Қаражал

Өлке шежіресінен – отандық тарихқа

     Сырға толы қазақ даласының тарихи деректерін сақтап, оны келер ұрпаққа табыстау – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Ұлттық код» айдарынан туындап отырған өзекті тақырып десе болады. Осы орайда, Ұлттық архив – ұлт мұрасының алтын ордасы, төл тарихымыздың алып діңгегі екені баршаға аян. Қазақстан даласының, оның әр қаласының шежірелі тарихы бар. Соларды жинақтап, сақтау және қорғау архив саласы қызметкерінің борышына айналғаны сөзсіз.

Күні кешегі Ұлы Отан соғысындағы майдангерлердің қиян-кескі ерліктерінің өзіне ертегідей қарайтын бүгінгі жастар санасына ел тарихын білу қаншалықты маңызды екенін жеткізу міндет бізге. Еліміздің бір түкпірінде орналасқан біздің өңір – шағын ғана қала болғанына қарамастан, отандық тарихта ойып алар орны бар үлкен мекен. Ашылу тарихы отты жылдармен байланысты аймақ шежіресін қала архиві шашау шығармай жинақтап, сақтап келеді. 1942 жылдан бергі алғашқы геологиялық барлау жұмыстарынан басталған Қаражал қаласының құжаттарын жинақтауға ат салысқан, қазіргі күні құрметті зейнеттегі архив басшылары мен архившілерді атамай кетуге болмас.

Қазақ ССР министрлер Советінің 1985 жылғы 15 шілдедегі №248 қаулысы негізінде «Қазақстан Республикасы мұрағат ісінің жағдайын жақсарту шараларын ары қарай жетілдіру мақсатында, Жезқазған облыстық атқару комитетінің 1986 жылғы 13 тамыздағы №424/14 бұйрығымен облыстық мұрағат бөлімінің ұсынымы қабылданып, Қаражал қаласының атқару комитетінің халық депутаттар кеңесінің шешімімен 1986 жылғы 26 тамызда шаруашылық есептегі жеке құрам бойынша мұрағат құрылды». Алғашқы мұрағат директоры болып Роза Цой тағайындалды. Мұрағат небары 38 шаршы метрді құрайтын шағын бөлмеде 3 бірліктен тұратын штаттық кестемен жұмысын бастады. Қалада жұмыс атқаратын мекемелердің құжаттарын мемлекеттік сақтауға қабылдап, ал, қаржыны сол қор құраушы мекемелер аударып отырды. Алғашқы сақтауда жеке құрамның құжаттарымен қоса екі мың тоғыз жүз жетпіс бірлік, 1983-1985 жылдар аралығындағы 19 мекеменің құжаттары сақталды. Қаламызда мұрағат ашып, оны жүйелеп, үлкен істің іргетасын қалау оңайға түскен жоқ.

1989 жылдың 8 қыркүйегінде мұрағатты Нина Захаренко басқарды. Нина Ивановнаның кезінде штаттық кесте бір бірлікке артып, 34 қор, 17651 бірлік құжат, оның 2711 тұрақты сақтауда, 14940 жеке құрамның істері жинақталды. Нина Ивановнаның тұсында еліміз елеулі өзгерістердің куәсі болды. Кеңес өкіметінің заманы өтіп, жаңа тәй-тәй басқан мемлекетіміз құрылды. Осы тұста мұрағат саласының жаңа дәуірі басталды десек, артық айтпаған болар едік. Қазақ Елінің жаңа тарихи кезеңдерінің куәсіне айналған мұрағат, тың серпін алып, сан қиындықтарға мойымай, өз ісін жалғастыра берді.

1992 жылы 21 тамызда облыс басшысының №205/7 шешімімен Қаражал қаласының жеке құрам бойынша шаруашылық есептегі мұрағаты Жәйрем-Атасу еркін экономикалық аймағының біртұтас мұрағаты болып қайта өзгертілді. 1993 жылдың 1 мамырынан бастап мұрағат тізгінін Алла Шкурат иеленді. Кеңес заманында жұмыс атқарған алып мекемелер мен өндірістер тоқтап, қала тұрғындары сыртқы үлкен қалалар мен жұмыс орындарына, тіпті, алыс-жақын шетелдерге көшу қарқын алып, қаңыраған бос үйлер мен кәсіпорындар көңілге үрей туғызғанымен, шағын ғана мұрағатшылар ұжымы ертеңгі күнге сеніммен қарап, өз жұмыстарын атқара берді. Міне, осындай тоқырау кезеңнен бастап, он бес жыл тынбай еңбек ете отырып, Алла Максимовнаның тұсында 87 қор, 34 441 бірлік құжат сақтауға қабылданды. Мұрағат саласына сіңірген ерен еңбегі үшін Алла Максимовна «За доблесный труд», «Еңбек ардагері» медальдарымен, облыс әкімінің, облыстық басқарма басшысының және қала әкімінің грамоталарымен марапатталды. Өз ісін адал атқарып, мұрағат ісін жандандыруға орасан зор үлес қосқан білікті басшы осы орнынан құрметті зейнетке шықты.

Архивтің негізгі жұмысын атқарушы архившілер екенін ескерсек, 1996 жылдан бастап, 2009 жылы зейнетке шыққанға дейінгі уақытын құжаттарды мемлекеттік сақтауға қабылдап, істерге ғылыми-техникалық сараптама жасап, тұрақты сақталатын істерге тізімдемелер мен ғылыми-ақпараттық дәйектемелер әзірлеп, мекемелерге әдістемелік көмек көрсетумен айналысқан архив ісінің ардагері Лидия Лободаның есімі біз үшін аса құрметті. Осы салада сіңірген еңбегі үшін Лидия Григорьевна қала мен облыс әкімдерінің грамотасымен марапатталды.

Қай мемлекеттің болмасын, қоғамдық-саяси, экономикалық, рухани өмірі, жалпы бар болмыс-тіршілігі құжаттарынан көрініс тауып, уақыт өте келе тарихына айналатына белгілі. Қазіргі таңда архивте Қаражал-Жәйрем аумағының экономикалық, мәдени-әлеуметтік дамуы бойынша бай ақпараттар бар. Зерттеушілер үшін бұл құжаттар таптырмас құнды деректер болып табылады. Тұрақты сақтауда 119 қор қалыптасқан, 1942-2015 жж. қамтитын 42604 бірлік іс бар. 6 жеке текті қор, 2 коллекция фотоқұжаттармен, 1 коллекция видео құжаттар жинақталған.

Құжаттар арасында жеке текті қор құжаттары ерекше орын алары сөзсіз, себебі, бұл құжаттар сол дәуір адамдарының өлке тарихымен тығыз байланысты өмір деректерімен қатар, жинақтаған қолжазбалары, кеңес заманының құжаттары мен фотосуреттері, қала дамуына қосқан маңызды үлестерін анықтайтын құрал болып табылады. Бүгінгі күнде Қаражал қаласының Құрметті азаматтары және Ұлы Отан соғысының ардагерлері құжаттарының топтамасы, Атасу кен басқармасының еңбек даңқы және жауынгерлік музейінің директоры Алексей Алсуфьевтің, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Оңал Сәдуақасованың, жергілікті жазушы-журналист Төлеухан Ильясовтың, ақын, жазушы Кентай Қырықбайдың, Қаражал қаласының еңбек ардагері Әби Даулеткерімовтің жеке құжаттары мемлекеттік сақтауға қабылданған. Жеке текті қор иелерінің құжаттары шағын қала тарихымен терең байланысқан деректерге толы, ертеңгі күн үшін салмағы мен сабағы мол дүние. Қазірдің өзінде сұранысқа ие бұл жинақтардың келер ұрпақ үшін құндылығы шексіз екені анық.

Жинақталған қорларының негізінде қаланың 50 жылдық мерейтойына орай архив ұжымы «Қаражал қаласының шежіресі», Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай «Солдаты великой войны» кітаптарын және «Қаражал қаласының мұрағатына – 30 жыл», «Ұстаздық – ол адамның жүрегінде» атты шағын жинақтарды басып шығарды.

Архив саласы жылдан-жылға дамып, замана сұранысына сай жаңа қарқын алуда. Мәңгі өшпейтін мамандық иелері бұл күні халық игілігіне еңбек етуде. Қала тарихының деректі куәсі болған мұрағат бүгінде жаңа құжаттармен толығып, Ұлттық архив қорын толтыруға үлкен үлес қосуда. Тарихи деректер құндылығы жыл санап артуда, ендеше, сол құнды құжаттарымызды мемлекет пен халық мүддесіне жарату – бүгінгі архивтердің қасиетті міндеті.

Талғат ҚАСЫМОВ,

Қаражал қаласы мемлекеттік

архивінің басшысы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button