Жаңалықтар

«Ұлттық қауіпсіздік жоқ жерде мемлекет те жоқ»

Жер көлемі бойынша әлемде 9 орынды иеленетін, табиғи байлығы мол, шикізаттың орасан қоры орналасқан Қазақстан өзін Тәуелсіз мемлекет ретінде жариялағанда әлемдік қауымдастықтың қырағы назарына ілікті. Осы кездегі ең бірінші әрі негізгі міндеттің бірі – елдің тұтастығын сақтау мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Ұлт қауіпсіздігінің жаңа жүйесін құру үшін әлбетте, бұрынғымен салыстырғанда мүлдем жаңа тәсіл керек болды. 1992 жылғы 13 шілдеде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ Жарлығымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Ұлттық қауіпсіздік комитеті болып қайта құрылды. Осылайша, отыз жылдық тарихында тәуелсіз еліміздің тірегіне айналған қызмет өзіне жүктелген міндетті қалтқысыз атқарып келеді. Мемлекет тағдыры үшін үлкен психологиялық жүктеме мен абсолютті жауапкершілікке ие комитетшілердің ең негізгі қасиеттерінің бірі – салқынқандылық, ыстық жүрек және адалдық.

«Ұмыту өткен тарихты – болашақ үшін қауіпті»

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, НКВД, МҚБ, ҰҚК болсын мейлі, Қазақстан қашан да даңқты «жауынгерлерден» кенде болмаған. Тарих демекші, оның өзін бірнеше кезеңдерге бөлуге болады. 20-40 жылдары чекистер халық жауларымен, бай-құлақтармен, алашордалықтармен, қазақ зиялыларымен күресті. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлерінің өздері де репрессияға ұшырады.

Ал, 50-ші жылдардан бастап, партияның жеке құралына айналып, еркін ойлағанның ауызын тұмшалап, басып-жаншыды. Әрине, бұл – тарих. Жазушы Мұзаффар Әлімбаев «Ұмыту өткен тарихты – болашақ үшін қауіпті» демекші, барды жоқ деп, жылы жауып қою мүлдем мүмкін емес. Оның үстіне, қалай болғанда да, дәл осы чекистердің жан аямас қызметтері атағы Қазақстан ғана емес, Одаққа мәлім болған талай операцияларды сәтті өткерді. Ал, тарихты ұмытпау кейінгілерге парыз әрі сабақ. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті қызметкерлерінің өздері де осы ұстанымда.

Мұражай – өткен мен болашақты жалғастырушы

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінде КСРО жылдарындағы және Ел Тәуелсіздігі кезіндегі жаңа тарихын бейнелейтін мұражай бар.

Тәуелсіздік жылдарына дейінгі мұражайда көзге көрінбейтін майдан жауынгерлері, яғни, чекистердің атқарған операциялары, пайдаланған қарулары, соғыстан кейінгі кезеңдегі арнайы формасы экспонат ретінде қойылған. Ал, осы жердегі ең басты құнды жәдігер – Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша басқарма басшысының үстелі мен орындығы. Көзіңді арбап, айбынымен үрейіңді алып, денеңді шымырлататын үстел үстіне Москвамен тікелей байланысатын, бір ғана қоңыраумен талайдың тағдыры шешілген – қара телефон. Бір шетінде Феликс Дзержинский мен Владимир Лениннің қола мүсіні өзіңе көз алмай қараса, бір шетінде – қасығымен қырлы стақан. 1950 жылдарға дейін чекистердің жеке құрамы пайдаланған, 1925 жылы шығарылған «Наган» жүйесіндегі револьвер, ұңғысы 6,3 мм «Коровин» жүйесіндегі тапаншаны да осы мұражайдан көруге болады.

1970 жылдары пәтер ұрлығынан басталған «Картель» ауқымды әрі құпия операциясы кезінде Михайловкадағы жер үйлердің бірінің ауласынан табылған, консервіленген рубльдар да, жалпы, операцияның өзі де кішірейген қалыпта қаз-қалпында мұражайда орналасқан.

Өзге ұрлықтармен салыстырғанда бұл жолғы ұрлық жәбірленушінің мәртебесімен ерекшеленген еді. Зергерлік бұйымдары мен қымбат тоны ұрланған әйел шынында да Одаққа танымал әнші. Ұры ұсталды. Сол кезде милиция қызметкерлері киімдегі фабриканың затбелгісі жоқтығына мән бермеді. Тек, «мемлекеттік стандарттардың барлығы сақталып, мінсіз тігілген қымбат киім» деген сарапшы қорытындысымен ғана шектелді. Бірақ, қызықтың көкесі әлі алда еді. Жұмбақ тонның шығу тарихына қызығушылық танытқан қауіпсіздік қызметкерлері Ішкі істер министрлігінен жасырын жүргізген зерттеу оларды Қарағандыдан бірақ шығарды. Шынында, Қазақстан, оның ішінде Қарағанды сол кезде тері өнімдерімен Одаққа аты мәлім еді. Сапасы жағынан да, тігілуі жағынан да аңызға айналған, екінің бірінің қолы жетпейтін тері киімдерін киетіндер де ауызын айға білегендер. КОКП ОК бірінші хатшысы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы Леонид Брежневтің басындағы қаракөл папахасы да осы жерде тігілген. Криминалдық спрут ұясы – Қарағанды, ал, оған қатысы бар ретінде жоғары лауазымдағы қызметкерлер анықталды. Аса құпия жағдайда әрекет еткен чекистер қылмыскерлердің іздеріне түсті.

