Жаңалықтар

«Ұлттық Құрылтай – ұсыныс алаңы»

Төрт жылда Ұлттық Құрылтай елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешімін табатын алқалы жиынға айналды. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіп, айтылатын салмақты ой ұлғайып келеді. Қоғам үшін қажет әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен  ономастика туралы заңдар Ұлттық Құрылтайдың бастамасымен қабылданды. Бұл қатарда вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат та бар. Оған қоса, есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулерді атап өткен жөн. Мұның барлығы – Ұлттық Құрылтайдың нақты жемісі. Бурабайда өткен биылғы жиында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстар жайлы Ұлттық Құрылтайдың және Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова ойымен бөлісті.

– Сіз алқалы жиынға биыл төртінші рет қатыстыңыз. Әр жылдағы Құрылтай несімен ерекшеленді?

– Құрылтайда айтылатын мәселелер қатары да, ауқымы да жыл санап артып келеді. Мәселен, Ұлытауда өткен алғашқы жиын да тәрбие мәселесі, ұлттық болмыс туралы көп айтылды. Республика күні Ұлттық мереке ретінде қайта жанданды. Одан кейінгі Түркстандағы басқосуда да құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, маңызды институттардың жұмысын жүйелеу, креативті индустрияны дамыту сөз болды. Атыраудағы жиын аясында 300-ге жуық мәселе талқыланды. Сол кезде Мемлекет басшысы тұрғын үймен қамтуға арналған жоба жүзеге асатынын сүйіншілегеннен кейін «Наурыз» бағдарламасы ашылды. Мұның барлығы – халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосылған тамшыдай үлес.

– Төртінші Құрылтай отырысы қай бағытта өрбіді? Жалпы, Мемлекет басшысы қандай мәселелерге басымдық берді?

– Осы жолы Құрылтайда экономика мәселесіне баса мән берілді. Президент салық жүйесіне қатысты туындап жатқан даулар туралы айтты. Мен «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциясының құрамында
сарапшылардың жиынына қатыстым. Мәселенің мәнісін өзім де осы жолы аңдадым. Бұл реформа біздің қоғамға дұрыс түсіндірілмей жатыр екен. Елде 2,4 млн кәсіпкер бар екен. Оның 2 миллионы өз табысын «нөл» деп көрсетіпті. Оның ішінде, 50 мың теңге көрсеткені мұнша, 100 мың алатын мұнша, 150 мың алатын адам мұнша деген нақты цифрлар айтылды. Елдегі жеке кәсіпкерлердің 85%-ының табысы 15 млн-ға дейін ғана. Қосымша құн салығының шекті сомасы 15 млн деген цифр осыдан шыққан. Осы сомадан асқандар қосымша құн салығын төлейді. Өткенде мәселе болған блогерлер де, ірі құрылыс компанияларды да қосымша салық төлеуі тиіс. Олардың ішінде ресто ран бизнесі де бар. Енді тапқан табыстан салық төлеу жалпыға міндеттеледі. Екінші жағынан қарасақ, салынып жатқан балабақша, аурухана, мектептер, алып отырған жәрдемақылар салық есебінен қалыптасады. Мемлекеттен алуды білсек, беруді де саналы түрде үйрететін кез келді.

– Президент бірқатар әлеуметтік бастамаларды да назардан тыс қалдырмады. Жаңа жобалар не жайлы?

– Президент мүгедектігі бар балаларын оңалту үшін ата-аналардың Астанамен екі ортада жүргенін, ұлттық орталыққа қаралу үшін кезек күтуге мәжбүр екенін баяндады. Ерекше қажеттілігі бар, сондай-ақ, аутизмге шалдыққан балаларды оңалту, дамыту орталығын әр облыста ашуды тапсырды. Біздің өңірде «Алтын мирас» орталығы бар. «Жыл соңына дейін ерекше балаларды қолдауға арналған заң әзірленсін» деді. Мен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде осы заңды шығаратын жұмыс тобындамын. Одан бөлек, келесі жылдан бастап «Қазақстан балалары» атты ұлттық бағдарлама іске қосылады. Маған «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын барлық жекеменшік мектептерге енгізу туралы айтқаны ұнады. Оларда жалпы стандарттардан бөлек, оқыту бағдарламасы қандай екені де белгісіз. Елдегі жекеменшік балабақшалар да,
сауықтыру лагерьлері де лицензиясыз жұмыс істеп келген. Мен былтыр ғана «Qarmet» АҚ ның лагерьлеріне бардым, тәуелсіз Қазақстан туралы мүлдем ұғым жоқ, Кеңес одағының елтаңбасы, туы тұр. «Ағылшын тілін үйретеміз, «ІТ-щник» болуы керек» деп қаншама ұрпақты уыстан шығарып алғанымыз рас. Бұл мәселені
Президент дұрыс көтерді.

