…

Суретте: Чернобыль апатын жоюға қатысқан ардагер, ІІІ-топтағы мүгедек Мұқат Социалов.

– Аға, сіздерді Припять қаласына жібергенде ол жерде не болғанын білдіңіздер ме?

– Шыны керек, ол кезде атом электр станциясы жайлы да, радиацияның да не екенін білмейміз. Түнде «әскери дабыл» берді де, алты сағатта сол жерде болдық. Бұған дейін химик-барлаушы ретінде айына кемі бір-екі рет оқу дабылдары болып тұратын. Қызметіміз – дозиметрмен радиацияның мөлшерін өлшеу. Колоннамен келгеннен кейін қала шетіне келіп тұрдық. Кімнің не істеу керегін ешкім білмейді. Адам деген ырғын. Командирлер алдыға озып кеткен. 19 жастағы баламыз, бәрі қызық. Машинада отыра беруден жалығып, жерге түсіп, шөптің үстінде жаттық та. Командиріміз келіп, «өлетін шығармыз» дегенде ғана жағдайдың қаншалықты қиын екенін білдік. Радиация мөлшерінің көптігі сонша, дозиметрдің тілшесі тоқтамайды да. Қап-қара болып кеткен газтұтқыштың камерасын лақтыруға тура келді.

– Келген кездегі жағдай қалай еді?

– Припять қаласының жанында үш күн жаттық. Содан кейін жан-жақтан тікұшақтар келе бастады. Алаңға келіп қонып жатқандарының шет-шегі жоқ. Не болғанын жергілікті тұрғындар да білмейді, «соғыс басталды ма?» деп бізден сұрайды. Үш күннен кейін халықты эвакуациялауға дайындай бастады. «Икарус» автоубстары әкелінді. Химик-барлаушы ретіндегі міндетіміз радиацияны өлшеу болғанымен, приборлар істен шыққан. Көлемінің өте үлкен екені онсыз да белгілі, өлшеудің де мәні жоқ. Химиялық қорғаныш ротасының солдаттары арнайы өңдеу пунктін орнатып, жылы суға езілген арнайы ұнтақпен жолдың екі жағынан тұрып, әр өткен автобусты өңдеуден өткізді. Менің міндетім – радиацияны өлшеу. Радиация мөлшері үлкен жерлерге жалауша қыстырып кетеміз, кейіннен химиялық қорғаныш ротасының солдаттары арнайы қоспамен жуады.

– Ауаның өзі радиацияға тұнып тұрғанын біле тұра, сол жерде болу қорқынышты болған жоқ па?

– Басында білген жоқпыз, не нәрсе екенін. Кейін естігеннен кейін де балалық па, әлде көзге көрінбегеннен кейін бе, қорқыныш бола қойған жоқ. Өзіміз де барлаушы болғандықтан, қай жер қауіпті, қай жермен жүруге болмайтынын білесің. Үстімізде де жұмыс киіміміз бен түрме киімінен бөлек, қорғаныш құралдары болған жоқ. Күннің ыстығынан үнемі респиратормен жүру мүмкін болмағандықтан, шешіп тастадық. Оның үстіне жылап-сықтаған халықты көшіру де міндетімізде. Сол жерде 7 күн болып, эвакуацияланған халықпен бірге біз де қайттық. Себебі, үлкен мөлшерде радиация алдық. Анықтама қағазында сағатына 26 рентген жасалғанмен тең деп жазылғанымен, одан да жоғары болғанын білеміз.

– Ал, Чернобыльден келгеннен кейін, тексеруден өткізді ме? Болмаса радиацияның салдарын айтты ма?

– Иә, келгеннен кейін госпитальға апарып, тексерді. Жататындар жатты. Біз аурухана көрмеген даланың баласымыз, ауруды елемейтін әдетпен, қаралған да жоқпыз. Бірақ, денсаулықтарың нашарлайды деп ескертті. Негізі, 2-3 баласы бар, жасы үлкендерінен алуы керек болды ғой, бірақ, арасында біз сияқты солдаттар да кетті. Біраздан соң Киевке кіреберіс жердегі арнайы өңдеу постына жіберді. Сол жерде үш ай қатарынан қауіпті аймақтан келетін көліктердің радиациясын өлшеп, қалаға жуып кіргізіп отырдық. 1987 жылы радиация арқалап, елге оралдым.

– Қазақтың 300 жігіті барды деп айттыңыз…

– Иә, кездейсоқ па, білмедім, қауіпті аймаққа жіберілген солдаттардың 70 пайызы – қазақтар. Радиация мөлшерін анықтаған да, оны азайту үшін көліктерден бөлек, ғимараттарды да жуып-шайған, орманның ортасында радиацияға ұшыраған көліктерді көметін қойманы қазғандардың дені – қазақтың біз сияқты жас балалары.

– Бір сөзіңізде үстімізде түрме киімі болды деген екенсіз?

– Иә, бізге түрменің қап-қара киімдерін әкеліп берді. Егер біреу-міреу тексеріп, сұрай қалса, солдаттар емес, «сотталғандармыз» деп айту үшін. Шынында, ереже бойынша мұндай қауіпті жерге үйленген, балалы, жасы отыздан асқандар баруы керек-тін. Кеңес үкіметінен әйтеуір бір ши табуды көздеген шетелдіктер журналистерін жіберіп бақты. Бірақ, қалай болғанда да, әуелде барып, халықты көшіріскен де, кейіннен саркофаг салуға көмектескендердің де дені – солдаттар. Түрме демекші, 1986 жылы Қазақстанда желтоқсан көтерілісі болған кезде біз «националистер» ретінде қамауда отырдық. Қазір ойлаймын, егер Желтоқсан көтерілісі Чернобыль апатынан бұрын болғанда, сол жерде болған қазақ жастарының бәрін радиацияның ортасына салар еді деп.

– Сонда қалай?

– Желтоқсан көтерілісі болғанда полктағы қазақтың бәрін жаңа жылға дейін «Ленин бөлмесіне» қамап тастады. Күнде жиналыс, ана генерал, мына генерал бір келіп, дәріс оқиды. Айтатындары – «наркоманы, алкаши, националисты». Сол кезде орысшаны да дұрыс түсіне қоймаймыз, ол сөздердің не мағына беретінін де, не болғанын да білмейміз. Кейіннен бір күні бөлмеге кішкентай бойлы бір офицер кіріп, «Қазақстаннансыңдар ма?» деп сұрады. «Иә», дейміз. Қолымызды алып, «Нағыз ұлтжанды ұлт екенсіңдер, жарайсыңдар! Нағыз ер екенсіңдер!» деді. Сөйтсек, украиндық офицер екен. Сонда ғана елде не болғанын білдік.

– Әңгімеңізге рахмет.

Р.S. Кейіпкердің кейінгі өмірі жанталаспен өтіп келеді. Дәрігерлер «ұзақ өмір сүрмейсің, денсаулықтарың жарамсыз, бала сүйе алмайсың» десе де, шаңырақ көтерді. Балалы-шағалы болды. Бірақ, етінен өтіп, сүйегіне жеткен радиация генетикалық тұрғыда балаларына да өткен. Қолдан келер қайран жоқ, оған дәрігерлердің өзі де шарасыз. Мылтықсыз майданға бергісіз апат аймағынан кебенек киіп оралғанымен, туған жерінде радиация салдарынан кебінге оранды.

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button