АймақБұқар жырау

Ұлылар ұлықталып, асылдар ардақталды

Жыл басталғаннан бері Бұқар жырау аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері есімдері ел есінде қалған тұлғаларды ұлықтаумен келеді. Осы жолы олар аудандық Мәдениет үйінде «Әдеби өлкетану» жобасы аясында «Жақсының аты өлмейді» атты кеш ұйымдастырды. Онда Бұқар жырау Қалқаманұлының – 355, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының – 165, Бұқарекең мұрасын насихаттаушы ел азаматы Шопанай Әмірхановтың туғанына 100 жыл толуына байланысты байқауларды қорытындылап, жеңімпаздар марапатталды.

Кешке келгендер ең әуелі Мәдениет үйінің фойесінде қойылған «Ұлылар мұрасы – ұрпаққа үлгі» кітаптар, «Арнаймын саған, туған жер!» отбасылық қолөнер және «Қазақтың ұлы жырауы – Бұқар баба» библиографиялық байқауларының жұмыстарына арналған көрмелермен танысып, тамашалады.

Келесі кезекте шара бағдарламасы үлкен залға ойысып, Led экраннан бейнеролик көрсетілуден басталды. «Өлең туралы сөз» тақырыбындағы бұл көріністе өлең-жырдың қазақ даласының үстімен жербауырлап ұшып, ақындық халқымызға содан қонғаны айтылады. Одан әрі «Руханият» қосымша білім беру орталығы Көкпекті саз мектебінің мұғалімі Аяулым Жұмабекованың жетекшілігімен қобызшылар күй ойнаса, Белағаш ЖБОМ мұғалімі Дулат Қалдыбаев Бұқар бабаның «Алла деген ар болмас», «Асқар таудың өлгені» толғауларын келістіре жырлады.

Сахна сыртында ақын Бауыр­жан Жақыптың «Бір емес, төрт ғасырға даңқың жетті» өлеңінен үзінді оқылып, «Сарыарқа» күйі төгіліп, бұл кешті ұйымдастырып, жүргізген кітапханашы Майгүл Асқарова ұлы жырау мұрасының өміршеңдігіне тоқталып, аудандық «Баба жырын жаттаймыз» мәнерлеп оқу сайысының қорытындысын жариялады. Оған ауданның 17 кітапханасынан қатысқан 15 жасқа дейінгі 32 оқырман баланың арасынан анықталған жеңімпаздар Алғыс хаттармен марапатталды.

Республикалық термешілер байқауының лауреаты Қайролла Маемеров Бұқар жыраудың «Он бір тілек» толғауын орындағаннан кейін кітапханашылар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кітаптары бойынша жарнама-акцияға көшті. Білген адамға Бұқар баба есімі мен жырларының бүгінгіге ұмытылмай жетуінде Мәшекеңнің сіңірген еңбегі зор. Кезінде «Бұл кісінің сөзін жазамын деушіге Нұқтың өмірі, Айыптың сабыры, Аплатонның ақылы керек» деп айтып, оның жыр-толғау­ларын ел аузынан жазып алып, хатқа түсіріп, тіпті, 1927 жылы Далбадағы бейітінің басына белгі қойып кеткен де өзі еді. Сондықтан да оның «Бес қымбат» өлеңін ауданның жас кітапханашылары Махаббат Шынжырбай, Іңкәр Мұқан, Гүлжауһар Сайлау, Айым Бахриденова, Назерке Жұмашевалар кезектесе оқып, Дулат Қалдыбаев дайындаған ақынның «Ғашық жігіт сөзі» өлеңі бойынша буктрейлер көпшілікке ­ұсынылды.

Кеш мазмұнын Мәшекеңнің Баянауылдан арнайы келген немересі Абай Шәрапиев айтқан естелік әңгімелер одан әрі әрлендіре түсті. Қасиетті атасы туралы «Ақиқат» кітабын шығарып, жуыр­да ҚР Ұлттық Ғылым академиялық кітапханасында «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» кітабының тұсаукесері өтуіне себепкер болған оған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Майра Әбеуова мен аудандық кітапхана директорының міндетін атқарушы Гүлайым Жұмкенова лайықты құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасады. Осы орайда өткізілген «Оқуға кеңес беремін» конкурс-буктрейлерінің жүлдегерлері де марапатқа ие болды.

Енді осы Мәшекең белгілеп кеткен орында Бұқар баба кесенесінің тұрғызылуы мен оның 325 жылдық мерейтойының рес­публикалық деңгейде аталып өтуіне мұрындық болған Шопанай Әмірхановтың да еңбегі ерекше. Жиналған жұртшылыққа оның өмір және еңбек жолы жайлы бейнебаян көрсетілді. Осынау абзал азаматтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған отбасылық қолөнер шеберлерінің байқауы да қорытындыланып, марапаттар иелерін тапты.

Кеш соңында байқау жеңімпаздары марапатталып, оның шымылдығын Майгүл Асқарова Қадыр Мырзалиевтің «Қазақ осы» өлеңімен жапты.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button