Бас тақырып

Ұлу жылындағы Ұлы Дала

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басындағы құттықтау сөзінде Қазақстанның стратегиялық бағдары айқын ел ретінде тұрақты дамып келе жатқандығын тілге тиек еткен. «Біз ынтымақ-бірліктің және қажырлы еңбектің арқасында ауқымды іс-шаралар атқардық. Жаңару мен жаңғыру жолындағы маңызды реформаларды жүзеге асырдық. Осылайша, мемлекеттігіміздің тұғырын бекемдей түстік. Заң мен Тәртіп үстемдігін орнатуды мемлекеттік саясаттың негізгі бағдары деп жарияладық», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Ұлттық құрылтайдан – ұлттық болмысқа

2024 жыл дегенде алдымен елдік мәселелерге мән берілген Атырау атырабында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы есімізге түседі. Құрылтайда ұлт болмысын қалыптастыратын тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық секілді басты құндылықтар айқындалды. Президенттің бес әлеуметтік кеселмен күресті күшейту жөніндегі тапсыр­масы аясында биыл бірқатар маңызды заңдар қабылданды. Әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатаң жаза қарастырылып, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жаңа ережелер енгізілді. Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы арнайы заң қабылданды. Қоғамдық тәртіпті бұзу, вандализм және бөтеннің мүлкіне зиян келтіру әрекеттері үшін жауапкершілік күшейтіліп, құмар ойындарға тәуелділікті азайту, вейпке тыйым салу мақсатында заңнамалық өзгерістер енгізілді. Бұл заң жобаларын әзірлеуде Парламент депутаттары мен Ұлттық құрылтай мүшелері белсенділік танытты. Осылайша, Президенттің «Заң мен Тәртіп» қағидасын нығайту жөніндегі бастамалары қоғамда біртіндеп жүзеге асуда.

«Шығасы шықпай, кіресі кірмейді»

Көктемгі су тасқыны еліміздің 10 өңіріне ауыр соққы болып, халық пен мемлекеттің мүлкіне айтарлықтай зиян келтірді. Осыған байланысты, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы азаматтарды қауіпсіз аймақтарға шұғыл көшіру және зардап шеккендерге қажетті көмек көрсету туралы нақты тапсырма берді. Мал-мүлкінен айырылған азаматтардың ешбірі назардан тыс қалмады, оларға материалдық және қаржылай қолдау толық көлемде көрсетілді. Тасқын салдарынан болған мал шығынын өтеу үшін мемлекет 2,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Осындай ауыр кезеңде халқымыз ауызбіршіліктің жарқын үлгісін танытты.

Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев атқарылған жұмыстарға қарамастан, босаңсуға болмайтынын атап өтті.

– Ең бастысы – жұмысты дұрыс ұйымдастыру. Біз өткен жылғы қателіктерді ескеріп, су тасқынына тыңғылықты дайындалуымыз керек, – деп атап өтті өңір басшысы. – Адамдар мен ресурстар қажет. Жергілікті тұрғындар дұрыс бағдарлануы керек. Жарылыс жұмыстарына конкурсты уақытылы өткізу, су өткізу құбырларын ашу және басқа да маңызды жұмыстарды орындау маңызды. Әр ауылда, әр қалада штаб болуы керек. Барлығы үйлесімді және жедел жұмыс істеуі тиіс.

Есесіне биыл көктемгі су тасқынына қарамастан, елде 26,7 млн тонна астық жиналды. Бұл соңғы 10 жылда болмаған рекордтық көрсеткіш. Мұндай жетістік мемлекеттің диқандарға көрсеткен жүйелі қолдауы мен қамқорлығының нәтижесі. Көктемгі егіс пен жиын-терін жұмыстарын қолдау үшін алғаш рет жарты триллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 5 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие берілді. Азықтүлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және негізгі азықтүлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайту мақсатында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Дәнді-дақылдар селекциясы мен тұқым шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар қабылданып, диқандарды отандық тұқыммен толық қамтамасыз ету шаралары қолға алынды. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту қарқынын жылына 8-10 пайызға жеткізу үшін 120 млрд теңге бөлініп, 5 пайыздық мөлшерлемемен лизингке беру бағдарламасы іске қосылды.

Өндірілген азықтүлікті сақтап, тұтынушыларға жеткізу үшін қойма-логистика кешендерінің құрылысы жоспарланған. Алдағы жылдары жалпы сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу көзделуде. Биыл алғаш рет өткен Қазақстанның ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің форумында агроөнеркәсіп кешенін дамыту міндеттері анықталды.

Форумда қазақ жылқысының тұқымын сақтау және көбейтуге арналған арнайы заң қабылданғаны атап өтіліп, Үкіметке Жылқы шаруашылығы институтын құру тапсырылды.

