Ұлытау

Ұлт Көшбасшысы – ұлы тұлға

   Әлемдегі аса қуатты алып мемлекеттердің бірі – Кеңес Одағы ыдырап, егемендіктің ауылы жақындап келе жатқан тұста ертеңіне алаңдаған халықтың беймаза күй кешкені баршаға мәлім. Сондай өтпелі кезеңде елдің тізгіні біліміне білігі сай, саяси-экономикалық үдерістердің қыр-сырын жетік меңгерген жауапты тұлғаның қолында болуы тиіс еді. Ел бағына орай, дер кезінде дұрыс таңдау жасалып, Қазақстанның тағдыры танымал саясаткер Нұрсұлтан     НАЗАРБАЕВТЫҢ қолына зор сеніммен табысталды.

Ширек ғасырдан астам уақыттан бері сол сенім мінсіз ақталып келеді. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы орындалып, Көк туымыз көкте еркін желбіреді. Әнұранымыздың әлемдік ареналар төрінен шырқалуы қалыпты құбылысқа айналды.

Мемлекетті басқару тізгінін қолға алғаш алған сәтте Елбасы қазақстандықтарға алдағы өмірдің жеңіл болмайтынын, алайда, жақсы күндерге бірлік пен татулық, іскерлік пен қабілеттілік арқылы жетуге болатынын ескертіп, туған халқын тұғырлы биіктерге бастауға уәде еткен болатын. Ұлағатты ұстанымын тереңдете түскен Ұлт Көшбасшысы елдегі тыныштық пен бірлікті мызғымас берік қалыпқа түсірді, әлеуметтік-экономикалық даму үдерістерін жоғары деңгейге жеткізді. Тұрғындардың тұрмыстық әл-ауқаты артып, тәуелсіз мемлекеттің сыртқы елдермен қарым-қатынасы қанатын кеңге жая түсті.   Нәтижесінде Қазақ елі әлемде өзіне тән жасампаз үні бар ықпалды мемлекеттердің қатарына қосылды.

Тарихи өлшем тұрғысынан алғанда аз ғана мерзім аралығында Қазақстан талайды таң қалдырып, еріксіз тамсандырған, өзгелерге өнеге боларлық сипаттағы бәтуалы істерге батыл түрде бара білді. Ондаған жылдар бойы барша қазақ халқының қасіретіне айналған Семей полигонының Тұңғыш Президент Жарлығымен жабылуы – соның айғағы. Сол арқылы Қазақ елі жер-жаһанға өшпес өнеге көрсетті, әлем жұртшылығының алдында абыройы асқақтады.

Білімді, тәрбиелі ұрпақ – кемел келешек кепілі деп білетін Елбасы оқу-тәрбие мәселесіне де ерекше ден қойып келеді. Соның айғақты дәлелі – «Болашақ» бағдарламасының қолданысқа енгізіліп, зеректігімен дараланған жас буын өкілдерінің шетелде білім алуына  қолайлы жағдай тудырылуы. Бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі беделді оқу орындарын тегін оқып, тәмамдаған жалынды жастар қауымы өз Отанының қарыштап дамуы жолында еңбек етуде.

Елбасының төл перзенті, әлемдегі ең жас, ең әдемі қала Астана – барша қазақстандықтардың мақтанышы. Сайын дала төсінде тотыдайын таранған сұлу Елордамыз – Нұрсұлтан Әбішұлының алысты болжайтын көреген саясатының арқасында Сарыарқаның бел ортасында бой түзеді. Дамыған елдер басшыларының әр құрлықтан арнайы келіп, адамзат мүддесі үшін мәміле жасайтын қасиетті ордасы ретінде мойындалды.

Ұлт Көшбасшысы – Ұлы тұлға. Ел ертеңі саналатын жас буын өз Президентіне еліктеп өсуі тиіс. Себебі, туған халқының ыстық ықыласына бөленген дара бітімді азаматтың кез келген бастамасы – болашаққа салынған сара жол. Тәуелсіздік, бірлік, тұтастық ұғымдары – кейінгі ұрпақтың еншісіне қалар теңдессіз асыл мұра. Жас өскін осы түсінікті жүрегінің төрінде сақтауы – шарт.

 

Гүлсұлу БАЛДУОВА,

«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени      

және табиғи

қорық-мұражайының         

сектор меңгерушісі.               

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button