«1974 жылдың қысы ерекше қаһарлы болған еді. Жердің тоңы бір метрге жетеді. Үйдің ауласында көмілген банкадағы ақшаны табу үшін арнайы техника қолданылды. Күн сайын кен балғасымен бірнеше сағат қатарынан жер қаздық» деп есіне алады сол кездегі Қарағанды облысы бойынша МҚК жедел уәкілі Василий Хрустов Сол кезде табылған банкаға салынып, ауызы темір қақпақпен бекітілген рубльдерді мұражайдан көруге болады.

Суреттер департамент мұражайынан

Тәуелсіздік жылдары

ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаментінің Тәуелсіздік жылдарындағы тарихы жаңа мұражайда жинақталған. 1993 жылғы 13 шілдедегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін Ұлттық қауіпсіздік комитеті ретінде қайта құру туралы Жарлығы, Мемлекеттік рәміздер, комитеті қызметкерлерінің қазіргі арнайы киімі, сондай-ақ, ерлік көрсеткен, ерекше қызметімен көзге түсіп, түрлі дәрежедегі атақтарға ие болғандардың фотосуреттері мен биографиясы да бар.

Одан бөлек, 90 жылдары комитетшілердің түрлі операциялар кезінде алынған қолдан жасалған қаруларының да түрлерін осы жерден көруге болады. Ал, бір қабырға толығымен департамент қызметкерлерінің кейінгі отыз жыл көлеміндегі түрлі сайыстардағы жетістіктеріне арналған. Кубоктар мен медальдар, сайыс кезіндегі фотосуреттер КСРО кезіндегідей емес, түрлі-түсті. Мұның өзі Тәуелсіздік жетістігінің бір көрінісі іспетті.

Көзге көрінбейтін соғыс жауынгерлері

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстан, оның ішінде Қарағанды даңқты жауынгерлерден кенде болған емес. Тәуелсіздік жылдарында атқарылған құпия операциялар салмағы жағынан КСРО кезіндегілерден де асып түседі. Бұл – департамент қызметкерлерінің біліктілігі мен білімділігін, ұлт қауіпсіздігі жолындағы жанкештілігін тағы бір мәрте дәлелдей түседі.

Ұлттық қауіпсіздік органдарының басым бағыттарының бірі ретіндегі халықаралық терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрестегі түрлі операцияларға ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті елеулі үлес қосып келеді. 2016 жылдан бүгінге дейін Балқаш, Шахтинск, Жезқазған, Сәтбаев және Қарағанды қалаларында дайындық кезеңіндегі 5 террористік топ қызметінің жолы кесілді. Осы топтың мүшелері Қазақстан аумағында ғана емес, таяу шет елде де содырлық әрекеттер жасау жоспарының болғанын ескерсек, департамент қызметкерлерінің бұл еңбегінің өлшеусіз екенін біле беріңіз. Одан бөлек, 2016 жылы Қарағанды, Балқаш қалаларында және Гүлшат кентінде осындай топтардың бірінің қызметі тоқтатылды. «Дәстүрлі дінді ұстанамыз» деген желеумен Сирия аумағында жасырынған халықаралық «ДАИШ» террористік ұйымының тікелей қарамағындағы топ мүшелерінің көпшілігі – Гүлшат ауылының тұрғындары. Террористік шабуыл объектілерін таңдау, қолдан жасалатын жарылғыш құралдарын дайындау бойынша тиісті нұсқаулар алған топ мүшелері аймақтағы әскери бөлімдерді, сондай-ақ, адамдар көп жиналатын орындарды жаруды жоспарлаған. Қылмыскерлерді ұстау барысында лаңкестердің бірі өз-өзін жарып та жіберді. Бірақ, құқық қорғау органының да, арнайы органдардың қызметкерлері, сондай-ақ, бейбіт тұрғындар да зардап шеккен жоқ.

Департамент жалпыға мәлім «Жусан» арнайы операциясын жүргізу кезінде де шетте қалған жоқ. 2019 жылғы қаңтардан 2021 жылғы ақпан аралығында Сирия мен Ирактан 6 содыр, 25 әйел және 67 бала қайтарылды. Олардың барлығы – қарағандылықтар.

Сөз соңы

30 жылдық тарихы бар Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл күні заманауи, кәсіби әрі көпсалалы ведомоствоға айналған. Әлемдік арнайы қызметтермен иық тіресіп, қатар тұрған комитеттің ұлттың қауіпсіздігін сақтауда атқарған еңбегі – өлшеусіз. Бейбіт тұрғындар көздерімен көріп, құлақтарымен ести бермесе де, аттарын ақындар аңыз қылып, жырларына қоспаса да қарағандылық департамент қызметкерлері бүгінгі күннің батырлары деген атқа әбден лайық. «Ұлттық қауіпсіздіксіз жоқ жерде мемлекет те жоқ» деп, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері адамның, қоғамның елдің сенімді қорғаны. Олар – аспанымыздың ашықтының, бейбіт күндеріміздің, тұрақтылығымыздың кепілі. Себебі, олар ұлт қауіпсіздігі үшін жандарын құрбан етуге серт берген.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button