Білім

Ұлы Дала тастүлектері

Қарағандыда робототехника бойынша «ҰЛЫ ДАЛА ОЙЫНДАРЫ – 2024» қалалық чемпионат ұйымдастырылды. Чемпионатта қазақтың ұлттық ойындарын дәріптейтін ұлттық нақыштағы роботтар назарға ұсынылды. Облыс орталығындағы қырық мектептен қатысқан 74 команда 8 санат бойынша бақ сынас­ты. Атап айтқанда, олар – «Қыз қуу», «Асық ату», «Көкпар», «Жамбы ату», «Бәйге», «Теңге алу», «Ханталапай», «Арқан тарту» ойындарында бәсекеге түсті.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Чемпионат Қарағанды қаласының Пришахтинск бөлігінде орналасқан №33 мектеп базасында өткенін атаған жөн. Білім ошағы чемпионатқа барынша дайындалған. Қатысушылар мен қонақтарды домбырашылар оркестрмен қарсы алып, технология пәні мұғалімінің жетекшілігімен мектеп оқушылары тіккен ұлттық киімдер киген модельдер дефилеге шықты. Бұдан бөлек, ұлттық ойындар ойналды. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шеберлік сыныптары назарға ұсынылды. Балдырғандар патриоттық мақсаттағы флешмоб ұйымдастырыпты.

– Ұлы дала құндылықтары біздің қоғамды біріктіреді. Бұл жарыс қазақ мәдениеті мен дәстүрін заманауи технологияларын ұштастырып отыр. Оқушылардың танымын кеңейтеді. Қарағанды қаласының мектептерінде техникаға бейім оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Білім ордаларында робототехника кабинеттері бар. Жабдықтар жаңартылуда. Болашақ инженерлерге арналған көптеген үйірмелер, STEAM зертханалары қосымша білім беру деңгейінде жұмыс істейді, – дейді Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Чемпионаттың алдында зор дайындық жұмыстары жүргізілді, – деп атап өтті жарыстың бас­ты ұйымдастырушысы Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның робототехника пәнінің оқытушысы Әділбек Бердіходжаев. Авторлық ережелер алдын ала жазылып, арнайы ойын алаңдары жасалған.

– «Көкпар» санаты үшін электронды табло жасалды. Мұнда нағыз ойын атмосферасы сезіледі. Яғни, онлайн режимінде барлық қатысушылар мен жанкүйерлер жарысқа куә бола алады. «Ханталапай» жаңа санаты: робот әртүрлі жерлерде шашыраңқы асықтарды жинауы керек. Тапсырма оңай емес – объектінің қай жерде екенін есептеуі тиіс. Қажетті сызықты жоғалтпау да маңызды, – деді Әділбек Бердіходжаев.

Сонымен қатар, Әділбек Бердіходжаев ұлттық нақыштағы робототехника чемпионаты екінші мәрте ұйымдастырылғанын атап өтті. Болашақта дәстүрлі түрде, республикалық, тіпті, халықаралық деңгейде өткізгісі келетінін жасырмады. Бірақ, бұған да қомақты қолдау қажет көрінеді.

9-дан 16 жасқа дейінгі оқушылар роботтарды жинау және бағдарламалау дағдыларын көрсетті. Бұл сайыс ұлттық ойындар әлемімен танысуға көмектесті.

– Мен робототехникамен айналысқаныма 2 жыл болды. Көкпар туралы мол мәлімет алдым. Бірақ, мұнда бірінші барлық ерекшеліктерді түсініп алу керек. Алдымен Робот шабандоз­ды жылдам жинап, содан кейін оны смартфондағы Bluetooth арқылы сауатты басқару қажет, – деп бөлісті № 33 мектеп-бөбекжай кешенінің 6-сынып оқушысы Ярослав Землянский.

Жеңімпаздар кубок және медальдармен марапатталды. Тағы бір сыйлық – Аlihanrobotics онлайн орталығында тегін оқу мүмкіндігі табысталды. «Ұлы Дала ойындары» абсолютті чемпионы атағын Мағжан Жұмабаев атындағы гимназияның командасы жеңіп алды.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button