Жаңалықтар

Ұлт мәйегін ұлықтаған орталық

Артық айтқанымыз емес, Қарағанды – мәдениеттің алтын аймағына айналып тұр. Республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі түрлі мәдени іс-шаралар Арқа жерінде абыроймен өтіп жүр. Бірақ, біздің айтпағымыз басқа. Жылына жүздеген рухани кеш өткізіп жүрген орталық бар. Олардың таудай еңбегі көбіне көрінбей, тасада қалып жатады. Шындап келгенде, облыс­тық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдіс­темелік орталығы үлкен жүк арқалап жүргенін ел-жұрт біле бермейді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарайтын бұл орталық түрлі мәдени кеш өткізгеннен бөлек, ән-күйлерді таспаға басады, ақындардың өлеңдерін жинақтап, қағазға түсіріп, кітап қылып шығарады. Мұның өзі ілкімді ізденісті, қажырлы еңбекті қажет етеді. Бір жылда облыстық, республикалық, тіпті, халық­аралық деңгейде 26 фестивальді ұйымдастыру, оның біріне-бірі ұқсамауы үшін іздену, ол осы орталықтың қолынан келеді.

Тіпті, орталық ұйымдастыратын мәдени кештер дәстүрге айналып та үлгерді. Үзбей, жылдағыдан ерекше етіп ұйымдастыру – осы ұжымның жауапкершілігінде. Бұл мәдени орталық жауапкершіліктің үдесінен үнемі шығып келеді. Сөзіміз дәлелді болу үшін тоқтала кетелік, күні кеше өткен облыстық Мартбек Тоқмырза атындағы «Жымиясың сен неге?» атты әзілкештер фестиваль-байқауы үзілмей, өтіп келе жатқалы қашан. Жыл соңында өтетін Мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов атындағы жылдың үздіктеріне, ақын-жазушыларына, қоғам белсенділеріне табысталатын бұл сыйлық Арқа мәдениетінің ажырамас бір бөлігіне айналғандай.

«Армысың, әз Наурыз!» атты облыстық жас ақындар айтысын Қарағанды жұрты күтеді. «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі ақын-жыршылар сайысының да өз орны бар. «Сарыарқаның жаңа есімдері» облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығының байқауы арқылы жаңа таланттарға жол ашып келеді. Дәстүрге айналған «Сарыарқа әуендері» атты тағы бір байқау арқылы қазылар алқасы жер-жерді аралап, көркемөнерпаздар ұжымдарының қатысуымен тақырыптық театрландырылған концерттік бағдарламалардың куәсі болып жүр. Бұл арқылы ұлттық мұраны сақтап қалуды, мәдени ұжымдардың шеберлігін шыңдауды көздейді.

Жоғарыда жаза кеткеніміздей, орталықтың баспа ісіндегі бастамаларын да ауыз толтырып айтуға болады. Мағауия Хамзиннің «Күмбір-күмбір күй төккен, күйден күмбез тұрғызған» атты күйлер жинағы, композитор Төребек Құтжановтың «Сағым күндер» атты ән таспасы, Ержан Базарбековтің «Арқа аруы» және «Тау ішіндесі», Саят Әбдіғалидың «Бауырым әнім» таспасы, Жақсыкелді Кемаловтың «Айбозым», «Домбыра досым» атты қос ән жинағы, Құрмаш Ыбышевтің «Дариға-ай, сол қызы», Дәуренбек Әркеновтің «Сырнайым – сазды сырласым», Ғалым Мұхамединнің «Алтын кесесі» секілді бірнеше әнші-күйшінің таспаларын басып шығарған орталықтың бұл еңбектері тарихта сөзсіз қалады. Бұл бағыттағы жұмыстар да әрі қарай жалғасып келеді. Былтыр әнші-композитор Амангелді Ахметжановтың «Сарыарқа таланттары» жобасы аясында жарық көрген «Айналайын» атты әндер жинағының тұсауы кесілген еді. Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің Тәттімбет атындағы академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің домбырашысы, педагог Сәлім Ізтөлеуовтің музыкалық ұжымдарға арналған «Шыңырау» жинағы шығарылды. Міне, осы секілді із боп қалатын, ел кәдесіне жарайтын құндылықтарды дәріптейді орталық ұжымы.

Әрбір өткізетін кештің сценарийі, онда өнер көрсететін өнерпаздар, сахнаның безендірілуі, қонақтардың тізімі, оларды күтіп алып, шығарып салу, жоспарланған нөмірдің жарасымды шығуы, сахналық киімге дейін жауап беретін де – бір өзі орталық. Айрандай ұйыған ұжым бұл міндеттердің бәрін мінсіз атқарып жүр. Әсіресе, орталықтың былтыр­ғы ұйымдастырған мәдени кештері елдің аузында әлі жүр.

Атап айтатын болсақ, Балқаш қаласындағы Ақшағыл кентінде (Рембаза) Көкше теңіздің жағалауындағы «Балқаш Tourfest – 2023» фестивалі елдің есінде ерекше сәтімен қалды. Жағажайдағы екі күнге жалғасқан жайдарлы сәт туризмнің тынысын аша түсті десе де болады. Осы бір ауқымды іс-шараның жинақы өтуінде де орталықтың орасан еңбегі бар.

