АймақШет

Ұлы өнерді ұлықтаған құсбегі

Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайында этнограф, құсбегі, саятшы, халықаралық «Салбурын» құстармен аң аулау турнирінің ұйымдастырушысы Тілеуғабыл Есенбекұлының 80 жылдығына орай танымдық кездесу өтті. Іс-шараның ұйымдастырылуына Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы және Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайы мұрындық болды.

«Құсбегілік өнер – күллі қазаққа ортақ қазына» атты Тілеуғабыл Есенбекұлымен өткен кездесуге мәдениет қызметкерлері, аңшылар мен бүркітшілер, мерейтой иесінің достары мен шәкірттері, аудан ақсақалдары, студенттер қатысты.

– Жас кезімнен құсбегілікке қызықтым. Бүгінде ол ұлттық спорт түріне айналды, жыл сайын үлкен жарыстар өтеді. Кездесуде ұстазымыздың өмірі мен шығармашылығы, халықаралық деңгейдегі жарыстар туралы айтылды. Мұндай іс-шаралар өскелең ұрпақ үшін маңызды, – дейді Тілеуғабыл Есенбекұлының шәкірті Тұрсын Жағыпаров.

Сонымен қатар, мерейтой аясында Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайында «Қыран құстың қанаты талмас» көрмесі ұйымдастырылды.

– Біздің экспозицияда көптеген жәдігерлер, құс шаруашылығы заттары ұсынылған, сондай-ақ, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының экспонаттары бар. Құсбегілік – қазақ халқының ортақ игілігі, – деп атап өтті Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайының директоры Салтанат Қамытбаева.

Айта кетейік, Тілеуғабыл Есенбекұлы 1943 жылы Шет ауданында дүниеге келген. Алғашқылардың бірі болып «Салбурын» халықаралық турнирін ұйымдастырған. Өмірінің 30 жылын бүркітшілікке арнаған жан тәуелсіздік алғаннан соң атадан мирас болған өнердің қайта түлеуіне атсалысқан. Австрияға дейін барып, еуропалықтарға қазақтың құсбегілік өнерін паш етті. Тілеуғабыл Есенбеков Арқа жерінде бүркітшілер мектебін қалыптастырды. Оның мұражайға тапсырған дүниелерінің арасында тұғыр, томаға, балақбау, жемсаптаяқ пен фотосуреттер бар. 

Нұрдос КӘРІМ,
Шет ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button