Үлкен ауылында АЭС құрылысы басталғаны туралы ақпарат жалған
Әлеуметтік желілерде Алматы облысы Үлкен ауылында атом электр станциясының (АЭС) құрылысы басталғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ortalyq.kz baq.kz сайтына сілтеме жасап.
Алматы облысы Жамбыл ауданының әкімдігі бұл деректі жоққа шығарды.
Бейнероликте, болжам бойынша, “Google Maps” онлайн сервисы арқылы құрылыс объектілері көрсетіледі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ондағы нысандардың атом электр станциясы екені шындыққа жанаспайды.
– Бейнежазбада көрсетілген нысан 2011 жылы Балқаш жылу электр орталығы (ЖЭС) құрылысы жобасын жүзеге асыру кезінде салынған инфрақұрылым. Жоба көмірмен жұмыс істейтін жылу электр станциясының құрылысын қамтыды. Жоба аясында тиісті инфрақұрылымның, соның ішінде жұмысшыларға арналған тұрғын кенттің құрылысы басталды. 2014 жылы «Балқаш жылу электр орталығы» жобасын жүзеге асыру тоқтатылды, – деп хабарлады әкімдіктен.
Сондай-ақ, Жамбыл ауданының әкімдігі онлайн-сервистің картографиялық деректеріне түзетулер енгізу және жалған ақпараттың одан әрі таралуына жол бермеу үшін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) өтінім жіберілгенін мәлімдеді.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА