Жаңалықтар

Ұлт мүддесін қорғаған ғалым

Өмірін Қазақстан ғылымына адалдықпен арнаған ғалымдардың бірегейі Арқа жерінде туып, әлемге аты жайылған Бақия Атшабаров. ХХ ғасырдың 30-жылдары Сарыарқаның алтын тәжі аталған Қарқаралыдағы зоовет техникумында оқып, қанатын қияға сермеп ұшқан жас Бақия Алматыдағы медицина институтына оқуға түсіп, 1942 жылы бітіріп шықты. Оның өмір жолын зерттеу барысында жинақталған құжаттардан оқу бітірген жас маманның Қызыл әскер қатарына шақырылуынан оның екінші дүниежүзілік соғыс майданына қатысқандығын анықтадық. Сонымен қатар Қызыл әскер қатарындағы Бақия 32-ші жекеленген танк полкінің санитарлық қызметтің аға дәрігері ретінде жауынгерлерді ажалдан сан мәрте арашалады. Осы ерлігі үшін ол ІІ мәрте «Қызыл жұлдыз», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен және медальдармен марапатталды. Сол марапаттардың ішінде 1945 жылы 25 сәуірде майор Бақия Атшабаровқа совет одағының бас қолбасшысы маршал Сталиннің Германияны қоршаудың аяқталуына байланысты берілген Алғыс хаты бар екен. Ал Майданнан келген соң 1946 жылы оның ғылым саласындағы өмір жолын шартты түрде 4 кезеңге бөліп қарауға болады.

Сурет автордан

Бірінші кезеңі – 1946-1950 жылдардағы Қазақ ССР ҒА-дағы аспиранттық кезеңі. Осы кезеңде болашақ ғалым Өлкелік патологиялық ғылыми-зерттеу институтында жас ғалым аспирант ретінде ғылымда алғашқы қадамдарын жасайды.

Екінші кезең – 1952-1984 жылдардың аралығында ғылымдағы өз орнын нық таныған кіші ғылыми қызметкер, директордың орынбасары, институттың директоры деңгейіне көтерілді.

Үшінші кезең – 1984-1994 жылдары институттың ғылыми кеңесшісі ретінде Қазақстан медицина ғылымының негізгі салаларының қалыптасуына және дамуына ерекше үлес қосты.

Төртінші кезең – 1996 жылдан өмірінің соңына дейін институттың Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің гигиена және эпидемиология ғылыми-зерттеу орталығының құрметті директоры ретінде Тәуелсіз Қазақстанның медицина саласының дамуының теориялық және практикалық негіздерінің тұжырымдамасын жасады.

Біздің жерлесіміздің медицина саласындағы ерен еңбегінің бағалануы мынадан көрінеді: 1961 жылы Қазақ ССР-на еңбек сіңірген дәрігері, 1968 жылы медицина ғылымының докторы, 1969 жылы профессор атағына ие болды. 1975 жылы Ұлттық академияның корреспондент мүшесі. Ал, 1999 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы мемлекеттік жүлденің иегері атанған. Осындай ерен еңбектің нәтижесінде Бақия Атшабарұлы 2000 жылы «Құрмет» орденінің иегері, 2003 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі атағына ие болған көрнекті тұлға. Ғалымның 200-ден астам кешенді еңбектері жарық көрген. Оның ғылыми жетекшілігімен 28 жас зерттеуші ғылым докторы және 250 ғылым кандидаттары ғылым саласына өз үлесін қосатын атақты ғалымдар атанды. Осы ғалымдар өз ұстазының ғылыми жұмыстарының негізгі бағыттарының дамуына өз үлес­терін қосты. Соның бірі бүгінгі күні «Саламатты Қазақстан» ұлттық бағдарламасының негізгі теориясы мен практикасының авторы – академик Төрегелді Шарманов.