– Сіз қандай ұсыныс білдірдіңіз?

– Мен «Артспорт» бағдарламасының қаржысын үнемдеу туралы ұсыныс айттым. Мәселен, Қарағанды облысында бұл бағдарламаға бір жылда 4 млрд жуық теңге жұмсалады. Облыс халқының 85% қалада тұратынын ескерсек, оның қызығын қала балалары көруде. Ал, қалаларда тегін үйірме-секцияларды Мәдениет үйлері мен Балалар мен жасөспірімдер сарайы да ұсынады. Қарағандының өзінде төрт Мәдениет үйі мен үш Балалар мен жасөспірімдер сарайы бар, оларда жүзден аса секция жұмыс істейді. Ондағы үйірмелер сапалы, заманауи құралдармен жабдықталған, мамандары да білікті. Олай болса, қалалықтар үшін Мәдениет үйлері мен Балалар мен жеткіншектер сарайында бар үйірмелерді неге «Артспорттан» алып тастамасқа? Оларда үйірмеге келген бір балаға 500 теңге шамасында қарастырылған, оқытушылардың жалақысы 80-120 мың теңге аралығында. Ал, «Артспортта» бір балаға 28 мың теңге бөлінеді. «Артспорт»
арқылы бірден 200-400 балаға қызмет көрсететін жекеменшік орталықтар бар. Олар жылда әртүрлі орын жалдайды, мекенжайы ауысады, жабдығы мен оқытуын тексеріп жатқан құзырлы орган жоқ. «Артспортқа» жұмсалып жатқан қаржының бір бөлігін Мәдениет үйі мен Балалар мен жасөспірімдер сарайының жабдықтарын жаңартуға, оқытушылардың жалақысын көтеруге неге бөлмеске? Ән-күй, би үйірмелерін «Артспорттан» алып, мемлекеттік мекемелерге беру керек. Бюджет қаржысын үнемдеу деген осы. Оның қаржысын бассейн, тағы басқа баламасы жоқ үйірмелерді ашуға жұмсаған жөн. Әрі «Артспортқа» қаржы бөлгенде ауыл мен қалаға бөлінетін қаржының тепе-теңдігін сақтау қажет. Мемлекет балаларды дамытуға қаржы бөліп жатыр. Алайда, ол ауыл балаларына жеткен жоқ. Мәдениет басқармасы да, спорт басқармасы бағдарламаға қатысатын мекемелерді тексеруге құқығы жоқ екен. Бағдарламаны ақша жасау көзіне айналдырып алғандар жетерлік.

– Бұл ұсынысыңыз жауапсыз қалмай ма? Жалпы, айтылған әрбір мәселе қаншалықты шешімін табады?

– Ұлттық Құрылтай – пәрмені биік басқосу. Онда барлық мәселе тікелей Президенттің алдында айтылғандықтан, міндетті түрде жауап беріледі. Сенат пен Мәжіліс депутаттары да Президент алдында осы Құрылтайда ғана айта алады. Бұл – халық пен Президент арасындағы көпір. Президент біз арқылы халықтың көкейіндегі мәселені естіп, біледі. Былтыр берген тапсырма бойынша 10 заң қабылданды. Құрылтай мүшелері айтады, сол бойынша Парламент мүшелері заң жобасын әзірлейді. Басқа жиындарға қарағанда нәтижелі. Мысалы, халық министрге, әкімге хат жазады. Бірақ, олар «Мына заңды өзгертейік, мына бапты түзетейік» деп бас қатырмайды. Ал, Құрылтай соған мүмкіндік береді. Жыл соңына дейін министрліктер біздің ұсыныстарымызға жауап береді. Мен тұтас жүйеге қатысты мәселелер көтеруге тырысамын. Кейбіреулер өзінің мектебінің немесе өңірінің мәселесін қозғайды. Мұндай мүмкіндік беріліп
тұрғаннан кейін халықтық мәселе айтылуы керек.

– Келесі жиында айтар ұсынысыңыз бар ма? Әлде ол жайлы ойланбадыңыз ба?

– Ойымда – көші-қон мәселесі. 1990 жылдары Пәкістаннан, Ресейден қаншама адам көшіп келгендігі туралы құжат бар, бірақ, адамдар жоқ. Олар азаматтық алды ма, Қазақстанда тұрып жатыр ма, тірі ма, өлі ме еш дерек жоқ. Ресейден не үшін көшіп келген? Квота негізінен Моңғолия, Қытайдан көшіп келуі үшін бөлінген. 2008 жылға дейінгі бірде-бір құжат жоқ. Одан беріде цифрланған ғана бар. Келесі Құрылтайда осыны көтергім келеді. Әрине, келесі жиынға қатыссам. Себебі, әр Құрылтайда әртүрлі адамдар болады.

– Сұхбатыңызға рахмет. Бастамаларыңызға сәттілік тілейміз.

Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button