Ұлт рухына ескерткіш
«Ақын не жазса да, өзі туралы жазады» дейді Есенғали Раушанов. Жұбан Молдағалиев та «Мен – қазақпын!» поэмасында өзі туралы жазды. Арқалана, асқақтата жырлады. Өзі – халқы. Жастайынан көп қиындық көріп, еңбекке пісіп өскен ол көптеген тарихи оқиғаны елімен бірге басынан кешті. Ашаршылықтың зардабын, репрессияны, сұрапыл соғысты, тың игеруді, желтоқсан оқиғасын көрді. Мың өліп, мың тірілді. Яғни, өз тағдырын халқының тағдыры деп ұқты. Қара басын күйттеген жоқ. Азаттықтың ақ таңын көре алмаса да, тәуелсіздіктің орнайтынына, елінің өсіп-өркендейтініне имандай сенді. Егемендік идеясының халық жүрегінде маздауына ықпал етті. Біз мұның бәрін поэманы тұтас оқып шыққандықтан айтып отырмыз…

Поэма әдебиет майталмандары тарапынан өз бағасын алған. Мойындалған. Елдің құлағына сіңген, жадына орныққан. Демек, оның өміршеңдігі, өлмейтіндігі дәлелденді. Туынды 1963 жылдың қара күзінде басталып, 1964 жылдың көктемінде аяқталыпты. Шығарма тумас бұрын Жұбан ақын «Қазақ» деген өлең жазған екен. Яғни, ақын бұл шығарманы жазуға әбден дайындалған. Оқып отырып, үлкен дайындықты, ақынның ішкі әлеуетін, қуатын аңғарасыз.
«Жұбанның «Мен – қазақпын!» тамаша поэмасы халқымыздың, бүгінгі кәрі-жасымыздың қанатты сөзіне, мақтаныш сезіміне айналып кетті. Қазағың баяғы қағажу, мешеу ел емес. Ол – терезесі тең жұрт. Ол – талантты халық. Халқымыз бұғаудан босап, бойындағы асыл қасиет-жігерін күллі әлемге паш етті. Бұл дастанның ақын шығармаларының көш басында өрге қиялай тартқан атан түйедей, жолында жүк қалмайтын нардай биік шоқтығы.
Поэманы оқығанда Жұбанға әркім-ақ: «Сен қазақсың, сен шын ақынсың, азаматсың» деп тұратындай» депті Жайық Бектұров.
«Ақынды заман туғызады» деген қағида бар. Яғни, Жұбан ақын өзіне жүктелген миссияны уақытылы атқара білді. Поэма өткен ғасырдың 1970 жылдары тың көтерілген облыстардағы қазақша жер аттары орысшаға ауысып, 700-ден астам қазақ мектептері жабылып, оңтүстіктегі екі аудан Өзбекстанға беріліп, Қазақстанның біртұтастығы мен ана тіліне, яғни, ұлт болашағына қауіп төнген кезде ұлттық рухты көтеру мақсатында тоталитарлық жүйенің саясатына қарсылықтан туған.
Шығармада сол дәуірдің талабы мен сұранысы сақталған. Күн көсемді кездестіресіз. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда бүгінгі күннің талабымен үндес Қазақстандағы өзге этностардың теңдігі де жырланады. Отан – ортақ, жер – ортақ. Демек, ақын өткенін өшпестей тасқа басу үшін заман талабын да ескерген. Ешкімді алалаған жоқ. Бірақ, басты мақсаты – ұлт рухын ояту жолындағы күрестен бас тартпады. Мұратына жетті. Әр тараудың басында «Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген» дегенді қайталап отыруы негізгі миссиядан айнымау, ұлы мұрат жолындағы ақын жүректің бұлқынысы деп ұқтық. Он тараудың әрқайсысы қазақ халқының тарихының белгілі бір кезеңіне негізделген.
Қадір Мырзалиев поэмаға «Лирикалық-публицистикалық стилде жазылған поэма» деп баға беріпті.
Дастанда Шыңғыс хан, Жошы хан, Асан қайғы, Абылай хан, Жәңгір, Кенесары, Исатай, Махамбет Өтемісұлы, Шоқан Уәлиханов , Абай Құнанбаев, Біржан сал, Күләш Бәйсейітова, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев, Қаныш Сәтбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров сынды тұлғаларды кездестіресіз.
Ал, Ақтабан шұбырынды, Патшалы Ресейдің қазақ даласын отарлау саясаты, Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалыс, Кеңес үкіметінің орнауы, қазақ даласында өндіріс-кен орындарының ашылуы, Ұлы Отан соғысы, ғылым жетістіктері рет-ретімен қамтылған. «Ұлы аманат етейік еркіндікті, ел құлдықты білмесін, жер күңдікті. Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең, «Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті…» деп азаттықты аңсайды, ол күннің туарына сенеді. Бұл ақынның көрегендігін аңғартады.
«Жұбан поэзияда оңай жолды іздемейтін, өз творчествосына барынша қатал, жалпы қазақ әдебиеті алдындағы жауапкершілікті айнытпай ту етіп көтерген қалам қайраткері» Сафуан Шаймерденов сөзі де қорытындыдай естіледі.