Академик Бақия Атшабаровтың Семей полигонындағы ядролық сынақтарының зардаптарымен қатар тағы да ерекше зерттеген мәселелерінің бірі – еңбек гигиенасы және түсті металдар өндірісіндегі мұнай өңдеу саласындағы кәсіби аурулардан сақтандыру, қорғасынның зардаптарынан адамның жүйке жүйесіндегі өзгерістер және ауыл тұрғындарының денсаулығын сақтау мен дұрыс тамақтану туралы ғылыми зерттеулер. Осындай ерен еңбектің ең қиын кезеңдері 1957-1960 жылдардағы оның тікелей басшылығымен Семей аймағындағы ядролық қаруды сынаудың жергілікті халықтың денсаулығына тигізген әсері жөніндегі кең көлемдегі ғылыми экспедиция жұмысы болды. Экспедиция барысында адам ағзасына әсер еткен радиоактивтік материалдардың зардабын ғалым «Қайнар» синдромы деп атады. Бақия Атшабаровтың жинаған объективтік ғылыми ақпараттары полигон аймағында және оған жақын жерде орналасқан халыққа зиянды екенін көрсетіп, ғалым өзінің арнайы мақалаларында дәлелдейді. Бірақ та 1961 жылы Мәскеуде өткен (ӘӨК) әскери өнеркәсіп кешеннің  генерал-лейтенант А.Бурназиян бастаған өкілдері және биофизика институтының директоры профессор А.Лебединскийдің тобы «ядролық сынықтың адам денсаулығына зияны жоқ» деп Бақия Атшабаров жетекшілік еткен ғылыми экспедицияның ғылыми қорытындысын  жоққа шығаруға ұмтылды. Қасиетті Абай туған жердегі 40 жылдан астам жасалған ядролық сынақтың зардаптарының қазақ халқының денсаулығына ғана емес, әлемдік экологияға да зардабын тигізгендігін бүгінгі күні әлем жұрты білді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, Семей полигонының ядролық зардаптарын дәлелдеген Бақия Атшабаровтың бастауымен жүргізілген кешенді экспедицияның ғылыми нәтижелері туралы 12-томдық еңбек бар екендігі белгілі болды. Алайда бұл еңбекті Кеңес үкіметінде Қауіпсіздік Комитетінің тікелей бақылауымен беймәлім күйде сақталып келген. Б.Атшабаровтың Семей полигонындағы ядролық сынақтың зардаптары туралы кезінде дәлелденген ғылыми жаңалығы «Невада-Семей» антия­дролық қозғалысын тудырды және Семей полигоны жабылып, бүгінде оның арманы орындалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Семейде онкологиялық диспансердің радиологиялық орталығы ашылып, балаларды оңалту орталығы салынуда және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы іске қосылды.

Бақия Атшабаровтың еңбектерінде бүгінгі күні тау-кен өндірісі кеңінен дамыған Орталық Қазақстанның өнеркәсіп орындарындағы экологиялық және жұмысшылардың денсаулығы мен өндірістегі қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлу туралы ұсыныс­тары жан-жақты, нақты дәлелдермен берілген. Соның ішінде қорғасыннан, мұнайдан, көмірдің шаңынан уланудың қауіптілігі туралы ғылыми-зерттеулері бүгінгі күнде өзекті болып саналады. Оның еңбектеріндегі ғылыми қорытындылар бүгінгі Қарағанды шахтасындағы өзекті мәселенің бірі екендігі ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында жазылып, Мемлекет басшыларының назарын аударған.

