Ұлытау

Ұлытауда тариф құны төмендейді

Бұл туралы аудан әкімдігінде өткен кезекті аппарат жиынында мәлім болды. Аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кезекті аппарат жиынын аудан әкімінің міндетін атқарушы Мақсұт Оспанов жүргізді. Басқосуға аудандық мәслихат хатшысы Талғат Сейтжанов, аудандық қоғамдық кеңес және аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағалары, мекеме, бөлім басшылары, село, кент әкімдері қатысты.

Мәжілістің күн тәртібінде ауданда халыққа коммуналдық қызмет көрсету түрлерінің сапасын арттыру және баға (тариф) айналымының қалыптасуы туралы мәселе қаралды. Бұл тақырып төңірегінде ауданның ТҮКШ, ЖК, АЖ және ТИ бөлімінің тұрғын үй инспекторы Е.Әубәкіров баяндама жасады. Оның айтуынша, аудан бойынша ауыз су және кәріз желісіне «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылығы» КМК және «Жезбұлақ» КМК қызмет көрсетеді. «Ұлытау аудандық көпсалалы коммуналдық шаруашылық кәсіпорыны» облыс бойынша Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігі басқармасының 2004 жылдың 3 қарашадағы №120 бұйрығына сәйкес, 1 текше метр ауызсуға – 30 теңге 67 тиын, «Жезбұлақ» КМК облыс бойынша Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің 2016 жылдың 1 қыркүйегіндегі №115 бұйрығымен 1 текше метр ауызсуға 58 теңге 40 тиын көлеміндегі тарифті бекіткен. Мұндағы 38 теңге 41 тиын «Жезбұлақ» КМК еншісіне тиесілі екен. Енді, аталмыш кәсіпорын тарифін 1 теңге 41 тиынға, яғни 3,7%-ға төмендетпек. Ал, кәріз желісіне бекітілген тариф құны қазіргі күні – 40 теңге 21 тиын. Ол 39 теңгені құрап, яғни, 1,21 теңгеге (3,01%) төмендетіледі. Сондай-ақ, аудан бойынша 1 кВт электр энергиясының бағасы 1,7%-ға төмендетіледі деп күтілуде. Қазіргі құны – 18,83 теңге.

Бұдан бөлек, аппарат жиынында ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы С.Обайдуллин баяндама жасады. Басшының сөзінше, өңірде инфляциялық процесстерді тежеу жөніндегі аудандық штаб және жұмыс топтарының отырысы өтіп, азық-түлік тауарларының бағаларына күнделікті бақылау жүргізілуде. Үстіміздегі жылы ауыл, кент округтерінде азық-түлік бағаларына 10%-дан артық құн қоспау жөнінде жеке кәсіпкерлермен арада 51 меморандум жасалған. Азық-түлік тауарларының өсімін болдырмау үшін апта сайын және мерекелік іс-шаралар қарсаңында аудан орталығында жәрмеңкелер өткізілуде.

Сонымен қатар аталған мәселеге байланысты ауданның білім бөлімі басшысы Б.Әбдірайымовтың баяндамасы тыңдалды. Ұлытау ауданының білім бөліміне қарасты қосымша білім бөлімдерінде («Оқушылар үйі» КМҚК – тегін, «Балалар өнер мектебі» КМҚК – ақылы) үйірмелердің жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, Балалар өнер мектебінде қазіргі таңда жалпы 10 үйірме жұмыс атқаруда. Мұндағы мұғалімдер саны – 16. Үйірмелер жұмысының ақылы түрде жүргізілуі мәселесі аудандық мәслихаттың шешімімен бекітілген. Бір оқушыға шаққандағы жарна қазіргі күні 320 теңгені құрап отыр. Аудандық орталық аурухананың басшысы У.Мазитов те аппарат жиынында сөз алды. Ол аудандағы орталық аурухана ғимаратында және Жезді амбулаторлық ауруханасында екі дәріхана халыққа қызмет көрсететінін айтты. Осы екі дәріханада науқастарға қажетті дәрінің 125 түрі бар болса, оған қоса, дәрідәрмектер халыққа 5% жеңілдікпен сатылуда. Күн тәртібіне сәйкес, ауданның орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі Ұлытау шаруашылығы бөлімінің маманы М.Шабазов та баяндама жасады. Маман мәлімдегендей, мекеме орман күзетімен айналысқандықтан жаз айларында орманды өрттен қорғау, ағашты заңсыз кесудің алдын алу, орман зиянкестеріне қарсы жұмыстар атқару, зиянкестер табылған кезде тиісті органдарға хабар беру қатаң бақылауда. Мысалы, сәуір айынан бастап селолық округ әкімдерімен және шаруа қожалығы иелерімен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мақсатында келісім-шарттар жасалған. Аталмыш жұмыстарға қажетті патрульдік «Нива» автокөлігі мен 2 «МТЗ-82» тракторы жөндеуден өткізілген.

«Жиын соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы М.Оспанов тиісті мекеме басшыларына жылумен, сумен қамту сияқты коммуналдық төлемдер құнын төмендету бойынша жұмыстарды жалғастыру және аудан халқын сумен қамтамасыз ету үшін есептегіш қондырғыларын орнату мәселесін қолға алуды тапсырды. Сонымен қатар, орман шаруашылығы бойынша кесілетін ағаштың нормативті тарифтерін анықтауды тапсырды» делінген аудан әкімі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button