Жаңалықтар

Өлкетанушы Тарас

Қазақ халқының кеңпейілдігі мен дархандығы талай ұлттың басына бақ болды. Тілі мен дініне қарамастан көптеген өзге ұлт өкілдерін бауырына басып, адал асын ұсынды. Тонның ішкі бауындай жақын араласты. Солардың бірі, Қарқаралы қаласының тұрғыны, әуесқой фотограф, өлкетанушы Тарас ВИНТОНЯК.Тарастың атасы Михаил Ивановичті белгілі суретші, жерлесіміз Кәріпбек Күйіков былай ша еске алады: «1959­60 жылдары болуы керек, менің әкем Егіндібұлақтағы СПТУ­да жұмыс істейтін. Күндердің күнінде Украина училищесіне студенттер алып келуге барады. Жолда жұмыстарымен Қарағандыда қалып қояды да, студенттерді автобусқа отырғызып жібереді. Қыс мезгілі. Жолда көлік апаты болып, біраз студенттер қайтыс болады. Тірі қалғандардың ішінде Тарастың да атасы болған. Ол кісі кейіннен Егіндібұлақта тұрақтап қалып қойды. Тамаша адам еді. Біздің ауылда орыс, украин, молдаван, неміс ұлтының өкілдері болды. Бәріміз тату­тәтті өмір сүрдік, реніш деген болмайтын, тамақты бөліп ішіп, мерекелерді бірге тойлайтынбыз. Олар біздің салт­дәстүрімізге үйреніп, қазақша сөйлеп, ұрпақтары қазақ болып кетті десе де болады». Тарастың әжесі Аминат Османқызы, ұлты – ингуш, 1944 жылы отбасымен Қазақстанға жер аударылады. Тарас Балқантаудың баурайында 1992 жылы дүниеге келеді. Кейіннен Қарқаралы қаласына қоныс аударады. Әкесі Игорь Ұлттық табиғат паркінде, анасы  Анар Толымбекова балабақшада қызмет жасайды. Өзі Қарқаралы ұлттық табиғат паркінде өрт сөндіруші болса, бауырлары Руслан аудандық ауруханада хирург, Аслан мектеп қабырғасында. Әкесі де, бауырлары да қазақ тілін жетік меңгерген…

Тарас кішкентайынан нағашы атасы Жақсыберген Толымбеков пен әжесі Қадиша Бөжейқызының есті әңгімелерін тыңдап өседі.

Көкірегі қазынаға толы қос қария жиен немересінің санасына ата­жұрт пен тектілік деген құндылықтарды сіңіре береді. Тарас ес жиып ержеткен шағында, бала күнінде әжесі айтқан ұлы нағашылары Тобықты еліне барып, құран бағыштап қайтты. Текті ананың ақыл­парасаты мен Тарас қазақы құндылықтарды бойына жиып,  шежіреге терең бойлап, өлке тарихын зерттеуге ден қояды. Қазақ жеріндегі әулие ата­бабаларының басына барып тәу етеді.

Тарас табиғат аясында жиі жүреді. Қарағай мен қайың көмкерген көк тауларды, жылдың төрт мезгілінде түрлі түске еніп құлпырып тұратын жасыл желекті орманға сүйсініп, керемет көркем дүниелерді суретке түсіруді қолға алады. Тарас түсірген суреттерді басқа біреулердің қайталап түсіруі мүмкін емес. Ол көрген сұлулықты басқа ешкім көре алмауы мүмкін. Себебі, әр адамның жан­дүниесі өз алдына бір бөлек әлем. Оның суреттері көбіне биіктен түсірілген. Әрбір адамның аяғы жете бермейтін биік жерлерге шығып, жан­жағын жіті шолып, бір бейне табу, оны әр қырынан көркем етіп түсіре білудің өзі – Тарастың батылдығы мен шеберлігі деп білген жөн. Әр түсірген суретінде ашық реңк басым. Тіпті, көлеңкенің өзі тау сілемдерінің бір бөлігін ғана жапқанымен, қалған жері күннің шұғылалы нұрына малынып тұрады. Ол үшін орман ішін аралап, тау­тасқа өрмелеу қорқынышты емес. Жалғыз жүрсе ойы жинақы. Бар болмысымен пейзаж түсіру қызығына кіріп кетеді. Солай жүріп, жолында кездескен қоқыс қалдықтарын да жи най жүреді. Бұл қанына сіңген үйреншікті әдеті. Ол туған жердің тұмса табиғаты топтастырылған алғашқы фото альбомын «Красоты Каркаралы» деп атады.

Тарас Игоревич сурет түсіре жүріп, оның астарына терең үңіледі. Содан болар, өлке тарихына деген қызығушылығы оянып, Қарқаралының тарихын зерттеуге баса назар аударып жүр. Ескі қорымдар мен ғимараттардың тарихын зерделеп, зерттеуде. Құнанбай қажы мешітінің тарихы, онда қызмет еткен имамдар туралы жетік біледі. Көнекөз қариялармен әңгімелесіп, қағазға түсіріп отырады. Белгілі өлкентанушы Ерлан Мұстафин мен бірге тарихи деректер жинақтау үстінде. Жылына екі мәрте Алматыдағы орталық мемлекеттік архивке барып туған жерінің тарихына қатысты мәліметтер жинап жүр. Мәди Бәпиұлына қатысты тың деректермен танысып, қажетті мағлұматтар алып қайтты. Тұйық. Бірақ, шаруасына ұқыпты, істің адамы. Талабы таудай, мақсаты айқын Тарастың ендігі жоспары алдағы уақытта туған жерінің әсемдігі мен тарихын паш ететін кітап шығарып, сурет көрмесін ұйымдастыру.

«Талаптың мініп тұлпарын, тас қияға өрлеген» Тарас Винтонякқа сол айбынды биігіңнен түспей, шабытың таси берсін демекпіз.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button