ЖаңалықтарРуханият

Өлке тарихының алтын сандығы

2022 жыл – Қарағанды облысының мемлекеттік архиві үшін мерейтойлық жыл. 1937 жылғы 19 желтоқсанда Қарағанды қалалық атқару комитеті Президиумының «Қарағанды мемлекеттік архив басқармасын ұйымдастыру және облыстық, аудандық мекемелердің, кәсіпорындардың, колхоздардың, МТС совхоздарының және ауылсоветтердің архив материалдарын ретке келтіру туралы» қаулысы қабылданғаннан бері 85 жыл өтті.

СУРЕТТЕ: архив қызметкерлері Әлия Омарханова мен Әсел Жалғасбекқызы

85 жыл бойы архившілер өздерінің басты қызметі – Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорын құруға, оны сақтауға және қоғамның даму мүддесінде жан-жақты пайдалану ісімен шұғылданып келеді.

Қазіргі таңда Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде Қарағанды облысының экономикасы мен мәдениетінің жайкүйі, әлеуметтік-құқықтық және экономикалық дамуы туралы құнды ақпараты бар жазба және электронды нұсқада 800 000-ға жуық құжат сақталуда.

Мекемелер мен кәсіпорындардың құжаттарымен қатар Қарағанды облысының көрнекті қоғам және саясат, мәдениет қайраткерлерінің, жазушылардың, ғалымдардың, спортшылардың, Ұлы Отан соғысына, Ауған соғысына қатысушылардың, алғашқы құрылысшылардың және т. б. 100-ге жуық жекеленген қор сақталған.

Қоғамдық сананы қайта құру, дәстүрлі құндылықтардың оралуы тарихи процесті шынайы дерек арқылы тануға көмектесетін архив құжаттарына деген қызығушылықты айтарлықтай арттырды. Мұның бәрі мемлекеттік архивтің тек құжаттар қоймасы ретінде ғана емес, мәдени-ағартушы, патриоттық және адамгершілік қасиетті нығайтатын орталық ретінде маңызының артуына ықпал етті.

Архив құжаттарына қол жеткізуді теңдестіру, оларды құпиясыздандыру, өлкетануды жаңғырту Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жылдарында Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің оқу залына келетін зерттеушілер санының артуына себеп болды. Ғалымдар, өлкетанушылар, зерттеушілер ғылыми еңбектер жазу үшін қажетті ғылыми-тарихи және дереккөздік археографиялық базаны құра бастады.

Зерттеушілер қатарында кәсіби тарихшылар, өлкетанушылар, студенттер мен оқушылар басым, сондай-ақ облыстың түрлі мекемелерінің өкілдері де кездеседі. Архивтің оқу залында отандық зерттеушілерден басқа жақын және алыс шетелдік ізденушілері де жұмыс істейді. Айта кету керек, шетелдік зерттеушілер Қазақстан тарихына қатысты құжаттарды жиі зерттейді. Мемлекеттік архивте Америка және Канада ғалымдары «индустриалды Қазақстанның, Байқоңыр ғарыш айлағының, тау-кен өнеркәсібінің, ғылыми-өндірістік кәсіпорындардың даму тарихы, елді мекендердің, қала құраушы кәсіпорындардың тарихы» тақырыбы бойынша, Франциядан келген ғалым Қазақстандағы табиғи қауіп және апаттар тарихы бойынша архивтік құжаттармен жұмыс істеді. Финляндияның Ұлттық архиві профессорының міндетіне Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде сақталатын және Финляндия тарихына қатысы бар құжаттарды анықтау және іріктеу кірді. Жапония, Румыния, Италия зерттеушілері әскери тұтқындардың тағдыры туралы құжаттарға қызығушылық танытты. Германия мен Украинаның діни қызметкерлері діни ағымдардың тарихы туралы архивтік құжаттарды жинады. Докторлық диссертациялар жазу барысында Польша, Германия және Шешенстан ғалымдары Қарағанды облысындағы қуғын-сүргінге ұшыраған халықтардың тарихы жайлы архив құжаттарын пайдаланды.

Қазіргі таңда Қарағанды қаласының ЖОО, колледж студенттері мен мектеп оқушылары үшін «Архив және болашақ ұрпақ» республикалық жобасы аясында Ашық есік күнін өткізу архивтік құжаттарды пайдалануды ұйымдастырудың өзекті нысаны болып табылады.

Соңғы уақытта зерттеушілерге, мұрағат мекемелерінің мамандарына ғылыми, өлкетану және өзге де мақсаттарда ақпаратты жедел іздестіруде және пайдалануда, сондай-ақ әлеуметтік-құқықтық және тақырыптық сипаттағы сұраныстарды орындау үшін 1936-2011 жылдары Қарағанды облысының әкімшілік-аумақтық құрылысы бойынша, Қарағанды облысының колхоздары мен совхоздарының тарихы бойынша, денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінің тарихы бойынша, Қарағанды қаласының көшелері бойынша анықтамалықтар дайындалды; Қарағанды облысындағы арнайы қоныс аударушылар туралы, қарағандылықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы, халық ағарту тарихы туралы, тың және тыңайған жерлерді игеру, ХХ ғасырдың жастар қозғалысы, Қарағанды облысы конфессияларының тарихы, Қазақстан Халқының Кіші Ассамблеясының құрылу тарихы туралы және т.б. құжаттар мен материалдар жинақтары жарық көрді.

