Ұлы Даланың үні
Қарағанды қаласында Ұлттық Домбыра күніне орай «Домбыра — Дала үні» атты мерекелік шара өтті. Қаладағы танымал өнерпаздар аршалы аспаппен қоғамдық көліктерге мініп, жолаушылар алдында өнер көрсетті. Ән айтылды, күй шертілді.

Бұл шараны қала әкімдігі ұйымдастырды. Өнерпаздар арасында композитор, классикалық әнші Шыңғыс Сәрсенбаев, Саян Мұздыбаев, Қуандық Төкенов секілді белгілі әншілер бар. Ою-өрнекпен безендірілген шапан киген өнерпаздар қоғамдық көліктің ішін думанға бөледі.
– Бұл – халқымыздың төл өнерін дәріптейтін, рухани байлығымызды ұлықтайтын ерекше шара. Қазақтың көне аспабы – домбыраның үні елдің жүрегіне жетіп, даланың тынысын жеткізеді. «Домбыра – Дала үні» шарасы арқылы Қарағанды жұртшылығы ұлтымыздың бай музыкалық мұрасына қанықты деп ойлаймын. Домбыра күні – өткен мен болашақты жалғайтын алтын көпір іспеттес, – деді жаңа Майқұдық мәдениет үйі басшысының орынбасары Амангелді Ахметжанов.
Мерекелік бағдарлама Қарағанды қаласындағы «Таир», «Каскад», «Реал», «Корзина» сауда үйінің алдында және Орталық саябақта, «Арбат» алаңында, №3 автопарктің қоғамдық көліктерінде жалғасты.
Мерекелік шараны қала тұрғындары ыстық ықыласпен қабылдады. Бұған әлеуметтік желідегі парақшаларда жаппай жарияланған бейнероликтер мен суреттер дәлел.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»