Одан кейінгі ол – «Ортеке» облыстық фестивалі. Қазақтың төлтума өнерінің барлығын қамтыған фестивальге барлық қала-аудан қатысты. Қалыс қалған ешкім жоқ. Айтпақшы, орталық былтыр Кеншілер мәдениет сарайының кәде залында Түркі халықтарының этникалық тарихы мен мәдени мұрасы бойынша білімді дәріптеу мақсатында «Ортеке» шеберлері мен орындаушыларының қатысуымен облыстық семинар-практикум өткізген еді. Ұлы мәдениеттің көрінісі ұлықталған мұндай мәдени кешті биыл да өткізуге ниетті. Орталықтың басшысы Индира Қанафина «Ортеке» фестивалін халықаралық деңгейде өткіземіз деп отыр.

Бүлдіршіндерді де назардан қалдырмай келеді. Оларға арналған бірнеше фестиваль мен мерекелік кеш ұйымдастырады. Мәселен, дәстүрлі түрде өтіп жүрген «Еркетай» облыстық фестивалінде балабақшалар мен балалар үйлерінің 3 пен 7 жас аралығындағы тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетеді. 7 жастан 14 жасқа дейінгі балалар үшін вокалдық, би жанрларында, бейнелеу өнері мен көркемсөз оқуда шығармашылық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін «Жаңа есімдер» облыстық байқауы да бар. Мұнымен қоса, «Керемет» балалар шығармашылығының телевизия­лық жобасы да бүлдіршіндердің ықыласына ерекше бөленген. Мүмкіндігі шектеулі жандарда мұндай байқаулардан шет қалып жүрген жоқ. «Жан шуағы» атты облыстық фестивалі ерекше жандардың қабілеттері мен таланттарын ашуға мүмкіндік сыйлап жүр.

Түрлі семинар, тренинг, шеберлік сағаттарын өткізу де орталықтың басты міндетіне кіреді. Иә, одан нәтиже де бар. Мәселен, аудан, ауылдағы мәдениет үйінің қызметкерлері үшін «Балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын ұйымдастыру мәселелері» атты облыстық семинар ұйымдастыр­ған еді. Орайы келгенде атап өтуіміз қажет, орталық ауылдағы мәдениет үйлерін үнемі назарында ұстайды. Музыкалық аспаптардың бар-жоғын, сахналық киім қорын түгендеп отырады. Бұған жауапты ұжым мүшелері табан тоздырып, жер-жерді аралап, жоғарыдағы мәселемен айналысады. Яғни, ауылдағы клубтардың қамымен де жүгіреді. Бірнеше мәдени қызметкерлердің бұл жиыннан алған білім-тәжірибесі кәдеге жарап отыр. «Жастар аудиториясымен жұмыс істеудің заманауи үрдістері» атты орталық ұйытқы болған семинар да көптеген жасөспірімге септігін тигізді.

Ұлы тұлғалардың, өнер ­және мәдениет қайраткерлерінің, ақын-­жазушылардың мерейтойын, мұнымен қоса аудан-қалалардың атаулы жылдарын атау­сыз қалдырмайтын да – осы ұжым. Мұнымен қоса, басқа мерекелік күндерді атап өтіп жатады. Соларға негізделген барлық мерекелік бағдарламалардың басынан аяғына дейін ұжым қызметкерлері жүреді.

Орталық құрамына әкімшілік, халық шығармашылығы бөлімі, мәдени-сауық жұмыстарын ұйымдастыру, мемлекеттік шығармашылық тапсырысты іске асыру, кіші қызмет көрсету персоналы, мониторинг, талдау және әдістемелік жұмыс секілді бөлімдері және «Қуаныш» балалар үлгілі хореографиялық ансамблі кіреді. Ансамбльдің атағы алысқа жеткен. Бірнеше әлемдік сахналарда өнер көрсетіп, бақ-жұлдыздары биіктен жарқырап келеді. Мұнымен қоса, орталықтың жанында Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының облыстық филиалы да жемісті жұмыс істеуде. «Зерде» жылжымалы мәдени-сауық кешенінің де атқарып жүрген миссиясы үлкен. Ел мен жерді аралап, концерттер ұйымдастырады.

Осындай үлкен жүк арқалаған орталық сәйкесінше қолдауды да қажет етеді. Бұл мекеме Кеншілер мәдениет сарайы ғимаратының 210 шаршы метр аумағын (үш кабинет пен бір киім бөлмесі) паналап отыр. Сахнасы жарық, дыбыс, бейне жабдықтарымен толық қамтамасыз етілген, дыбыс жазу студиясы мен арнайы костюм бөлмесі бар жеке ғимарат болса дейді. Тіпті, қаражатты сыртқа шығармай, өз ішінде шағын баспахана ашып алу ойлары бар.

Таудай еңбек етіп жүрген ұжымның талап-тілегі бүгін-ертең орындала қоймайтынын және білеміз. Біздікі ұйысқан ұжымның көпшіліктің көзіне көріне бермейтін еңбегіне ел-жұрт қанық болса деген ой. Олай болса, орталықтың еңбегі еленсе деген біздің тараптан лебіз бар.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button