Ұлт тірегі – ұлттық рух
Қандай ұлттың болмасын ұлттық қасиеті тілі, діні, ділімен, мәдениетімен дараланады. Бұл қасиеттерінен айырылған ондаған ұлттардың басқа ұлттарға сіңіп, ұлт ретінде жойылып кеткені адамзат тарихынан баршаға белгілі трагедиялар екенін ұрпақтар білуі керек.
Кеше ғана басымыздан кешкен кеңестік дәуірде ұлы орыстық шовинистердің марксизм-ленинизм классиктерінің ғылыми коммунизм идеологиясының ұлттардың тоғысуы деген жымысқы қағидасын желеу етіп, жүздеген қазақ мектептері мен балабақшаларды жауып, олардың орнына орыс мектептері мен орыс тілді балабақшалар ашқаны, барлық іс қағаздары мен құжаттар орыс тілінде жазылғаны, жоғарғы, арнайы орта білім беретін оқу орындарында сабақ негізінен орыс тілінде жүргізілгені, мемлекеттік тіл орыс тілі болғаны, қалалар мен ауылдарда қазақтардың «келешегі үшін» балаларын орысша оқытқаны, ұлтты діні мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрінен, мыңдаған жылдар бойы даналықпен қалыптасқан мәдениеті мен өнерінен бездірген сұрқия ұлттық саясаты әлі жадымызда. Қазақтардың жартысына жуығының ұлттық қасиетінен жұрдай болып, мәңгүрттенгенінің зардабы бүгінгі қоғамдық өмірге де теріс әсер етіп отырғанын да жоққа шығара алмаймыз.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарынан бастап, ұлтымыздың кеңестік дәуірде ұмытылған, ұмытыла бастаған қастерлерін қайта жаңғырту мәселесі бірден қолға алынып, жоғалтқанымызды таптық, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды, ұлттық достығымыз бен ынтымағымыз, береке-бірлігіміз нығайып, жасампаздығымызбен, бейбітшіліксүйгіш өркенді үлгі-өнегемізбен әлемнің құрметіне бөленіп, әлемдік дәрежедегі ең ықпалды халықаралық ұйымдарға мүше болып, әлемнің дамыған 50 елінің қатарынан ойып тұрып орын алдық.
Ұлт саясаты мен халықаралық саясаттағы, экономикамыз бен әлеуметтік, мәдени толағай жетістіктеріміз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мемлекеттік тұрақтылыққа, бейбітшілік пен халықаралық саяси – экономикалық, мәдени ынтымақтастық пен серіктестікке негізделген даналық әрі көрегендік саясатының мәуелі жемісі.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: руһани жаңғыру» атты мақаласы еліміздегі барлық ұлттардың руһани дамуының, білім мен мәдениетіміздің, халықаралық экономикалық бәсекелестігіміздің қуаттылығының шынайы айқын, өміршең бағдарламасы екені сөзсіз.
Өзінің жасампаздық өршіл қабілетін әлемге жарқын істерімен паш еткен біздің еліміз тәуелсіздігінің алғашқы жылдарынан бастап руһани жаңғырудың бірнеше сатысынан өтті. 2004 жылы қабылданған «Мәдени мұра», 2013 жылы қабылданған «Халық тарих толқынында» бағдарламаларының аясында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып, көптеген тарихи-мәдени ақтаңдақтардан арылдық, ұлттық құндылықтарымызды түгендеп, тарихи жәдігерлерімізді бүтіндедік.
Мәңгілік Ел идеологиясын өмірінің берік арқауы еткен еліміздің ең көкейкесті мәселесі – экономикалық бәсекеге қабілетті болу. Ол үшін әуелі ең озық білім мен ғылымды, озық технологияларды меңгеруіміз ауадай қажет. Бұлар бәсекелестікке төтеп берудің, дамудың кілті екенін білуге тиіспіз және ондай жетістікке жету үшін халықаралық ғылым және экономика, қарым-қатынас тілі ағылшын тілін меңгерудің өмірлік маңызы зор. Бірақ, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте», – деп Қ. Мырзалиев айтқандай, ұлттық, мемлекеттік тілді бірінші орынға қою мемлекетіміздің әрбір азаматының қасиеті борышы екенін ұмытпауымыз керек.
