Бас тақырыпРуханият

Ұлттық тәрбие – жасампаз ұрпақ қалыптастыру құралы

Жердегі сан мыңдаған тіршілік иелерінен ақыл-ой мен сана, мәдениет пен тарихы арқылы ерекшеленетіні – Адам. Адамзат баласы түріне, түсіне, ұлтына, тіліне, дініне қарай алуан түрге бөлінеді. Құран Кәрімде «Біз бір-біріңді тануларың үшін ұлттар мен ұлыстарға бөліп жараттық» делінгенін ескерсек, әрбір ұлт өкілдерінің ерекшеленіп, ұлттық қадір-қасиет деңгейін көтеруге бағытталған әрекеттерінің табиғи құбылыс екенін түсіну қиын емес.

Әдетте мұндай шаралар өзге елмен терезесін теңестіруді мақсат еткен саны жағынан аз мемлекеттерде қолданылып жүргенін байқаймыз. Жалпы әр адам өзінің тегін, дәстүрін, тілін, ділін ұмытпаған жағдайда ғана ел болу мүмкіндігі жоғалмақ емес.

«Ұлттық» деген атаумен белгілі бір ұлт өкілдеріне тән ерекшеліктерді белгілейміз. Мәселен: ұлттық код, ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық тарих, т.с.с. Ұлттық тәрбие туралы айтылғанда осының барлығы қамтылады. Алпауыт мемлекеттердің әлемдік деңгейдегі жүргізіп отырған саяси бағдарламалары «буыны қатпаған» дамушы мемлекеттерге әсерін тигізбей қоймайды. Ол үшін ұлттық қадір-қасиет деңгейін көтеруге бағытталған шаралар үнемі жүргізіліп отыруы тиіс.

Ұлттық кодты нығайтуға, яғни, қазақи болмыстан айырылмауға әсер ететін негізгі фактор бұл – тәрбие. Қазақи тәрбие десек артық болмас. Себебі, 5 мың жылдық (бізге белгілісі) тарихы мен мәдениетін бойына сіңірген қазақи болмыстың тек өзіне ғана тән кодтарды қабылдауы – табиғи заңдылық.

Ұлтымызда тәрбиенің бастауы ананың бесік жыры мен әженің ертегісінен басталатыны белгілі. «Менің үш қорқынышым бар. Біріншісі – бесік жырын айта алмайтын келіндердің көбеюінен, екіншісі – немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбеюінен, үшіншіден – салтдәстүрін сыйламайтын ұрпақтың көбеюінен қорқамын» деген екен батырлықтың символына айналған Бауыржан Момышұлы. Демек, ұрпақ тәрбиелеуде қазақ халқының өзіндік стилі бар. Оны мүмкіндігінше түпнұсқасында сақтасақ, бұрынғыша ата-анасына, еліне мейірімді, ел шетіне жау тисе, айылын тартып, атқа қонатын азаматтардың көбейетіні сөзсіз. «Бұрынғыша» тәрбие сөзіне арнайы салмақ салғызып отырған – бүгінгі ұрпақ тәрбиелеуде атаананың баладан, баланың ақылшысынан назарын аудартып әкететін жаңа технологиялардың зияны. Мақсатымыз – жаңа заман үдерісінен қол үзу емес, қайта сол ағыспен жүре отырып, қазақилықты сақтай білу. Бұл орайда Елбасымыз «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында «… Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай..» – деген еді. Дамыған мемлекеттермен терезе теңестіру ұлттық рухпен өзгелерден ерекшелене отырып, өзіне ғана тән стильмен даму деген сөз. Ол үшін ұлттық тәрбиені болашақтың тізгінін ұстар жас ұрпақтың бойына сіңіру – көздеген бірінші межеміз деп қабылдаған жөн. Қазақи тәрбиедегі негізгі факторларға жеке-жеке тоқталып өтейік.

