«Ұлытау үні» – дарынды даралау
Жезқазғанды үш күн бойы дүбірлі думанға бөлеген халық шығармашылығы мен көркемөнерпаздар өнерінің ХХVІІІ «Ұлытау үні» фестивалі өз мәресіне жетті. Мысты қаладағы және оған іргелес орналасқан аудан-қалалардағы өнерпаздардың басын қосып, бәсекелі байқаулардың ұйымдастырылуына дәнекер болған айтулы өнер мерекесінің салтанатты жабылу рәсімі сенбі күні Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде өтті.
Көпшіліктің көзайым мейрамына айналған фестиваль кенді шаһарды сөздің боямасыз мағынасында шадыман шаттық мекеніне айналдырып жіберді. Соның аясындағы түрлі байқауларға қатысушы үміткерлердің қатары қаншалықты арта түссе, өнерге іңкәр көрерменнің қатары да соншалықты қалың болды.
Фестивальдің ашылу салтанаты Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналған «Ару қалам – Астанам» атты қолөнер шеберлерінің аймақтық конкурс-көрмесіне ұласты.
Конкурсқа шынайы шеберлер мен қолөнерге енді ғана бет бұрып, мәнері мен машығын қалыптастыра бастаған жастар қауымы қатысты. Көрмеге 195 автордың 266 туындысы қойылды. Осы орайда, бәсі биік байқауға қатысушылар қатарында Ұлытау, Жаңаарқа аудандары мен Жезқазған, Сәтбаев қалаларының алуан жас мөлшеріндегі өкілдері болғанын айта кету керек.
Қазақтың ұлы күйші-композиторы Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына арналған аймақтық күйшілер сайысында 21 үміткер өзара сынға түсті. Күй – адам жанының нәзік қылын тербеп, тыңдаушыға рухани ләззат сыйлайтын ғажайып өнер түрінің бірі. Сондықтан күйшілік, домбырашылық өнер – қиын да қастерлі. Десек те, байқау барысында болашағынан зор үміт күттіретін жастардың қаулап өсіп келе жатқаны аңғарылды. Осынау жанға жағымды жайт майталман мамандардан құралған құзырлы қазылар алқасы тарапынан да айрықша аталып өтілді.
Ұлттық деңгейдегі ақын, қазақ әдебиетінің классигі, «Алаш» қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Мағжаннан қалған маржан жыр» атты көркемсөз оқу шеберлерінің аймақтық конкурсында бақ сынағандардың біршамасы талғампаз тыңдарманды тамсантып, таңдай қақтырды. Оған қатысушы 20 үміткердің арасынан ең мықтыларын екшеп алудың оңайға түспегені анық. Әуезді үнмен, әсерлі леппен әр сөздің шырайын кіргізіп оқу, сөзге жан бітіре сөйлеу шын дарынның ғана қолынан келетіні белгілі. Екі кезеңге бөлінген байқауда Мағжанның өлеңдері мен прозалық туындыларынан үзінді оқыған үміткерлердің дені осынау талап үдесінен шыға білді.
Сан қырлы қасиеттің иесі, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, Мәдениет қайраткері Мөрлібек Мұратбаевты еске алуға арналған «Жылдар мен жолдар» атты кеш тағылымы үлкен тұлға рухына елдік үрдіспен тағзым етудің қапысыз үлгісіне айналды. Есімі осы фестивальді алғаш ұйымдастырушылардың санатында аталатын аяулы жанның өмірі мен еңбек жолы жайлы түсірілген бейнежазба көрсетілді. Онда Мөрлібек Жұмабекұлының қарапайым ауыл мектебі мұғалімінен облысы әкімінің орынбасары лауазымы деңгейіне дейінгі тәлімді ғұмырбаяны айшықты өрнектелді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның Халық әртісі Досжан Жанботаев, қоғам қайраткері Мұхамбедия Ахмет-Төре, «Айғақ» медиа-холдингінің президенті, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Дулат Әбіш және тағы да басқа замандас достары тарлан азаматтың тірліктегі татымды істері мен өнегелі ұстанымдары хақында ой толғап, естеліктерімен бөлісті. Серке театры әртістерінің күшімен әзірленген театрландырылған көрініс тамашаланды. Жезқазған-Ұлытау өңірі мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан бірегей бітімді жанның сүйіп тыңдаған әндері шырқалды. Кеш барысында қала әкімдігі тарапынан Мөрлекеңнің зайыбы Рәбиға Жақияқызына риясыз ізет көрсетіліп, иығына зерлі қамзол жабылды.
Биылғы «Жұлдыз-2018» конкурсында 17 жас әнші бәсеке көрігін қыздырды. Көрерменді қуантқаны – жастардың арасында ән айту өнеріне ерекше ықылас қойып, оны рухани серік еткен өнерпаздардың бар екендігі. Олар өнерсүйер қауымды әсем әнмен сусындатып, халықтың шынайы қошеметіне бөлене білді.
Мәдениет пен өрелі өнер мерекесі мәреге жеткен жиында бағдарламалық байқаулардың қорытындысы жария етілді. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері аталып, дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды. Әр бағыттағы сындар бойынша белгіленген номинациялардың иегерлері де анықталып, оларға тиісінше сый-сияпаттар жасалды. Қатысушылардың бәріне дерлік қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Алғыс хаттары берілді.
Биылғы жылы 28-ші рет өткізіліп отырған «Ұлытау үні» фестивалі – дарындарды даралау мен таланттылардың қанатын қатайту мектебі. Осынау өнегелі байқауда бағы жанып, фестиваль сахнасынан түлеп ұшқан жастар – қазір Қазақстанның танымал өнер қайраткерлері. Үлгілі үрдістің үзілмесі сөзсіз, демек, олардың қатары әлі де толыға түсері күмәнсіз.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.