Жаңалықтар

“Ұлттық әліпби” – өзекті мәселе

Қарағандыдағы іргелі білім ордасы Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектеп-гимназиясы – облыстағы білім ошақтарының арасында алғашқы болып қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жобасын қолға алған мектеп. Сондай-ақ, мектеп ұжымы жақында ұстаздардың бірігуімен «Рухани жаңғыру» залын ашты. Мектеп оқушылары латын графикасына негізделген «Мектеп тынысы» газетін шығарғанын сүйіншіледі.

Сейсенбі күні аталған білім ошағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты саналатын латын графикасына көшу жобасы бойынша қалалық білім бөлімінің мұрындық болуымен «Ұлттық әліпби» тақырыбын қозғаған дөңгелек үстел өтті. «Ұлттық әліпби» жобасының авторы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Орден Сұрағанқызы көпшілікті бағдарламаның мазмұнымен таныстырды.

  • Оқушылардың латын әліпбиін толық меңгеруін қадағалау мақсатында «Ұлттық әліпби» жобасын жасадық. Латын әліпбиіне негізделген орфографиялық сөздік құрастыруға үйрету жоспарланды. Алдағы мақсатымыз – Қарағанды облысы топонимдерінің латын әліпбиіне негізделген электронды картасын жасау. Мектебіміздегі «Ұлттық әліпби» жобасына 5-9 сыныптар қатысады. Онда латын графикасы негізінде диктант жазу, мәтінді жылдам оқу, аударма жасау, орфографиялық сөздік жасау секілді талаптар бар, – деді жоба авторы Орден Сұрағанқызы.

Латын негізді қазақ әліпбиін үйренудің артықшылықтарына тоқталған мектеп директоры Абылай Жәлелов латынға көшу бағытында жүргізіліп жатқан гимназиядағы ілкімді жұмыстарды атады.

  • Қазіргі таңда оқушыларға жаңа әліпбидің маңызын насихаттау жұмыс­тарын жүргізу басталып кетті. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің және бастауыш сынып мұғалімдері, оқушылар, ата-аналар, жоғары оқу орындарының ғалымдары және осы саладағы тіл мамандары атсалысуда.

Тәуелсіздіктің 27 жылдығына орай гимназиямызда «Мәңгілік Ел» залы ашылды. Залдағы барлық жазба латын қарпімен жазылды. «Латын әліпбиі – тіл тазалығының кепілі» тақырыбында дәстүрлі «Шырақ» ата-аналар отырысы өтті. Мектеп оқушылары ұстаздары Мөлдір Жақсыбайқызының басшылығымен «Мектеп тынысы» газетін шығарды. Бұл таза латын графикасына негізделген басылым болып жарық көрді. Осыдан-ақ мектеп оқушыларының латынға қызығушылығын аңғаруға болады, – деп атап өтті Абылай Армияұлы.

Дөңгелек үстелге сондай-ақ, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Берік Рахимов және қазақ тіл білімі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бектұрсын Қалиев қатысты. Ғалымдар жиында ресми түрде латын әліпбиіне көшу бағытындағы шаралар жылдан-жылға жалғасын тауып келе жатқанын тілге тиек етті.

  • Жалпы, қазақ халқы осы уақытқа дейін 5-6 әліпбиді басынан өткерген. Қазіргі таңда үлкендердің өзі тілдің табиғи болмысын сақтамайтын болды. Өйткені, бізге қазақ тілінің сөздері мен сөз тіркестерінің барлығы орыс тілінің грамматикасы негізінде түсіндірілді. Кеңес заманында орысша меңгерген адамға қолдау күшті болды. Осының бәрі ұлттық құндылықтарды бұзуға алып келді. Алдағы уақытта латын графикасына көшудегі басты мақсатымыз ұлттық төл жазуымызды сақтап қалу екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Бұл ұлттық мәселе тұрғысында қазақтың келешегі үшін демократиялық жолмен жасалып отыр, – деді Бектұрсын Қалиев.

Дөңгелек үстелде облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек сөз алып, алдымен адамдардың қоғамдық ойлау жүйесіне төңкеріс жасалуы керектігін баса айтты. «Төл әдебиетіміздің жауһарын екшеп, ұрпаққа аманаттау тұрғысында латын әліпбиіне көшу – маңызды. Бірақ, ойлау жүйесіндегі тәуелділіктен арылу кезек күттірмейтін мәселе. Әліпбиді ауыстырудың төңірегінде сан қырлы түйткілдер бар. Мәселен, ел өміріндегі саяси, ұлттық, экономикалық мәселелер қозғалатыны рас. Сонда да тілге қорғаныш, кепіл болатын ұлттық әліпби жасауымыз керек», – деді.

Жиында Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының басшысы Гүлназ Мұстағұлова, бөлім басшысы Жұпар Жақанова сөз алып, ата-аналар мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға дәлелді жауап берді. Сондай-ақ, «Өрлеу БА ҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚБАИ аға оқытушылары ойларын ортаға салды. Латын негізді әліпбиге қатысты ауқымды жоба аясындағы мектептің жетістіктері сараланды.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button