Мемлекеттік архивтің ақпараттық қызметінің нысандарының бірі – жеке және заңды тұлғалардың заңды құжаттар мәртебесі бар, қазақстандық және шетелдік азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында архив құжаттары бойынша орындалған архивтік анықтамалар, архивтік үзінді көшірмелер, архивтік көшірмелер түріндегі сұрау салуларын орындау болып табылады.

Қазіргі қоғам құжаттамалық қамтамасыз етуді реттеуге, электрондық құжат айналымын енгізу мәселелерін шешуге архив қызметінің көбірек қатысуын талап етеді.

Архив құжаттарын пайдалану саласында ақпараттық-технологиялар маңызды рөл атқарады. Қазір бұл басым бағыт болып табылады, соның арқасында Қарағанды облысының мемлекеттік архивінде жаңа IT технологиялар енгізілуде. Архивтің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру үшін қағаз және аудиовизуалды ақпарат құралдарында сақтау бірліктерінің әр түрін цифрландыру арқылы бірыңғай деректер базасы құрылады. Архив ісінде ақпараттық технологияларды қолдану әртараптандырылуда, олар архив жұмысының барлық бағыттарына біртіндеп еніп, күнделікті архив өмірінің ажырамас бөлігіне айналуда.

СУРЕТТЕ: архив қызметкері Жеңіс Райсов

Өткенге көз жүгіртсек, Қарағанды облыстық архив қызметінің қалыптасу кезеңі мен тарихи байлықты ғана емес, тарихи ақиқатты сақтау жолында өз жұмысын асқан ынта-ықыласпен атқарып, ондаған жылдар бойы өте күрделі, кейде тіпті мүмкін емес міндеттерді шешкен, аса қиын кезеңде архив ісіне адал болған Қарағанды облысының архив қызметінің бірінші басшылары И.О.Мознаим, С.Ниязбеков, Д.Смаилов, Ф.П.Гордиенко, Т.Жолшорин сияқты азаматтардың еңбегі орасан зор. Қарағанды облысының архив қызметін кешенді қайта құруды бастаған облыстық мемлекеттік архив директоры А.Ф.Кутищева, сондай-ақ Н.Әділов, С.Рахымбеков, Т.И.Толмасова, А.В.Ефременко, А.Д.Волкова, М.О.Қадыртаева, Л.А.Мандлер, В.М.Логушкина, Л.Х.Колоскова, М.Ф.Назарова, М.И.Доронина және басқа да қызметкерлер өзіне бекітіліген учаскедегі ең құнды құжат дереккөздерін жинау және сақтау үшін барлық күш-жігерін жұмсаған архив ісі саласының майталмандары екенін айта кету керек.

Архив – тарихтың қайнар көзі, өткеніңе үңілдіріп, санаңа жарық саңылау сыйлар тарихи құнды құжаттар ордасы. Тарихқа үңілетін болсақ, алғашқы архив қоры сонау Бөкей ордасында Жәңгір ханның заманында құрылған. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Жылыстап аққан жылдар жетегінде түрлі оқиғалар мен атқарылған істер жайлы естелік-қолжазбалар жинақтала келіп, бірегей архив құжаттарында сақталады.

Осыған орай Қарағанды облысының Мемлекеттік архивінің көмір саласының жеке құрам бойынша филиалы мұрағаттар және құжаттама бөлімінің бұйрығымен 2001 жылдың 1 қаңтарында құрылды. Филиалдың архив қорында Қарағандыкөмір өндірістік бірлестігінің ұйымдары мен кәсіпорындарының, сондай-ақ Костенко, Горбачев, Күзембаев, Байжанов, Қазан төңкерісінің 50 жылдығы атындағы шахталар, Стахановская, Майқұдық, Қарағанды шахталарының, «Спецшахтамонтаж» басқармаларының жеке құрамы бойынша құжаттар сақталуда. Олар Қарағанды көмір бассейнінің қалыптасуы мен даму тарихын бейнелейді.

Қазіргі таңда архивист мамандығы ерекше орын алады. Архив қызметкерлерінің жұмысы қоғамдағы жаңалықтармен тығыз байланысты, онсыз тарихи шындықты анықтау, объективті тарих құру мүмкін емес. «Архивші – мамандық емес, адам бойындағы қабілет» деген сөз бар. Дәл осы көрсеткіш архив қызметкерлерінің өз ісіне деген адалдығын анықтайды.

Алмас ТӘЖІҒҰЛОВ, 

Қарағанды облысы Мемлекеттік архивінің басшысы

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button