Жаңғыру жолында

Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік еркіндігін қамтамасыз ету үшін бәсекелестікті арттыру, экономикаға мемлекеттік араласуды қысқарту және бизнес шығындарын азайту жөнінде тапсырмалар жүктеді. 10 мамырда Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал, 2 қыркүйекте «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында елдің жақын болашақтағы экономикалық даму басымдықтарын белгіледі. Үкімет осы тапсырмаларды орындауға бағытталған жұмыстарды жыл бойы қарқынды түрде жүргізді. 2024 жылдың алғашқы алты айында шетелден тартылған тікелей инвестициялар көлемі 9,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл негізінен тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 15,8 трлн теңгеге жетсе, 134 жоба іске қосылып, 795,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 10,1 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.

Адал еңбекке құрмет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, еселі еңбек пен жауапты азаматтық құндылықтарын қоғамда нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарды бастады. Медицина саласына қатысты қабылданған заңдар дәрігерлердің жауапкершілігін айқындап қана қоймай, олардың мәртебесін арттырып, кәсіби міндеттерін орындау барысында жан-жақты қорғауды қамтамасыз етуді көздейді. Бұл бастаманы дәрігерлер қауымы жылы қабылдады. Алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы бекітіліп, оның тұңғыш иегерлері марапатталды.

Биыл мемлекеттік наградаларға елдің дамуына еңбегімен үлес қосқан азаматтар көптеп ұсынылды. Бұл игі дәстүр келер жылы да жалғасын тауып, еңбек адамдарына құрмет көрсету жалғасады. Президент білім мен технологияға негізделген экономиканы дамытуға ерекше назар аударуда. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңның қабылдануы. Бұл заңда ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді көздейтін технологиялық саясаттың негізгі бағыттары мен механизмдері жан-жақты қарастырылған.

Экоакцияның жемісі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен сәуір айында жалпыұлттық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Көктемгі су тасқынына байланысты қиындықтарға қарамастан, Мемлекет басшысы өңір әкімдеріне айналаны тазалау мен абаттандыру жұмыстарын жедел түрде қолға алуды тапсырды. Президент бұл бастаманың тұрақты және жалпыхалықтық сипат алуы қажет екенін ерекше атап өтті. Акцияның басты мақсаты – қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Жыл бойы жүргізілген бұл акцияға шамамен 2,4 миллион адам атсалысты. Нәтижесінде жүздеген мың аула мен аумақ тазартылып, 900 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Таза ауа мен жасыл желек үшін 2,5 миллионға жуық көшет отырғызылды.

Алға аттаған Қарағанды

2024 жылы өндірісті облыста экономика мен әлеуметтік саланың түрлі секторларында тұрақты өсім көрсеткіші төбе көрсетті. Мәселен, жұмыссыздық деңгейі жұмыс күші санының 4,1%-ын құрады. Қызметкерлердің орташа айлық атаулы жалақысы 374 937 теңгеге жетті. Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3 626 144,4 млн теңге шамасында. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде өндіріс көлемі 14,2%-ға, өңдеу өнеркәсібінде – 12,4%-ға, электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және кондиционерленген ауамен жабдықтауда 3,7%-ға өскен. Ауыл, орман және балық шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылым көлемі 455 942,5 млн теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 1 137 361,6 млн теңгені құрады. «Іскерлік ахуал» тәуелсіз рейтингі агенттігінің дерегіне сүйенсек Қарағанды облысы үздік өңірлер сапындағы жетінші орынға көтерілген. Осылайша, осы жыл аймағымыз үшін тұрақты экономикалық өсу және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту кезеңі болды.

Қош, 2024 жылы еліміз экономикалық, әлеуметтік және экологиялық салаларда бірқатар атап өтерлік жетістіктерге жетті. Ұлу жылындағы ұлы даланың басты жеңісі – елдің тұрақтылығы мен халықтың кемел келешегіне деген сенімді ұмтылысы. Мемлекет азаматтардың әл-ауқатын жақсарту бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізді. Десек те, кейбір жекелеген салаларда әлі де шешімін табуы қажет мәселелер бар. Табиғи апаттарға дайындық деңгейін арттыру, әлеуметтік теңсіздікті жою және білім беру мен денсаулық сақтау салаларындағы реформаларды тереңдету – бұл келер жылға қойылған маңызды міндеттер.

Ұлу жылы – жаңарудың, елдік құндылықтарды қайта танудың және ұжымдық жауапкершілікті сезінудің жылы болды. 2025 жылы бізді жаңа сынақтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр. Жыл қорытындысы көрсеткендей, бізге жеңістерімізден рухтанып, кемшіліктерімізден сабақ алуымыз керектей. Қазақстан – тек табиғи ресурстарға емес, ең алдымен, өзінің ең басты байлығы – халқына сүйенеді. Қайсар мінез бен адал еңбек елді биік белестерге жеткізетіні сөзсіз.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button