Білім

Мұғалім миссиясы

«Аймақта ұстаздықты кәсіп емес, ұлы қызмет дейтін кім бар?» деп көпке сұрау салғанда жалпақ жұрт Мөлдірді айтқан-ды. Әділ бағаны көптен асырып кім қояды? Шәкірттерінің білім додасында топ жарып жүргенін, мұғалімдікті жан-тәнімен шын жақсы көретіндігін, былтыр елімізде «Үздік ұстаз-2022» жеңімпаз танылғанын төңірегі ғана емес, түгел жұрты тілге тиек еткен. Халық айтса, қалып айтпайтыны әманда аян. Өңірде емес, республикада үздік танылу екінің бірі, егіздің сыңарының пешенесіне бұйыра бермейтін бақ екені анық енді. Ол болса, Мөлдір Жақсыбайқызының жиырма жылға жуық мұғалімдік еңбегінің нәтижесін көрсеткен бір белесі ғана іспеттес. Алда әлі талай асу бар.

Бүгінде «Үздік ұстаз» – Мөлдір кім?» дегенге келсек, педагог-зерттеуші, пән олимпидасында республикалық жүлдегер жүйрігін баптаған ұстаз. Шыны керек, шәкірттері олимпиадаларда бәйгені шаппай алатындай деңгейіне ел куә. Оның өзі ұстаздың ұстамы қандай екенін аңғартса керек-ті. Ал есімі «Қарағанды облысының білім саласындағы 100 жаңа есім» қатарынан табылды. Тегін емес-ті. Мұның өзі де соқырға таяқ ұстатқандай айқын біраз ақпар береді емес пе?

«Бір қызығы мен мұғалімдікке жүрек қалауымен келгеніммен, ең алғаш ағылшын тілі мұғаліміне қызықтым. Алайда, өзімнің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімімнің нұсқауымен қазақ тілі мен әдебиет пәні мамандығын таңдадым. Ұстазым «Сен анаңнан ұстаз болып туғансың» дегенді жиі айтатын. Қазір ойлаймын, расында да солай екен деп. Ұстаздың көрегендігіне тәнтімін. Ал бүгінгі ұстазға қойылатын талап пен жүгіріп жүріп өмір сүретін өзімнің ұстаздық ғұмырыма қарап, жалпы осы күні мұғалімдікке кездейсоқ келген мамандар жоқтың қасы деп білемін», – дейді Мөлдір Жақсыбайқызы. Лайым, солай болғайды. Әйтпесе, ұстаздың қолында ұлт болашағының кілті тұрғаны баршаға мәлім. Оны күнде жар салып, айта бермесек те, көкіректе сайрап жатқан дүние.

Енді мұғалімдік миссияға адал болу үшін қайтпек керек? Осы турасындағы сауалға Мөлдірдің өз философиясы бар. Ол – алдымен «адамдық миссияға адал болуы керектігі».

«Мұғалімдік миссияға адал болу үшін, алдымен адамдық миссияға адал болу керек пе деймін. Жақсы адам болмай, жақсы мұғалім де бола алмайтын шығармыз. Алаш қозғалысының қайраткері, ақын, қазақ әдебиетінің жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаев: «Мен шәкірттің шырағын жағу үшін мектептемін» деген екен. Егер ұстаз өн бойына оқушыға деген, өз мамандығына деген сүйіспеншілікті жинақтаса – ол нағыз ұстаз бола алғандығы. Мен, расымен, ұстаздығымды шексіз сүйемін. Оған күніне мың себеп табылады. Өзімді бұрынғы мұғалім мен қазіргі мұғалімнің ортасындағы көпір іспетті сезінемін. Қазіргі жаңашылдықтың берері де көп, бүгінгі мұғалім сабақ берудің түрлі тәсілін меңгерген, әртүрлі плотформаларды қолданып, түрлі әдістер арқылы баланың қызығушылығын арттыра алатын шебер адам. Бірақ өз басым әдіс қуалап, өзгеріс жасаймыз деп өзегіміз талып, ішкі құндылығымызды, өзіміздің тағылымды тәрбиемізден ажырап қалмасақ екен деймін. Ұлттық болмысымыздан алыстамай жаңаруымыз керек.

Менің миссиям:

Айтарым бар, айтып та жүрмін бірақ,
Бөтен сөзден, басқа ойдан тұрмын жырақ.
Ұстаздықтың ұлықтап ұлы жолын,
Осы жолда мәңгілік қылдым тұрақ.


Әдебиетті «өмір» деп біл демекпін,
Әдебиетті «өнер» деп сүй демекпін.
Сөз құдірет жөнімен сөйлей білу,
Жаратқаннан берілген сый демекпін.

Бір Алладан келетін несібенің,
 Бұйыртқанын бөліп жеп өсіп едім.
Енді өзім де ізімнен ергендерді,
Адамдықтан аттатпай өсіремін» дейді Мөлдір.

Мөлдір мұғалімнің ойынша, ұстаздың беделін заң емес, ұстаздың өзі көтереді.

«Ұстаздың беделі заңмен көтеріледі деп ойламаймын. Ұстаз өз беделін өзі көтереді. Алайда, «Педагог мәртебесі туралы» заң – мұғалімдік мамандыққа сұранысты арттырған сияқты. Оған бүгінгі болашақ мұғалім – студенттердің көптігі дәлел. Кезінде қоғамның талқылауындағы ұстаздар жайлы келеңсіз пікірлерден кейін ойымды былай деп қағаз бетіне түсіріппін:

Кетірмейік ұстаздық бағамызды,
Жаман ұғым баспасын санамызды.
Өзімізді өзіміз бейшара етпей,
Тек өзіміз емдейік жарамызды.

Себебі, Бақытымыз біздердің шәкірттерде,
Баршаға аян, жатпайды жақұт жерде.
Мұғалімдік – ең таза мамандық қой,
Барын тегін беретін шәкірттерге.

Біз, мықтымыз, адалмыз, тап-тазамыз,
Біздер жайлы жазылған аппақ аңыз.
Саясатпен, билікпен, басқасымен,
Атымызды аяққа таптамаңыз!..»

Ұстаз-жүректегі ақын-тілек – осы. Бұдан соң ұстаз «Азбайтұғын адамның алтындығы» (Ғафу) екеніне шүбәсіз сеніп, куәсіз қол қоймай қайтесіз?! Не десек те, расымен, «Ұстаз болу – сезімнің ақындығы».

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button