Кириллицаның қазақ тіліне мүлдем сәйкес келмейтінін ғалымдарымыз айтып баққан. Елбасымыздың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керек», – деген мәлімдемесі жарияланған болатын. Бұл мәселені биылдан бастап қолға алуға нұсқау берілуін де қуана құптаймыз.
Ғылым мен техника, технология, қоғамдық, гуманитарлық білім сағат сайын қарыштап дамуда. Осы орайда әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, 2018-2019 оқу жылында студенттерді осы оқулықтармен оқытуды бастау жоспары жастарымыздың дүние жүзіндегі таңдаулы оқулықтар негізінде білім алуына мүмкіндік тудырып, руһани кемелденуімізге жарқын жол ашатын мүмкіндік.
Отан әуелі отбасынан, кір жуып, кіндік қаны тамған алтын бесік, алтын ұядан басталады. Ата-анасы, бауырлары мен туған-туысын құрметтемейтін, туған жерін сүймейтін, жанынан артық көрмейтін, оларды ойлап тебіренбейтін, сезімсіз пендесымақтардан отансүйгіштік руһы асқақ, елдің шынайы патриоты шығады деу санаға сыймайды.
Президентіміз ұсынған «Туған жер» бағдарламасы әрбір отбасында, балабақшалар мен барлық оқу орындарында қызу қолға алынып, жүйелі түрде тәрбиелік іс-шаралар жүргізілуі керек. Жас ұрпақтың балғын санасына туған жерінің қадір-қасиетін сіңіру арқылы ғана туған елінің нағыз патриоттарын қалыптастыра аламыз.
Туған жерді қадірлемегенді елі де қадірлемейді. Тойған жерімен емес, туған жерімен мақтану, қолынан келгенше туған жерін жайнатып, гүлдендіруге атсалысу әр азаматтың ардақты да абзал борышы екенін парасатпен ұғынуға тиіспіз.
Туған жерге байланысты ұлттық руһани дәстүрлерді қайта түлетіп, тарихи, киелі орындарға тәу ету салтын жастардың дағдысына айналдырудың да руһани – адамгершілік мәні зор.
Бағдарламада айтылған «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруда ең алдымен қазіргі қазақ өнеріндегі батыстық, мағынасыз, құнарсыз, ұлттық менталитетімізге жат даңғаза бағытқа мемлекеттік тұрғыдан тосқауыл қойып, жасандылық пен алаяқтыққа, пайдакүнемдікке, жастардың сана-сезімін аздыруға негізделген әнсымақтар мен музыкасымақ дәлдүріштерден арылуымыз бірінші орында тұруы керек деп ойлаймыз, ертеңімізді өкінішке ұрындыратын мұндай өнердегі жүгенсіздік ұлт мәдениеті мен ұрпақ санасына қатер төндіргелі кашан.
Елдің руһани кемелденуіне кеселін тигізетін рушылдық пен жершілдіктен құтылып, ұлттық сананың көкжиегін кеңейте отырып, тіл тазалығына, дін тазалығына, діл тазалығына, өнер тазалығына ерекше саналы талғаммен қарап, ұлттың сән үлгілерін күнделікті өмірімізде мақтанышпен тұтынатын болсақ қана толық руһани мұратымызға жететініміз кәміл.
«100 жаңа есім» жобасын жасаудың қолға алынуы да ел көңілінен шыққан игілікті шара. Еліміздің барлық өңірінде өздерінің қажырлы қайраты, ерен еңбегі, жасампаздығымен еліміздің экономикасы мен мәдени – әлеуметтік дамуына сүбелі үлес қосып жүрген майталмандар аз емес. Олардың үлгі – өнегелік істерін жұртшылыққа түрлі ақпарат көздері арқылы насихаттаудың тәлім-тәрбиелік рөлі бағдарламада ашып айтылған ақиқат.
Бағдарлама – заманымызға сай елдің руһани жаңғыруының сара жолы, кемеңгер қағидасы.
Ғазым Жарылғапов,
облыстық мәслихаттың депутаты,
ҚР еңбек сіңірген
мәдениет қызметкері,
ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы,
Жаңаарқа ауданының
Құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Ғ.Жарылғапұлы атындағы аграрлық колледждің директоры.