Жаңалықтар

Ұлтты ұйыстырған қасиет

Татулық пен бірлік қазақтың қанына сіңген менталитет. Бүгінде түрлі этнос өкілдері бірегей ұлт ретінде ұйысып, ырыс пен ынтымақты дәріптеп, түрлі сын-қатерлерді артқа тастап келеді. Әділетті Қазақстанның іргетасын бірге қалап, саяси аренада әлем елдерінің алдында өзінің тұрақтылығын да толық дәлелдеді. Ендігі мақсат – ел тағдырын айқындайтын маңызды жобаларды, саяси-экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру. Ол еліміздегі саяси тұрақтылықтың өзі бірлік пен татулыққа тікелей байланысты.

Бүгінде жиі айтылатын ұлттық менталитет бір күнде қалыптасқан жоқ. Әуелде, елдің тұрмыс-тіршілігіне, табиғатына, тарихи жағдайларына байланысты дамып, қалыптасты. Ұлан-байтақ жерді қорғау қажеттігі қазақтың бойында батырлықты, ержүректікті дамытты. Қонақжай болуы да осыдан. Айшылық алыс жолға шығып, кездескен үйге «Құдайы қонақ» ретінде қона жатып, сый-құрметке бөленді. Бірақ, уақыт бір орында тұрмайды…

Сол сияқты, ұлттық менталитет те қатып қалған қағида емес екенін айтуда ғалымдар. Үнемі өзгеріске ұшырап, халықтың белгілі бір мәселелерге қатысты да көзқарасы өзгереді.

Ұлттық менталитет жайлы айтқанда, әр ұлттың өзіндік ерекшелігі, дербестігі болатыны жайлы да айтқан жөн. Ал, сол ерекшеліктердің бәрі бірігіп, бір арнаға тоғысып, ортақ мақсатты көздегенде ұлттың ұлылығы да сол кезде байқалмақ.

Қазақстан – көп этносты мемлекет. Олардың әрқайсысының өзіндік өмірлік ұстанымы, дүние­танымы бар. Бірақ, бір шаңырақтың астында өмір сүріп, бір-бірінің жақсы қасиетін бойға сіңіру арқылы бүгінгі жағдайға, атап айтқанда, бір-бірін жат санамайтын, ортақ мүдде жолында еңбек ететін бірегей ұлтқа айналды.

Мәселен, қазақ қонақжай халық. Оның бұл қасиетін елімізге қиын-қыстау заманда келіп, жақсылығын көрген өзге ұлт өкілдері де бойына сіңірді. Ал, қазақ болса, өздері бауыр деп бауырына тартқан өзге этностардың да дүниетанымын жат көрмей, жақсылығын алуға тырысты.

Еліміз даму үстінде. Жыл сайын озық елдер қатарына қосылу жолында елімізде түрлі саяси- экономикалық шешімдер қабылданып, алдағы мақсаттар да түрлене түсуде. Кезінде елдің экономикалық жағдайы, халықтың әлеуметтік тұрмысын көтеру бастапқы орында болса, бүгінде Қазақстанның алдындағы мақсаты да әралуан. Бүгінде демократиялану жолындағы еліміздің ұстанған саясатының өзі – бірегей. Солай болуы да заңдылық, Себебі, бұл елде ғасырлар тезінен өтіп, әбден қалыптасқан, қайралған түрлі ұлттардың ең жақсы қасиеттері бір арнаға тоғысып, ұлттық мүдде жолында жұмыс жасауда. Татулық пен келісімді тек сөз ретінде ғана емес, күнделікті өмір салтына айналдырған. Дәл осы қасиеттер генетикалық тұрғыда ұрпақ бойына дендеп еніп, жылдар бойы жасап келеді және одан әрі де жасай беретіні сөзсіз.

Салтанат ІЛИЯШ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button