Баған

Ұлымды кітапқа қалай баулысам екен?

Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында үш жылға жуық қызмет еттім. Кітапханада түрлі адамдармен кездесесің. Кітап оқуға құмар жандар көбіне тез тіл табысқыш келеді. Мына бір жайт есімде қатты сақталып қалыпты. Бір жігіт үнемі қазақтың классикалық әдебиетін таңдап оқитын. Бір күні сол жігіт кітапқа құмарлығы қалай оянғаны туралы айтып берді…

«Мен жас кезімнен еңбекқұмар болдым. Әкемнің кәсібі болса да, өз қолым аузыма жеткен соң, ақша сұраған емеспін. Достарыммен бірге қара жұмыс істесем де, қара басымды алып жүруге тырысатын едім. Әкем мені жас кезімнен еркін тәрбиеледі, шылбырды ұзынырақ тастап қойып, қадағалап отыратын. Бірақ, қатты сөйлеп, ұрып-соғу дегенді көрмедім.

Үнемі тапқан ақшамды өзім ғана білетін орынға жиып қоятынмын. Бір күні әкем маған туған күніме болса керек, төрт томдық кітап сыйлады. «Балам енді тапқан табысыңды осы кітапқа жина, кітап – әрқашан адамның досы ғой» деді. Әкемді қатты құрметтегендіктен қарсы келмей, содан бастап тапқан табысымды сол төрт кітапқа жинай бастадым. Бірі толса, екіншісіне жинап жүрдім.

Жас кезімнен арманым өз кәсібімді ашып, әкем сияқты, тәуелсіз өмір сүргім келетін. Күндердің күнінде жоғары оқуымды да үздік бітірдім. Үйлендім, бала-шағалы болдым. Диплом алған соң, жұмысқа білек сыбана кірістім. Арада біраз уақыт өтті. Ол кезде ақшаны банкке салып жинау деген сирек кездесетін. Жинаған қаржымның басын қосып, әкемнің көмегімен шағын кәсіп аштым. Одан түскен ақшаны тағы да кітапқа жинадым. Кәсібім дөңгеленіп, жолым бола бастады. Уақытты босқа жібермей, үнемі жұмыс істеп ақша тауып, табысымды арттыруды ойлайтынмын.

Біраз уақыт өткен соң, кәсібім тұрақты табыс әкеліп, көңілім тоқ бола бастады. Баяғыдай қатты жанталаспайтын болдым. Табысым отбасыма артығымен жетіп тұрды. Бір күні банктен шот ашып ақшамды сонда сала бастадым. Неге екені белгісіз анау төрт кітапты күнде бір көріп кетпесем сағынатын болдым. Жетістікке бастаған досым ғой…

Кезекті бір жұмыс күнінен соң, ойланып жатып, сол кітапты неге оқып көрмеске деген ой келді. Сөйтсем, М.Әуезовтің «Абай жолы» романы екен. Уақытым өз еркімде, кітапты ақырындап оқи бастадым. Басында өзімді қинап оқып, кейін өзімді тоқтата алмай қойдым. Төрт томын да оқып аяқтап шықтым. Мүлдем басқа адамға айналып, әкеме барып, бар жағдайды айттым. Сонда әкем, жымиып «Балам, мен сені еркін өсірдім және де сол кітапты сыйлаған себебім де сені кітап оқуға баулу еді. Сенің табысқа жететініңе де күмәнданбағам, жүрексіз болмаса екен деп қорқатынмын. Сырттай білдірмесем де, іштей үнемі сені қалай кітапқа баулуды көп ойлап осы шешімге келген едім. Ал, балам кітап әлеміне қош келдің» деді де, қатты құшақтап, бауырына басты. Көзіме жас келді.

Содан бері кітаппен айырылмас доспын. Әдебиетіміздің ең таңдаулы деген кітаптарды оқып шықтым. Қазіргі уақытта шет ел жазушыларын да оқығым келіп жүр» – деп әңгімесін аяқтады.

Бір қателігім сол оқырманның атыжөнін сұрамаппын. Осы жазбаны оқыр мүмкін…

Қолыма кітап алған сайын, осы оқиға есімнен кетпейді. Балаларымды кітап оқуға қалай баулысам екен?..

Жәлел ШАЛҚАР,

«Ortalyq Qazaqstan» газетінің тілшісі.

Басқа материалдар

Back to top button