Бас тақырып

Ұлық мейрам ұлықталды

Биыл Арқаға наурыз он күн бұрын келді. Жылда 21-22 наурыз күндері ғана аталып өтетін Ұлыстың ұлы күнін бұл жолы ел ерекше серпіліспен қарсы алды. Наурызнаманың он күндігінде ұлттық рух салтанат құрды. Амал мерекесімен басталған төл мейрам Қарағанды қаласының орталық саябағында дүркіреп, дүбірлеп, сән-салтанатымен өтті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та Наурыз тойының ортасынан табылды. Аймақ басшысы әр құрылым, ұйым құрған киіз үйлерді аралап, құтты болсын айтты. Наурыз мейрамы – біздің төл мерекеміз. Мұны ерекше қуанышпен, бақытпен қарсы алуымыз керек. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Келген жыл несібелі, ырысты болсын», – деп құттықтауын жолдады Ермағанбет Қабдулаұлы.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Орталық саябақ алаңындағы тізбекпенен құрылған ақшаңқан үйлерді көріп, ауыл көшіп келгендей күйде боласыз. Киіз үйдің ішінде де, сыртында да түрлі көрме ұйымдастырылған. Ұлттық нақыштағы бұйымдар көздің жауын алады. Қарағандының барлық қолөнер шеберлері – осында.

…Күн көкжиектен арқан бойы көтерілген кезде көпшілік арасында аяқ алып жүрудің өзі қиынға түскендей. Мыңнан аса мейман осында жүр. Саябақтағы думанды тамашалап. Ұлттың келбетін айқындайтын ұлттық киім киген көпшілікке қарап, көзің тояды, көңілің көтеріледі. Қолдан қолға көшіп жүретін қыдырма шапан емес, кәдімгі қазақы оюмен әдіптелген қамзол, шапан, бөрік киген қыз-жігіттер мейрамның мерейін асырғандай көрінді бізге.

Мерекеге келгендердің арасынан нигериялық Эмануэль Зака есімді мейманды кезіктіріп қалдық. Ол қарағандылықтарды «Наурыз құтты болсын!» деп қазақша құттықтап, өзінің көңіл-күйін жеткізді.

– Кадуна қаласынан келдім. Қарағанды қаласының ерекшеліктері өте көп екен. Хал­қының да қонақжай екенін бірден сезіндік. Бүгінгі мейрам ұлттық мереке екені кө­рініп тұр. Барлығы сәнді киімде, ұлттық та­ғамдардың дәмін таттық. Бұл сапарымның осы күнмен тұспа-тұс келуі де мені ерекше қуантты. Өйткені, қазақ елінің салт-дәстүрін, болмысын, мейірімділігін, жалпы қазақ халқының даралығын осы тойдан көруге болады, – дейді шетелдік мейман.

Жиылған жұрт саябақтың жоғарғы жағына қарай ағылды. Өйткені, үлкен сахна алаңында жергілікті өнерпаздардың қатысуымен «Армысың, әз Наурыз!» атты театрландырылған мерекелік іс-шара басталып жатты. Әдеттегідей концерт шымылдығы Сарыарқаны сұлу әнімен тербеген Қ.Байжанов атындағы «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің ән шашуымен түрілді.

«Құс қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылымды да көрермен жылы қабылдады. Өнер шеберлері күн мен түннің теңелгенін әсем суреттеді. Ақ жаулықты аналар наурыз көжені әзірлеу рәсімін көрсетті. Қыз-жігіттердің ойын-сауығы да сәтті шықты. Түйемен жеткен Қыдыр ата қолын жайып, елге наурыз-бата берді. Бір сағатқа созылған қойылым Наурыздың мәнін аша түскендей.

Әрмен қарай «Арай» ансамблінің жез­таңдайлары ән-жырмен шашу шашты. Елімізге белгілі эстрада жұлдыздары да сахна алаңынан табылды.

Арқа жұртын халықаралық байқаулардың лауреаты, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, «Голос» және «Славян базары» халықаралық байқауының жүлдегері, көпшілікке Әміре атымен танылған Ернар Сәдірбаев пен «Азия дауысы» фестивалінің жеңімпазы, дара дарын иесі Бауыржан Исаев жаңа жылменен, жаңа күнменен құттықтап, өнерлерін ортаға салды. Көрерменнің көңілін шуақты әндерімен көкке көтерді.

Қарағандылық дизайнерлердің алтын қолынан шыққан ұлттық киімдер шеруі де көпшілікке қол соққызды. Үлкен сахнада «Nauryz-Fashion» деген атаумен өткен сән көрмесінде көпшілік назарына қазақы нақышпен көмкерілген эксклюзивті топтамалар ұсынылды. Әсіресе, «Ұлжан» сән үйі, «Аtelier_gulnur_studiya» тігін студиясы, балаларға арналған заманауи «KORKEM brand» тігін үйі, «SaLIYA» арт студиясы, «Duy.dream» ательесі, «Qushaqta» бренді, «Samga» ұлттық киімдер ательесі, «Asiya boutique atelier» тігін шеберханасы және «Nuramy» компаниясы мен «Eve Art» брендінің өнімдері көпшілікті ерекше әсерге бөлеп, керемет рух сыйлады.