Ал, жетпісінші жылдары жазылған поэма неліктен Желтоқсан оқиғасы кезінде кең тарады. Өйткені, ұлт зиялыларынан Колбиннің алдында қасқайып сөйлеп, алаңдағы соққыға жығылған, құқығы тапталған қазақ жастарын қорғап сөйлеуге батылы жеткен санаулы тұлғалар қатарында Жұбан Молдағалиев тұрды. Бірден-бір қарсылық танытқан тұлға десек те, артық айтқандық емес.
Шындығында да, Жұбан аға айтарын түгел айтты да: «Я не могу быть вашим сторонникам!» – деп, ақырын басып, мінберден түсіп кетті. Залда отырғандар сілтідей тынды да қалды. Не қол соға алмайды, барлығы тек іштей құптағаннан басқа еш әрекетке бара алмады. Өйткені, бір-бір құқық қорғаушы барлығымыздың желкемізден төніп тұрған-ды. Бірақ бір кезде залдағы тыныштықты аяқ тарсылы басып кетті. Қол соға алмаған әлеумет аяқтарымен жер тепкілеген. Құдды бір залдағылардың ішінде Жұбан – бөрі, біз – қояндардаймыз…» депті Ақұштап Бақтыгереева.
«Алаңда қыздарымның шашын жұлып, ұлдарымды дубинкамен бастан ұрып, алаң қызыл ала қанға боялғанын көргенде мен – Ұлы Отан соғысының ардагері, окопта мұз төсеніп, қар жастанған қарт солдат, мына сорақы сұмдықты көзіммен көргенше сол қанды майданда неге қаза тауып, мәңгі қайтпай қалмадым деп, осы күнді көргеніме өкіндім» деген сөзді айту үшін үлкен жүрек керек…
«Жұмыр жердің бетіндегі қай қазақ «Мен – қазақпын!» деп айтпады дейсіз. Бірақ Жұбағаңның «Мен – қазақпын!» дегені жинақталып келіп, қорғасындай құйыла қалғандай болып тұр. Жұбан ағам 23 жасында «Қазақ» дейтін өлең жазса, 44 жасында «Мен – қазақпын!» деген поэмасын жазды. Бүкіл өмірін осы арнаға салып кеткен адам ғой. Кейбір ақындарымыздың өмірі басқа, өлеңі басқа ғой…» дейді Маралтай Райымбекұлы бір сұхбатында.
– Қадыр Мырза Әлі ақын «Иірім» кітабында: «Өлгеніне емес, өліміне сенбеймін. Оның ауруы аяқ асты өле салатын ауру болмайтын…» деп жазады.
Ал, ақынның жары София Молдағалиева: «Оған да нақты дәлел керек. Жұбан ауырды. Бауырынан артық ет тауыпты. Жұбақаңды академик Мұхтар Әлиев қарап жүрді. Сол кісі «анализ алайық» деп шақырған. Анализ алған кезде әлдебір қате болып, іштен қан кеткен дейді. Қайдан білейін енді? Ешкімге жала жаба алмайсың ғой. Жұбағаң сол іштен қан кетуден көз жұмды. Қан тоқтамаған. Ауруханаға өз аяғымен барды, сүйегі шықты…» депті ақын Шерхан Талапқа берген бірсұхбатында.
«Мен – қазақпын!» деп қылышынан қан тамған қиын-қыстау кезеңде Жұбан ақын айта алды. Осы туындыны жаттап өскен ұрпақ Желтоқсан көтерілісінде жатқа оқып, рухын жаныды, намысын қайрады. Өміршең туынды ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, буын-буын жастарды патриотизмге, адамгершілікке тәрбиелеп келеді. Жоғарыдағы пікірлерден Жұбан ақынның сөзі мен ісінің бірдей екенін азаматтықтың асқан үлгісін көрсете білген біртуар тұлға екеніне көз жетті. Мұнысын сол кезде кейбіреулердің ұнатпағаны сөзсіз. Елдің бәріне ұнау мүмкін емес. Айтарын айтты, жазарын жазды. Халқы осы жырды тұмар қылып, жүрегіне ілді. Эпик ақынның бірқатар поэмасынан осы туындыны таңдады қалың оқырманы.
«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген, жөргегімде таныстым мұң тілімен» деп басталған шығарма «Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске, айта бергім келеді, айта бергім!» деп аяқталады. «Адам бір рет туылып, бір рет өлмей ме?» деген пікір поэманы толық оқымай, негізгі идеясының түйсіне алмағандардың айтып жүргені дер едік. Өйткені, қазіргі күннің өлшемімен қарасақ, заманауи оқырманның дастанды толық оқып шығуы қиын сияқты. Сылтау, қазір уақыт тапшылығы. Өмірлік мұратынан айнымау, қаламға адалдықтан тайқымау, сөз бен істің сәйкестігіне адал болуы Жұбан сынды батыр мінезді қайсар ақындарға бұйырған бақ. Келіспей көріңіз.
«Сөзбен де ескерткіш тұрғызуға болады екен. Жұбан Молдағалиевтің «Мен – қазақпын!» поэмасы қазақтың рухына тұрғызған ескерткіш деп есептейміз» депті жазушы Жүсіпбек Қорғасбек. Біз де сөзімізді осылай аяқтағымыз келеді…
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz