Ұлттың рухын ұлықтап…
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Алаш қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры Әлімхан Ермековтің мол мұрасын насихаттауға арналған «Алаштimе» форумы өтті.

Форум қатысушылары ұлт қайраткерінің мәңгілік мекеніне барып, рухына тағзым етті. Құран бағыштап, гүл шоқтарын қойды. Кейін Ә.Ермеков тұрған үйге барып, ғалымға арналған мемориалдық тақтамен танысты.
Форум үш бағытта өрбіді. Алдымен, «Жасасын Алаш, Жасасын!» ашық баяндама байқауына докторант, магистранттар мен жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттері қатысты.
«Quiz Time» интеллектуалды ойыны кезеңінде өңірдің колледж студенттері, ал, «Әлімхан Ермеков және математика» пәндік олимпиадасы бағытына Қарағанды қаласы мектептерінің 10-11 сынып оқушылары бақ сынасты.
Форумның ашылу салтанатына ақын, бард, Алаш қайраткерлерін, оның ішінде, Әлімхан Ермеков туралы игі істерге ұйытқы болып жүрген Қуаныш Мақсұтов, Астана қаласы «Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің директоры Қадырғазы Мұқанов, журналист Ернат Қашқынов, «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы Әдебиет Белгібайұлы, әдебиеттанушы ғалым Әлімжан Жақан және ұстаздар, кітапханашылар, жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, оқушылар қатысты.
Сөз кезегін алған қонақтар форум қатысушыларын құттықтап, сәттілік тіледі. Олар өз сөзінде Ә.Ермековтің қазақ математика ғылымы мен Алаш қозғалысы тарихындағы рөліне тоқталып, мол мұрасын жас ұрпаққа танытудың маңыздылығын атап өтті.
– Ашық баяндама байқауында еліміздің жетекші оқу орындарынан 15 қатысушы өтінім білдіріп, іріктеуден өткен 8 үздік баяндама қазылар алқасы алдында қорғалды. Қарағанды колледждері арасында «Quiz Тime» интеллектуалды ойыны «ORTAU» креативті орталығында өтіп, оған 8 топ қатысты. Форумның үшінші бағыты Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейде Қарағанды, Астана және Балқаш қалаларынан келген 10-11 сынып оқушылары арасында өтті. Барлығы 46 оқушы бақ сынаған бұл білім бәсекесінде жас математиктердің логикалық ойлау, дәлдік және жүйелі шешім қабылдау қабілеті сыналды, – деді шара ұйымдастырушысы, өлкетану әдебиеттері бөлімінің басшысы Сандуғаш Телпекбаева.
«Жасасын Алаш, Жасасын!» атты ашық баяндамалар байқауында I орын Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің докторанты Әділет Жағыпар, II орын Астана халықаралық университетінің IV курс студенті Ақансері Қазақбаев, III орын Астана қаласы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Гүлзия Иманбаеваға бұйырды. Арнайы сыйлықпен Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Ербұлан Мақатай марапатталды.
«Quiz Time» интеллектуалды ойынында I орынға Қарағанды «Bolashaq» жоғары колледжінің «Ізбасар» тобы, II орынға Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінің «Ұлы Дала ұландары» тобы, III орынға Абай Құнанбайұлы атындағы Саран гуманитарлық-техникалық колледжінің «Ұлағат» тобы жайғасты.
Арнайы диплом Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті Экономика, бизнес және құқық колледжінің «Жеті қазына» тобына берілді.
Ал, «Әлімхан Ермеков және математика» атты пәндік олимпиаданың қорытындысында I орынның алтын медалімен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназия оқушысы Ділназ Жанай, II орынның күміс медалімен №4 мектептен Ділназ Төлегенова және Балқаш қаласы Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицей оқушысы Анжелика Крюкова марапатталды.
III орынның қола медалі әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия оқушысы Мирас Амангелдіге, Ә.Ермеков атындағы мектеп-лицей оқушысы Абат Нұрға, Шәкәрім атындағы гимназиядан келген Жанель Сахимоваға табыс етілді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»