Ұлыстың Ұлы күні – ҰЛЫТАУДА
Дәстүрінен жаңылмаған Ұлытаулықтар биыл да Наурыз мерекесін қарсы алып, кең көлемде атап өтті. Аудан әкімі Хамит Омаров жұртшылықты мерекемен құттықтап, жүрек жарды тілегін жеткізді. Аудан әкімі өткен жылдың ауданымыз үшін табысты да берекелі болғанын ескере отырып, табалдырығымыздан енді ғана аттаған 2017 жылдың еншісінде де айтулы оқиғалар мен ауқымды іс-шаралар мол екенін атап өтті.
«Қазақ халқының өз тәуелсіздігін және елдігін сақтау жолында жүргізілген күрестің бірі – Бұланты шайқасына биыл 290 жыл толып отыр. 1727 жылы «Ақтабан шұбырындыдан» кейін есін сәл жинаған халық жоңғар әскерлерін қазақтың дәстүрлі саяси орталығы Ұлытау жеріне жеткізбей Бұланты өзенінің бойында тоқтатқан. Ауданымызда «Қалмақ қырылған» жотасында ел мен жердің тағдыры сынға түскен сәттегі қазақ сарбаздарының ұлы жеңісін паш етуге арналған ескерткіш – «Бұланты шайқасы» стелласы 2015 жылы салтанатты түрде ашылды. Елбасы Н.Назарбаев: «Орыстар үшін «Полтава шайқасы» қандай маңызды болса, біз үшін де «Бұланты шайқасы» тарихи маңызы зор», – деген болатын. Сонымен қатар, Республикаға танымал талант иесі, Ұлытау ауданының тумасы – жазушы-публицист, кинотанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері, профессор – Қамал Сейітжанұлы Смайловқа 85 жыл толып отыр» – деді әкім өз сөзінде.
Ұлытаулықтар Ұлыстың ұлы күнін жыл сайын жоғарғы деңгейде атап өтуді игі дәстүрге айналдырған. Күн райына қарамастан алаңға жиналғандар қарасы қалың болды. Ұлытау орталығындағы алаңда киіз үйлер тігілді. Алтыбақан құрылып, келушілерге наурыз көже, ұлттық сусындар ұсынылды. Ұлттық киім киген әжелер ет асып, бауырсақ пісірді. Ұлыстың ұлы күнінде аудан тұрғындары бір-біріне игі тілектерін арнады. Мереке аясында аудан өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, халықтың көңілін көтерді. Күштілер мен білектілер боз кілемде белдесіп, қол күресінен мықтылар анықталды. Сонымен қатар, арқан тартыс пен кір тасын көтеруден жарыс ұйымдастырылды.
Жер бетіндегі тіршілік атаулыны ұйқысынан оятып, жақсылық пен құт берекенің көзін ашып, күн мен түн теңелген күн – Наурыз мерекесін аудан жұртшылығы өз дәрежесінде атап өтті.
Айболат РАХМАНИЯ,
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.