Жаңалықтар

Ұлы даланың жарқын жолы

    Қазақстанды бейбітшілік пен келісім мекені десек, ол атаққа Қарағандының қосқан үлесі зор. Бізде 120 этностың, 15 діни конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, алтын шаңырақ астында тәуелсіздікті нығайтуда 314 діни бірлестік қызмет етеді. Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ болашақ қазақстандық қоғамның дамуында діни тағаттылық, конфессияаралық келісімге аса маңызды орын береді.

Осының дәлелі ретінде Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында сөйлеген сөзіндегі «…Бүгінде кез келген этностық немесе діни ұстанымдағы қазақстандық – өз елінің тең құқықты азаматы. Дін – адам жаны мен моралінің саласы. Әрбір дін уағыздайтын жоғары құндылықтар – исламның, православиенің, католицизмнің, протестанттықтың діни ілімдері әр кезде де мемлекеттен қолдау табатын болады» деп ерекше маңыз бергенін алға тарта аламыз. Әрі қарай «…Жастарды жалған діни топтар ықпалынан қорғау жөнінен тиімді шаралар кешенін қалыптастыру қажет» екендігі туралы мәселеге назар аударылған. Біздің еліміз әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің үздік дәстүрлерін сақтау арқылы әлемдік қауымдастықпен жақындаса отырып, тәуелсіздіктің 26 жылында азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім секілді басты құндылықтар қалыптасқан қауіпсіз зайырлы мемлекет ретінде қалыптасты.

Мәдениеттер мен діндер арасындағы диалогты нығайтудағы, әлемдегі дін лидерлері арасында ынтымақтастық пен сындарлы серіктестік орнатудағы қазақстандық тәжірибе әлемдік деңгейде әділ мойындалған.

Қазақстан Президентінің бастамасымен Астанада 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 жылдары Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері өтті. Бұл ғаламдық толеранттылық форумдары зайырлы мемлекеттің сыртқы саяси бағытының дұрыстығы мен сараланғандығын және конфессияаралық ынтымақтастықтың қазақстандық моделінің тиімділігін көрсетіп бергендігін атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда, радикалды діни ағымдар таралуының профилактикасы қазіргі замандағы қоғамның алдында тұрған аса маңызды міндеттердің бірі екендігіне сөз жоқ.

«Қарағанды қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 2017 жылдың 1 тамыз айынан бастап дін істері және конфессияаралық қатынастары секторы ашылған болатын.  Бұл сектор өз қызметінде азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді ұстануда және жастардың бойында жоғары адамгершілік қасиеттерді тәрбиелеу және дәстүрлі діндердің шынайы игілікті рухани байлықтарын түсіндіру мен этносаралық және конфессияаралық қатынастарды нығайтуда үлестерін тигізуде.

Орталық Қазақстан Республикасының Конституциясы, Президенттің Қазақстан халқына жолдаулары және 2011 жылы қазан айында қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сүйене отырып еліміздің діни келбетін реттеуге мүмкіндік беретін бағыттары бар және сол негізде өз қызметтерін жүзеге асыруда.

Елімізде ар-ождан, діни сенім бостандық және ой еркіндікті қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған. Мемлекеттің дін саласындағы үйлестірілген әрі пәрменді саясатының нәтижесінде, діни және этномәдени бірлестіктердің рухани келісімге қосқан үлестерінің арқасында біздің елімізде этностық және діни негіздегі шиеленістердің жолына берік тосқауыл қою қамтамасыз етілді. Еліміздің Конституциясында Қазақстан Республикасы дін мемлекеттен бөлінген зайырлы мемлекет екендігі нақты айқындалған. Дегенмен, мемлекеттің дінге қатынасы туралы айтқанда, дін саласындағы өзекті мәселелер мемлекет тарапынан тыс қалмайтындығын атап өткен жөн.

Қазақстан қоғамында берік орныққан рухани келісім халқымыздың мәдени және рухани өмірінің дамуындағы ханафи бағытындағы ислам мен православиелік христиандықтың тарихи рөлін мойындауға, сондай-ақ, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін өзге де діндерді сыйлауға үндейді. Қазіргі таңда еліміздегі діни бірлестіктер тарапынан қайырымдылық көмектер көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, қылмыстың алдын алу секілді көптеген маңызды әлеуметтік жобалар іске асырылуда.

Адамзат баласының алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі – ұрпақ тәрбиесі. Салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу мәселесі қай кезде де өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені, бүгінгі жас ұрпақ – елдің ертеңгі болашағы. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Сондықтан, баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни, адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз – өзіне сенімділікті тәрбиелеуде отбасы мен ұстаздар шешуші рөл атқарады. Кез келген ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа байланысты екені аян. Адам азса, қоғам тозады. Қандай да бір ұлт өз алдына дербес өмір сүруден қаларда, ең алдымен, тілінен, дінінен, ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен жерінеді. Бүгінде әлі оң мен солын танып үлгермеген жасөспірімдердің теледидар мен ғаламторға таңылып, ондағы бар ақпаратты, пайдалыны да, зияндыны да еш сүзгіден өткізбестен қабылдауы енді қалыптасып келе жатқан баланың дүниетанымына, психологиясына айтарлықтай ықпалын тигізетіні айқын. Сондықтан да, Президентіміз атап өткендей, бүгін әрбір бесінші адам әлеуметтік желіні пайдаланған ақпараттық технология заманында, «сүзгі» адамның өз ішінде болуы қажет екенін айтып өтті.

Айтылған пікірлердің өзектілігін есепке алумен, бүгінгі қазақстандық қоғамның рухани саласында орын алған жағымды өзгерістермен қатар діни экстремизм мен терроризмге қатысты бірқатар үрейлі мәселелер де назарға ілігуде. Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі және жастар ресурстық орталығы діни экстремизм мен терроризмнің профилактикасына бағытталған тәсілдерді жүйелі пайдаланып отырғандығын атап өткен жөн. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасында 2013-2017 жж. діни экстремизм мен терроризмге қарсы Мемлекеттік бағдарламасында» бізге дәл осы маңызды тапсырманы қойып отыр.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен қатар, облыс мекемелерінде террорға қарсы сипаттағы «Западня», «Слепая вера», «Путь к истине», «Абайлаңыз, діни экстремизм», «Деструктивті діни ағымдардың қызметі», «Зов шакалов» және т.б. деректі бейнефильмдер мен бейнероликтер тұрақты көрсетіліп отырылады, елімізде соттың шешімімен тыйым салынған экстремист ұйымдар туралы толық айтылып өтеді. Кездесулердің соңында дін мәселесіндегі сұрақтар туындаған жағдайда Республикалық қауырт желі – 114 (87770000114) және 8(7212) 30-07-44 сенім телефоны мен террористік қауіп-қатерлерге байланысты хабарламалар қабылдайтын бірыңғай «110» нөміріне хабарласу керектігі ескертіледі.

Қарлығаш ГИМАДИЕВА,

«Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығы» КММ инспекторы, дінтанушы.

«Қарағанды қаласының ішкі саясат бөлімі» ММ тапсырысы бойынша.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button