Әдемі кешті әрмен қарай «Арқа сазы» ансамблі жалғастырды. Қызыл іңірге дейін созылған мерекелік кеште Кеншілер мәдениет сарайының көркемөнерпаздар ұжымы да өнерлерін ортаға салды. Олар «Құт-береке мейрамы – Наурыз» атты арнайы әзірлеп әкелген мерекелік бағдарламасы да тартымды өтті деуге болады.

Саябақтың сахна жағы ән мен жырға бөленсе, алаңқай жақта аламан бәйгеден басқа, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Жігіттер топ-топқа бөлініп, арқан тартысты. Енді бір бөлігінде жігіттер білек күштерін сынап, қол күрестірді. Кір тасын көтеруден де жігіттер бірінен-бірі асты. Дегенмен қарағандылық Аслан Серәлімов бәрінен әлді шықты. 16 келілік кірді 115 рет көтеріп, рекорд орнатты.

– Биылғы Наурызды ерекше қарсы алып отырмын. Неге десеңіздер, жасым 35-ке келіп, міне жақында ғана үйлендім. Жан-жақтан қуаны­шымызға ортақтасып келген туыс­тарым да осында. Өтіп бара жатып, бай­қап қалдық. Жігіттер қиқулап жа­тыр екен. Күштерін сынап. Бала кезімде спортты серік еткенім бар. Сөйтіп, ойда-жоқта жұлдызымыз жанып кетті. Келіншегімнің қасында абырой болды бұл жеңіс, – деп күлді әлді жігіт.

Киіз үйлерде қолөнер, зергерлік өнерге қатысты шеберлік сағаттары өтті. Қалада өскен балалар бір мезгіл байырғы бабалар тұрмысының шетін көре алды. Ақ жаулықты аналар киіз басудың, текемет тоқудың рәсімін көрсетті.

Саябақтың тағы бір алаңынан алтыбақан құрылды. Балалар соның қызығына әбден батты. Аймағымыздағы аңшы, құсшылардың барлығы да той алаңда төбе көрсетті. Тазы-құмайларымен, қаршыға, бүркіттерімен келіп, Наурыз думанның сәнін ашты.

Айтпақшы, дәл осы күні Жастар спорт кешені де дүбірге бөленіп жатқан. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Қарағанды қаласы әкімдігі бірлесіп, ұлттық спорт түрлерінен байқау ұйымдас­тырды. Мұнда да қазақ күресі, асық ату, қол күрес, ләңгі, тоғызқұмалақ, арқан тартыс және қой көтеру, кір тасын көтеруден турнир дүбірлеп өтіпті. Спорттың әр түрінен қатысқан жеңімпаздар құрқол қайтқан жоқ. Ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қой көтерген палуанның еншісіне өзі көтерген қой бұйырды. Осылайша, Амал мерекесінен бері ұлттық спорт ұлықталуда.

Наурызнаманың онкүндігіндегі «Ұлттық спорт күнінде» көкпар мау­сымы ресми түрде ашылды. Тәттімбет көшесі бойында «Baspana» ТК мен Күнгей шағын ауданының арасында Қарағанды қаласы әкімінің кубогі үшін ардагерлер арасында төрт команда өзара бақ сынасты. Жеке командалық сайыстан кейін «Жалпы көкпар» өтіп, алаңды шаңға көмді. Оған 200 палуан қатысып, 1 млн. теңгені сарапқа салғанын және атап өтейік.

Ұлы мейрам қарсаңында түрлі қайырымдылық шаралар ұйымдас­тырылды. Мәселен, К.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театрында көпбалалы және аз қамтылған отбасында тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерге арналған мерекелік іс-шара өтті. Бір сағат ішінде балалар асық ойнап, садақ атып, арқан тартысты. Арнайы фотоаймақтар ұйымдастырылды. Театрландырылған көріністі тамашалаған балалар соңында би билеп, көңілдерін көтерді. Мұндағы мақсат – балаларға Ұлық мерекенің қадір-қасиетін сезіндіру.

Облысымыздағы барлық аудан-қала, тіпті, ауылдарда Наурыз тойының дүбірлеп өткенін әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Олар да онкүндікті үзбей атап өтті.

Қарағанды жұрты Ұлыстың ұлы күнін осындай сипатта қарсы алып, төл мейрамымызды төрге оздырды. Босағамыздан аттаған жаңа жылдың ырысты, несібелі жыл болуын тілеген жұртшылық бір-бірін құшағына риясыз басты.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button