Ұлт Анасы
Анам десем, артық емес. Менің шешеммен жасы тұстас. Раушан Жылтыбаева арқылы Алматыға шақыртты. Осыдан 7-8 жыл бұрын болу керек. Бардым. Бұрынғы Калинин мен К.Маркс көшелерінің қиылысындағы пәтеріне. Төсегінен екі ұмтылып тұрған бетте маңдайымнан емірене сүйді. Сүйегіме дейін еріп кете жаздады. Басында Ұлы Мағжанның кітабы жатыр екен.
-– Айналайын, Томар ауылым, Тас Темірші тауым, Мейірханым аман ба? – деді жанарына жас үйіріліп.
– Апа, тау орнында, ауылыңыз аман, Мейірхан балаңыз Жүсекеңдей үлкен ұстаз қазір, – дедім.
Елге, жерге, балаларына деген сұрапыл сағынышы шүпілдеп тұрды тұла бойында. Дастархан жайғызып қойыпты. Хабиба анам Қарқаралыдан екенімді біліп отыр. Руымды сұрамады. Әкемнің әкесін сұрады. Айттым.
– Е, айналайын, Әлихан атаңды Думаға сайлаған Спанның болыс Әміресі салдырған Аққораның біздің ауылға қарай шығатын кезеңдегі Ақөлкеде ғой қораларың, – дегенде шалқамнан түсе жаздадым.
Мағжанды жатқа оқитыны бір басқа, менің аталарымның қорасы қай жерде екенін дөп басып айтқанда Хабиба анамыздың жадына шын мәнінде таң қалдым. Диктофонымды қостым. Өз басынан өткен, халқы кешкен қайғы мен қасірет, қуаныш пен мерей, М.Әуезов, Қ.Қуанышбаев бастаған марғасқалар туралы естеліктерін шамам жеткенше жазып алдым. «Орталық Қазақстанда » бір бет болып жарияланды. Кейін батасын берді Хабиба анамыз.
Бір ғасыр ғұмыр кешуді екінің бірінің маңдайына жазбайды. Хабиба анамызға Алланың рахымы түскен екен. Домалақ анамыздай, Қарқабат анамыздай Хабиба анамызды Ұлт Анасы десек артық болмайды.
Жаныңыз жәннатта, рухыңыз көкте, аруағыңыз артта қалған бүкіл қазақ халқын желеп-жебеп жүрсін.
Мағауия СЕМБАЙ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.