Біріншісі – тіл. Батыр Бауыржанның «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі емес пе?!» дегенін ескерсек, ұлттық тәрбиедегі жетекші рөл атқаратын – қазақ тілі екенін аңғару қиын емес. Жалпы ұлттық тәрбиедегі тілдің орнын өзге ұлттар да ерекше бағалайды. Кезінде КСРО аз ұлттардың барлығын орыстандыру мақсатында жұмыстар жүргізгені белгілі. Сонда дағыстандық жазушы Расул Ғамзатов: «Әр елдің өз жұлдызы бар. Менің де жұлдызым – авар тілі! Жұлдыздардың басын қосып, үлкен жұлдыз жасамай-ақ қоялық. Ол үшін аспанда күн бар емес пе?!» – деген екен. Өзіндік тілі сақталмаған ұлттың өткені болуы мүмкін, бірақ, бүгіні осал, болашағы бұлыңғыр болары хақ. Себебі, тәрбие қай тілде берілсе, тәрбиеленушінің бойына сол ұлттың коды ене бастайтыны белгілі.

Екіншісі – тарих. «Ескілік – жаңаның қазығы..» дегендей, ауыз толтырып айтарлық өткеніміз барда ұрпақ тәрбиелеудегі өзгенің әдіс-тәсілі біз үшін үлгі болмауы қажет. Тарихымыздағы сан-қилы замандар, оқиғалар санамызда өшпестей із қалдырған. Жоңғардың шапқыншылығынан бастап, кешегі Ресей патшалығының қыспағы, ІІ дүниежүзілік соғыс – осының барлығынан аман өтіп, бейбітшілік заманның орнарынан үміттене отырып, қиындыққа мойымай өмір сүріп келген қазақ халқы енді әлсіремек емес. Дегенмен, өткенімізді естен шығармай, болашаққа қарай дұрыс мақсатпен, ақырын жүріп, анық басуымыз абзал.

Үшіншісі – дәстүр. Қазақтың қай жыр-дастанын, аңыз-әңгімесін алсақ та – іші ғибратқа толы өсиет. Салт-дәстүрге бай ата-бабамыз қазақ жеріне тазалықты, бейбітшілікті, мейірімділікті насихаттайтын ислам діні келместен бұрын да біреудің ала жібін аттауды ар көрген. Себебі, қазақтың әрбір әдет-ғұрпы өнеге боларлық әрекеттерге бағытталған. Айталық, қазақтың ұлттық нақыштағы киіз үйіне кірер есіктің аласа болуы – шаңыраққа кірген кімнің де болса, басын иіп үйге, үй иесіне деген құрметпен кіруін мәжбүрлейді. Келіннің атаенесіне сәлем салуы да көзін төмен салып, үлкенге қарсы келмей, ерекше сый-құрметке лайықтап тұрғанын көрсетеді.

Бүгінге дейін әдет-ғұрып туралы мәліметтер қазақтың жыр-дастаны, термесі, ауызекі әдебиеті арқылы жеткен. Және әр қазақтың бойына ұлттық тәрбиені үздіксіз сіңіріп отыруға осы жеткізу құралдары себеп болды десек, қателеспейміз.

Бауыржан Момышұлы: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде ұлттық дәстүрдің маңызы зор екеніне көзім жетті» деген екен. Осындай тәрбиелік мәнге толы салт-дәстүрді бойына сіңіріп өсірген халық – бүгінде территориясы жөнінен 9 орындағы тәуелсіз мемлекет. Тәуелсіздікті алу бар да, оны сақтай білу бар. «Ата салтың – халықтық қалпың» дегендей осындай қасиетті халықтың ұрпағы бола тұра ендігі жерде заманауилықты себеп қылып жолымыздан жаңылып қалмай, елдігіміздің ертеңін ойлап, әр қадамымызды нықтап басқанымыз жөн.

Бүгінгі ұрпаққа ұлттық тәрбие берудегі мақсат – ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ел мүддесін өз мүддесінен биік қоятын, адами құндылықты шет қалдырмай, ұлттық құндылықты дәріптей алатын азаматтарды тәрбиелеп, егемендігіміздің діңгегі ету.

Тамыры терең бәйтеректің соққан дауылға құламайтыны секілді, біздің де ұлттық санамыздың діңгегін сақтаған жағдайда ғана сырттан келетін «дауылдарға» мойынсұнбайтынымыз анық.

Б.Ахметов,

ҚР ДІАҚМ ДІК Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының Діни бірлестіктерді зерттеу бөлімінің аға ғылыми қызметкері.

Басқа материалдар

Back to top button