Бақия Атшабаровтың әмбебап ғалым екенін мақтанышпен айтуға болады. Оның еңбектерінің ішінде тарихты жазуда тарихи деректерге ерекше көңіл бөлгендігін көруге болады. Қарқаралы жеріндегі таңбалы тастардың маңыздылығы туралы бірнеше мақала жазған. Сонымен қатар қазақ халқының салт-дәстүріне, тіліне байланысты да терең тұжырымдамалық пікірлерін білдірген еңбектері бар. Сондай мақалаларының бірі – «Очерки по истории народный медицины Казахстана» мақаласында ғалым Ұлы Дала еліндегі қазақ халқының емшілерінің ауруды анықтау (диагноз қою) емдеу тәсілдерінің маңыздылығына тоқталады. Қазақ фольклорындағы аурудың алдын алу және емдеу жолдарының әртүрлі тәсілдерін көрсете келе, тарихи этнографиялық материалдардан қазақ қоғамындағы бақсылықтың шығуын және оның емдеуін баяндайды. Осы мақаласында халық медицинасындағы ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан емдеу тәсілінің бірі сүйектің сынығы, шығып кеткен сүйекті қалпына келтіру әдістерінің қазіргі травматология ғылымында өз орны бар екенін көрсеткені. Ғалымның жан-жақты білімдар екендігін археологиялық қазбалар кезіндегі табылған ота жасаған адам сүйектерінен сонау көне замандағы дәрігерлік қабілеті бар интеллектуалды адамдар өмір сүрді деген қорытынды жасауынан да көруге болады. Атақты ғалым тек қана медицина саласында ғана емес қоғам дамуындағы адамның тарихи рөлін де тани білген тұлға. Сондықтан да, оның еңбектерінде бүгінгі күні отандық тарихымыз­дағы арнайы зерттеу тақырыбына айналған «Тұлғатану» және «Күнделікті өмір тарихы» нақты деректерді талдағандығын көруге болады. Олай болса, Бақия Атшабаровтың «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу бағытына қосқан үлесін жеке зерделеуге болады деп ойлаймыз.

Сарыарқадан шыққан әлемге аты танылған жерлесіміз Бақия Атшабаровтың рухани мұрасын зерделей келе, бүгінгі қазақ еліндегі өзекті мәселелердің бірі – тіл туралы ұстанымдары екенін білдік.  Оның 1959 жылы 15 наурызда «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Терминдік сөздерді дамыту туралы ойлар» деген мақаласында былай деп өзекті мәселені көтеріпті: «… Біз тіл маманы емеспіз. Бірақ ана тілі бәрімізге бірдей қымбат… Мәдениеті жоғары деп саналатын халықтардың қай-қайсысын алсақ та олардың бай әдеби тілі бірте-бірте жетіккен… Қазақ тілі – құнарлы, сөзге бай тіл. Халқымыз жердің байтақтығына байланысты сан саналы тұрмысында әр алуан еңбек етіп, кәсіп қылған, осыған байланысты қазақ тілінде қазіргі ғылымның өндірістің, тұрмыстың басқада саласына орай көптеген қажетті терминнің негізі бар. Біз сол негізді дұрыстап пайдалана білсек сөздік қорымызды байыта түсуге мүмкіндік толық. Бірақ қазір солай жасап отырмыз ба? – Жоқ… Осымен байланысты үнді халқының бір әңгімесі ойға түседі. Онда бір адам оқымыстыға: Дүниеде не оңай, не қиын деп сұрақ береді. Сонда оқымысты тұрып: «Біреуге кеңес беру оңай, ал оны орындау қиын» – деп жауап беріпті. Біз тіл мамандары тілдің тазалығы үшін күресуші, өндіріс, ғылым және мәдениеттің өсуіне байланысты жаңа терминдер жасаушы, жаңадан шыққан терминдерді дұрыс жолға қоятын қамқоршы болса екен деп тілейміз». Ғалымның осы пікірінен бүгінгі қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтудің бірден-бір жолы – яғни, жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарда жаңа терминдерге ұлттық мазмұн бере отырып, жаһандану жағдайында оларды ғылыми айналысқа енгізуге болады деген тұжырымдамалық негізін көруге болады.

Біздің пікірімізше, бүгінгі Әділетті Қазақстан үшін ғалым-академик Бақия Атшабаровтың ғылыми рухани мұрасының тағылымы – қоғам алдындағы адамның денсаулығына ерекше көңіл бөлу. Ұлттық салт-дәстүрді бағалау, тасқа жазылған тарихтың маңызын түсіну, туған өлкенің тарихына деген құрмет, жастарға деген сенім, киім киюде, тұрмыс­та, қызмет орнында қарапайымдылық, сонымен қатар, ғылымның әр саласын ұлттық мүдде тұрғысынан зерттеу оның ұлтжанды азамат болғандығын көрсетеді.

Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған АР 19678527-И-23 «Семей ядролық полигонындағы сынақтардың зардаптары «ядролық отарлау» саясатының нәтижесі ретінде» атты Жобаны іске асыру мақсатында жазылды.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,
 «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор

Басқа материалдар

Back to top button